Мой сайт
Сейсенбі, 20.11.2018, 20:19
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2008 » Желтоқсан » 26 » Психотерапияның арт-терапевтік бағытын практикалық жүзеге асыру
Психотерапияның арт-терапевтік бағытын практикалық жүзеге асыру
20:41

 

Психотерапиядағы көптеген әдістемелердің арасында салыстырмалы түрде жаңа, бірақ жеткілікті түрде ықпалды тәсіл ретінде арт-терапияны атауға болады. «Арт-терапия қазіргі замандағы адамның арта түсетін қажеттілігінде оның проблемаларына, өмірдегі сәтсіздіктеріне немесе өзін толық емес жүзеге асыруындағы мәселелерге жұмсақ, экологиялық тұрғыда келуіне байланысты толығымен сәйкес келеді» (Макаров В.В, 2001).

Біздің елімізде әлі арт-терапевтік мектеп қалыптаса қойған жоқ, дегенмен жер-жерлерде талпыныстар бар.

Арт-терапияның түрлерін жіктеуде оның мынадай формаларын қарастыруға болады: клиникалық, психодинамикалық, адамгершілік (гуманистік), транстұлғалық (трансперсоналдық) және басқалары. Жұмыс істеудің екі негізгі нұсқасы бар: жеке және топтық. Арт-терапевтті қажетінше дайындау керектігін атап өткен жөн.

Арт-терапияны жүргізу барысында творчестволық өзін білдіру кезінде күшті эмоциялардың сыртқа бұрқ етіп шығу қауіпі бар. Бұл кезде ұстамды және тәжірибелі жетекші болмаса, топ мүшелерінің кейбіреуі өз сезімдеріне тұншығып қалуы мүмкін. Психотикалық ауытқулары бар жеке тұлғалар (индивидтер) әркезде өзінің бұрынғы жарақаттаушы тәжірибесіне қайтып оралуға әзір: көбіне көркемсуреттік творчество процесі кезінде символикалық түрде өздерінің санадан төменгі бөліктегі күйзелістерін интегрирлеуге және санамен түсінуге шамасы жетпейді Сhampernowne, 1970-1971).

Қазіргі кезде топтық тәсілдер барынша кең тараған, өйткені барынша «үнемді», құнды социалдық ептіліктерді дамытуға мүмкіндік береді және топтық психотерапияға тән көптеген жетістіктерді иеленеді.

Топтық арттерапияның бірнеше нұсқалары бар:

1. Ашық студиялық (көбіне құрылымға бөлінбеген);

2. Талдаулық (аналитикалық);

3. Тақырыптық – бағытталған.

Арт-терапевтік сессиялар тек тақырыптар бойынша ғана емес, өткізу кезеңі бойынша да құрылымға жіктеледі.

Мынадай кезеңдер ажыратылады:

1. Кіріспе және «қыздыру» (сессия уақытының 10-25%-і);

2. Бейнелеу жұмысының кезеңі (сессияның жалпы уақытының 30-40%-і);

3. Сессияны талқылау және аяқтау (сессияның жалпы уақытының 35-40%-і).

 

№1 сабақ.

1. Кіріспе: «Танысу».

«Келіңіздер, кезектесіп өз аттарымызды айтайық және де еш ойланбасынан есімдеріміздің алғашқы әріпінен кез келген сөз құрастырып, бұл сөзді қандай да бір ишаратпен білдірейік. Шеңбер бойында келесі отырған адам өз атын айтпас бұрын алдыңғы адамның есімін, оның сөздерін айтады және олардың ишаратын көрсетеді».

Одан әрі – топқа қатысушылар шеңбер бойымен отырады.

«Біздің танысуымызды жалғастырайық. Ойыңызбен мынадай жағдай қалыптасты деп елестетіңіз. Сізге материалдық әлемнің қандай да бір нысанына, жануарға немесе өсімдікке айналу қажет. Ойланыңыз және айтыңыз, сіздің қандай нысанды, қандай жануарды немесе өсімдікті таңдағаныңызды».

Танысудың бұл нұсқасы творчестволық процесс механизмінің біреуін белсенді етеді. Мұнда проблеманы логикалық құралдармен (сол жартышарлық процесстер) бірнеше рет өңдеу және оны образдық формаға ауыстыру, пайда болған идеяларды тәжірибенің мазмұнымен ассоциация жасау (оң жартышарлық процесстер) болады.

