Мой сайт
Сейсенбі, 16.10.2018, 19:17
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2008 » Желтоқсан » 4 » Баланы құртатын – ойын автоматтары
Баланы құртатын – ойын автоматтары
20:08
 
Баланы құртатын – ойын автоматтары

Соңғы уақытта  iшiмдiкке салыну, нашақорлық тәрiздi дерттердiң қатарына ойынқұмарлықты да қосатын болдық. Ойынқұмарлық қауiптiлiгi жағынан нашақорлықтан да асып түседi. Айырмасы, нашақорлықпен бүкiл әлем жұмыла күресiп жатса, ал ойынқұмарлықпен оған абайсызда тап болған жеке адам ғана күреседi. Нашақорлық пен алкогольден емделу қандай қиын болса, ойынқұмарлықтан арылу да  аса оңайға соқпайтын  көрiнедi. Қазiргi кезде нашақорлық, шылым шегу мен iшiмдiкке салынудан емдейтiн арнайы орталықтар ойынқұмарлықты да қолға алыпты.

Өткен жылы қабылданған «Ойын-сауық бизнесi туралы» заң өзiнiң қауқарсыздығын көрсеттi. Үйлердiң бұрыш-бұрышынан жасырын түрде ойын автоматтарын заңсыз ашып алғандар жетiп жатыр. Оның үстiне, ойынқұмарлық – тек казино мен ойын автоматтарынан туады деп кiм айтты?  Компьютер ойындары, лоторея билеттерi, интер­нетке тәуелдiлiк – бұл да ойын­құмарлықтың бiр түрi. Айта кететiнi, қазiр елiмiзде ойынқұмарлық дертiне ересектермен қатар, жасөспiрiмдер мен балалар да көптеп шалдығатын болыпты.

Ойынқұмарлықтың  медицина мен психологиядағы ресми атауы – лудомания («лудос» латын тiлiнде – «ойын» дегендi бiлдiредi). Лудома­ниямен ауыратындар жеңiл-желпi жолмен ақша тапқысы келетiн адамдар десеңiз, қатты қателесесiз. Мұндай ойынға құмартатындардың iшiнде күйбең тiрлiктен бой жазып, бiр сәт тыныққысы келетiндер де, жалғыздық пен басындағы пробле­масын ұмытқысы келетiн ерекше әсер iздегiштер де бар.  Лудоманияға шалдығу үшiн бiрер аптаның өзi жетiп жатыр. Алғашқыда жеңiске жетiп, азғантай ақшаға құнығып алған ойыншы жетiстiкке үнемi жете беремiн деп ойлайды. Сөйтiп, қал­тасындағы соңғы тиынынан қағыл­ғанша мол қаржыға кенелетiндей күй кешедi.

Ал әр жеңiлiс олардың бойындағы құмарлық отын одан сайын қоздыра түседi. Осылайша, бiрнеше ай бойы тiрнектеп тапқан ақшасы­нан не өмiр бойы жинаған дүние-мүлкiнен бiр сағатта ұтылып, тақыр кедей болып шыға келедi. Бұл дерттен дер кезiнде емделмегендер өмiр­дегi мақ­саты мен тұлғалық қасиетiн бiржолата  жоғал­тып,  психи­калық ауруға душар болады.  

Ойынқұмарлыққа ере­сек­­терден гөрi жасөспi­рiмдер көбiрек шалдығады.  Алғаш­қыда балалар  ком­пьютер мен интернет ойындарын қызық үшiн ойнап көредi. Атыс-шабысқа толы Сoun­ter-strike, Diablo II ойындары баланы мониторға байлап қояды. Артынша, ойын­құмар бала­ның есiл-дертi ойынға кетiп, сабақ  оқу, ұйықтау, тiптi тамақтануды ұмытады.  Ойын­ға тым құ­мартқан баланың психи­касы бұзы­лып, жүрек, қан тамыр ауруларына ұшы­райды. Әлем­де компью­тер ойнай­мын деп, «ойыннан қайтпай» қайтыс болған балалар да жетерлiк.