2. Сабақтың тақырыбы: «Дүниеде жоқ жануар». «Дүниеде жоқ жануарды ойлап табыңыз және оны дүниеде жоқ атпен атаңыз».

Зерттеу тәсілі психомоторлық байланыс теориясымен құрастырылған. Психиканың жағдайын тіркеу үшін моториканы зерттеу қолданылады (атап айтқанда, қозғалыстың графикалық ізі, сурет түрінде бекітілген сурет салушы доминантты қолдың моторикасы). И.М.Сеченов бойынша, психикада пайда болатын кез келген пайымдау, бұл пайымдаумен сабақтас кез келген бағыт қозғалыспен (қимылмен) аяқталады. Егер реалды қозғалыс қандай да бір себептерге байланысты жүзеге аспаса, онда сәйкес келетін бұлшық ет топтарында жауап беруші қозғалысты жүзеге асыруға қажетті энергияның белгілі бір кернеуі қордаланады (пайымдауға – ой).

Сонымен, мысалы қорқынышты шақырушы образдар мен ой-пайымдаулар аяқ мускулатурасы және қол бұлшық еттері топтарындағы кернеуді белсенді етеді. Бұл жауап қорқыныш жағдайында қашу немесе қол көмегімен қорғану үшін қажет. Қозғалыстың бағыты бар: алыстау, жақындау, еңкею, көтеру, құлау. Суретті салып, орындағанда қағаз парағы (немесе картина полотносы) кеңістік моделі болып табылады және бұлшық еттің жағдайымен басқа кеңістікке деген қатынасты, яғни пайда болған бағытты бекітеді. Кеңістік өз кезегінде күйзелісті (толғанысты) эмоционалдық бағалаумен, уақытша кезеңмен (қазіргі, бұрынғы, болашақ), сондай-ақ болмыспен немесе психикалық идеалдық – ойлану жоспарымен сабақтас. Тест материалдарын санадан өткізгенде психомоторлық байланыстардың жалпы заңдылықтарынан басқа кеңістікке деген көзқарасты да ескеруге тура келеді. Символдармен символдық геометриялық элементтердің және фигуралардың операция жасаудың теориялық нормалары қолданылады. («Практикалық психологиядағы психологиялық көмек және консультация беру» профессор М.К. Тутушкинаның редакциялауымен, 3-ші басылым, Санкт-Петербург, 2001 жыл).

3. Талқылау және кері байланыс.

 

№2 сабақ.

1. Қыздыру:

Топ қатысушылары шеңбер бойымен отырады.

«Қазір әрқайсысыңыз кезектесіп, өз орындықтарыңызды алып шеңберге кіресіздер, және кезекпен шеңберде қалғандардың қарсы алдына отырасыздар, олар сізге күтпеген сұрақ қояды. Сауалды қойып, оның жауабын күтіңіздер».

Жаттығу, ойлаудың икемділігінің, дәлдігінің, ерекшелігінің дамуына бағытталған және әдетте көңілді өтеді.

2. Сабақтың тақырыбы: «Танысуды жалғастыру».

Бұл жаттығудың міндеті – сөзге жүгінбей, суретті қолданып өзін топта таныстыру.

Нұсқалары:

«Сіздің өмір салтыңызды бейнелейтін плакат салыңыз; суретте өз қызығушылықтарыңызды, құндылықтарыңызды, отбасын, достарыңызды, кәсіп түрін көрсетуге тырысыңыздар; түс, түр және сызық көмегімен өз өміртанымыңыздың ерекшеліктерін бейнелеңіз».

3. Талқылау және кері байланыс.

 

№3 сабақ.

1. Қыздыру:

Қатысушылар шеңбер құрып отырады. «Мен сіздерге жануардың аты жазылған карточка таратамын. Аттар екі карточкада қайталанады. Өз карточкаңызды оқыңыз, одан соң басқа жерге қойыңыз. Әрбіріңіздің міндетіңіз - өз жұбыңызды табу. Мұнда кез келген көрнекі құралдарды пайдалануға болады, бірақ ештеңе айтпайсыз және «өз жануарыңызға» тән дыбыстарды шығармайсыз. Өз жұбыңызды тапқаннан соң мен: «Сіз кімсіз?» деген сұрақ қоямын. Жаттығу аяқталғаннан кейін пікірлеріңізбен бөлісуге болады. Сіз өз жұбыңызды қалай тапқаныңыз туралы әңгімелеп беріңіз».

Жаттығу өзіңізді еркін сезінуге, көрнекі мінез-құлықты (қылықты)         дамытуға, басқалардың әрекетіне мұқият болуға ықпал етеді. Ал екінші жағынан басқаларға түсінікті болатын өзіңізді білдірудің сондай құралдарын іздеуге жол ашады.

2. Сабақтың тақырыбы: «жануарлар» фрескасы.

«Қазір әрқайсыңыз жеке парақшаға қандай да бір жануардың суретін салады, бояйды және фигурасын қиып алады, одан соң барлық фигураларды қабырғадағы немесе едендегі үлкен қағаз параққа бекітеміз.

3. Талқылау және кері байланыс.

 

№4 сабақ.

1. Қыздыру:

Қатысушылар шеңбер бойымен отырады. Бапкердің қолында доп бар. «Қазір біз бір-бірімізге доп лақтыратын боламыз, мұнда доп лақтырған кезде – қандай да бір түсті атаймыз, ал допты қағып алған кезде – сондай түсі бар нысанды (объектіні) атаймыз. Мұқият боламыз және айтылып кеткен түс пен нысандарды қайталамауға тырысамыз және сіздердің әрқайсыңызға жұмысқа қатысуға мүмкіндік береміз».

Нұсқауда зат емес, «нысана» деген сөзді қолдану ассоциацияның туындауына үлкен мүмкіндіктер береді.

2. Сабақтың тақырыбы: «портреттер».  «Сіз өзіңізді белгілі суретшімін деп ойлаңыз және сізді танымалы көрмеге шақырып және аздап өз автопортретіңізді таныстыруды өтінді. Сізде дайын жұмыс жоқ және сондықтан сіздің өз автопортретіңізді салуыңыз керек. Есіңізде болсын, творчество – бұл өте интимдік процесс, сондықтан басқалармен кеңеспей өз бетіңізше жұмыс істеңіз. Және де – сіз өз жұмысыңызға қолтаңба қалдырмаңыз».

Жұмыс біткен кезде, барлығы шеңбер бойымен отырады.

«Енді сіздердің бәріңіз белгілі өнер танушысыздар. Көрменің ашылуына тіпті аздаған уақыт қалды және жұмыстардың арасында қолтаңба қалдырылмаған жұмыс болып шықты, сіздердің міндеттеріңіз, авторын сурет салу мәнеріне қарап анықтау.

Мен сіздерге автопортреттерді таратып беремін және сіз өзіңізге тиесілі болған сол автопортретке қолтаңба қалдыруыңыз керек. Мен авторпортреттерді тарату барысында, сізге өзіңіздің жұмысыңызды бермеуге тырысамын. Алайда, мұндай жағдай орын алса, мен оны ауыстырамын».

Бұл жұмыстан соң серіктестің (партнердің) портретін салуды ұсынуға болады.

3. Талқылау және кері байланыс.

 

№5 сабақ.

1. Қыздыру:

Топ қатысушылары шеңбер бойымен отырады.

«Қазір біз бір бірімізге доп лақтырып, бұл кезде қандай да бір күйді (жағдайды) немесе сезімді атаймыз, ал бізге лақтырылған допты қағып алған кезде, антонимді – қарама-қарсы күйді немесе сезімді айтатын боламыз. Мысалы, мен Сапарға доп лақтырамын және «көңілсіз» деймін. Сапар допты қағып алып: «көңілді» деген антонимді айтады, және өзі басқа біреуге допты лақтыра отырып сезімді немесе күйді атайды.

Бұл жаттығу әрбір қатысушыға сезімдер мен күйлерді вербализациялау облысындағы мүмкіндіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

2. Сабақтың тақырыбы: «Түспен жаттығу».

«Мен сіздердің әрқайсысыңызға ойланып өзіңіздің қандай түс екендігін айтуды ұсынамын. Мұндағы әңгіме сіздің киіміңіздің түсі емес, сіздегі күйдің (жағдайдың) түспен бейнеленуінде болып отыр. Енді мархабат етіңіз, бүгінгі күн бойына сіздің жағдайыңыздың қалай өзгергендігі туралы айтыңыз. Қорытындысында қазір өзіңіз болған күйді (жағдайды) сипаттаңыз және сіз неліктен оны бейнелеу үшін дәл осы түсті таңдадыңыз».

Бұл жаттығу өз күйіңізді (жағдайыңызды) сезіну мен вербалдау бейімділіктерін дамытуға бағытталған.

Күй (жағдай) тек қана сөзбен емес түспен бейнеленеді, әр түрлі сенсорлық жүйелердің қосылу нәтижесінде сенситивтік мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтеді.

«Екі сурет салыңыз: оның бірін өзіңізге жағымды, екіншісін – жағымсыз түстерді қолданып салыңыз, одан соң екі суретті салыстырыңыз».

3. Талқылау және кері байланыс.

 

№6 сабақ.

1. Қыздыру:

Қатысушылар жұпқа бірігеді.

«Қазір сіздердің әрқайсыңыз, әртүрлі сезімдерді, қатысушылардың толғаныстарын, психологиялық проблемалардың мәнін ашатын біткен сюжеті бар оқиғалар туралы әңгімелеп береді. Жұптың әрқайсысына 3 минуттен уақыт беріледі. Одан соң жұптың бірі басқа жұпқа өтіп, өзі естіген әңгімесін айтады.

Одан соң бапкер әрбіріне өзі естіген әңгімені бұл әңгіменің «авторы» болып табылатын адамға екінші рет айтып беруді және салыстыруды ұсынады.

Жаттығу зейінді жаттықтыруға серіктесті (партнерді) тыңдай білу ептілігіне бағытталған.

2. Сабақтың тақырыбы: «Бірлесіп салған сурет».

«Мен «бастадық» деген кезде, сіздердің әрқайсыңыз қағаз парағын және онда салуға қажетті заттардың бәрін алады. Сурет салуға сіздерге 15 секунд уақыт беріледі, 15 секундтен соң сіз суретіңізді сол жақта отырған көршіңізге бересіз. Онда бірден салынған парақты алғаннан соң, сізге кез келген бағытта сюжетті дамыту үшін тағы да бірдеңе салуға тура келеді. Біз әрқайсыңыздың парағыңыз шеңбер бойымен өтіп өзіңізге қайтып келгенше жұмысты жалғастыратын боламыз».

Жаттығу креативтілікті дамытуға, сондай-ақ оның көрінісіндегі тосқауылдарды сезінуге бағытталған.

3. Талқылау және кері байланыс.

 

№7 сабақ.

1. Қыздыру. «Біз өзімізді атомдармыз деп ойлайық. Бәріміз бөлмеде тез қозғала бастаймыз. Мен сіздерге атомның қандай да бір санын айтқан кезде, сіздер атомның сондай саны бар молекулаға бірігетін боласыздар.

Жаттығу эмоционалдық күйді (жағдайды) жақсартады, бірлесуді күшейтеді, зейінді арттырады.

2. Жаттығу тақырыбы: «Балалықты еске алу».

«Өз балалық шағыңыздың ең бақытты және ең бақытсыз оқиғаларының бірін қағаз бетінде бейнелеңіздер».

3. Талқылау және кері байланыс.

 

№8 сабақ.

1. Қыздыру. Қатысушылар екі кіші топқа бөлінеді.

«Әрбір кіші топқа дайындалу үшін жеті минут беріледі. Бұл уақыттың кезінде олар қандай да бір сезімді немесе эмоцияны (эмоционалдық жағдайды) таңдауы және оны қалай бейнелеуге болатындығын ойлап табуы қажет. Мұның скульптуралық бейнелеу, немесе вервалдық емес әрекет болуы мүмкін. Бейнелеуге кіші топтың барлық мүшелерінің қатысуы тиіс. Бірніші кіші топ өзінің дайындағанын көрсету кезінде екінші кіші топ қандай жағдайдың немесе сезімнің бейнеленгенін түсінуге тырысып, мұқият қарайды. Одан соң кіші топтар орын ауыстырады.

Жаттығу бақыланған жағдайларды шағыстыру нәтижесінде вербализациялау ептілігін дамытуға бағытталған