Ойынқұмар балалары «бас ауруына» айналған ата-аналарды кездестiру қиын емес. «Балам үй маңындағы клубтан шықпайды, – дейдi көршiм Нина апай, – «Клуб» деп жазып қойғанымен, онда кәдуiлгi ойын авто­маттары тұр. Қаланың қақ ортасын­дағы ойын авто­маттарын құқық қорғау органдары қалай байқамай жүр?». «Қала­ның қақ ортасы» деп тұрғаны – Н.Тiлен­диев көше­сiндегi (Абай даңғылынан сәл ғана төмен)  бұрынғы дүкен­нiң ғимараты. Және бiр таны­сымның ұлы Тастақ базарының төңiрегiндегi (Бру­силовский мен Төле би көшелерiнiң қиылысы) ойын-сауық клубына жиi барып тұрады. Тапа-тал түсте ойын автоматтарын ашып қойып, кәсiбiн емiн-еркiн жүргiзiп отырған кәсiпкердi құқық қорғаушылардың  ерен санамағаны  таңғалдырады.

Артынша балаларды ойын­­құмарлыққа итерме­лейтiн компьютер клубтары мен жұмысын заңсыз жүр­гiзiп отырған ойын авто­маттары ғана емес екенiн анықтадық. Байқаға­нымыз­дай,  iрi әмбе­бап дүкенде­рiн­дегi балалар көңiл көтеретiн парктер де ойынқұмарлықты оятуы мүмкiн. Мәселен, «Мега-орталықтағы» Babylon паркi. Онда түрлi ойын автоматтары, роллердром, аттракциондар мен қарсы­ласыңды лазерлi қару­дан атуға болатын кибер-лаби­ринт бар. «Бабилондағы» төлемдер арнайы кар­точ­калар арқылы жүргiзiледi. 5000 шаршы метр аумақты алып жатқан «Баби­лонның» iшi қараңғылау, даңғырлаған  музыка мен жарқ-жұрқ еткен оттар адам басын айнал­дыратын­дай. Ойын автомат­тарының iшiн­дегi өтiрiк ақша мен ойын­шықтарға қызық­қан бала­лар­дың ата-анасынан қыл­қыл­дап ақша сұрағанын өз көзi­мiзбен көрдiк. Бiрдi-екiлi ата-ананы сөзге тарттық. «Балам осында жиi келгiштеп кеттi. Төлем карточкасын үнемi толтырып тұрамын. Екi сағат ойнау үшiн орта есеппен үш мың теңге қажет. Бұл жер маған ұнамайды, мына оттар мен қара түнек көз ауыртады, ал ойын автоматтарының даусы мен музыка құлақ жарады. Қысқасы, бұл – бала көңiл көтеретiн орын емес, бүлдiршiндерге арналған кiшiгiрiм казино тәрiздi», –  дедi баласын жетектеп алған Әлия есiмдi келiншек. Осыдан кейiн балаларға арнал­ған ойын автоматтары бүлдiр­шiндердi болашақ казино ойыншыларына айнал­дыр­майды деп көрiңiз.

Лудоманиядан емделу үшiн ұзақ уақыт, күш-жiгер мен төзiмдiлiк қажет. Елiмiзде  ойынқұмарлықтан емдейтiн арнайы реабе­литациялық орталықтар бар. Соның бiре­уiне телефон шалдық. Тұтқа­ның ар жағындағы дәрiгер лудо­манияны емдеу үшiн психологиялық тәсiл­дердi қолданатынын айтты. «Ол үшiн сiзге ең алдымен, дәрiгер кеңесiнен өту керек. Ол – жетi мың теңге. Ары қарай емделу үшiн кем дегенде отыз мың теңге жұмсайсыз. Бiр аптаның iшiнде ауруды кодтаймыз. Сонан кейiн аурудан толы­ғымен айығу үшiн ай сайын дәрiгер қа­былдауынан өтуiңiз қажет».

Не де болса, құмар ойын­ға түп-тамырымен балта шабу әзiрге әлемдегi бiрде-бiр мемлекеттiң қолынан келмей отыр. Сондықтан ауруға тап болғанша, оның алдын алған дұрыс. Балаңыз ойынқұмар­ға айналмасын десеңiз, оның бос уақытын қадағалап, компью­тер клубтары мен ойын авто­маттарына баруына тыйым салғаныңыз жөн. Баланың демалысын тиiмдi үйлестiру де  – ата-ананың қолында.

Елнұр Бақытқызы.

Жас Алаш

Просмотров: 3192 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 5.0/1 |
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Желтоқсан 2008  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz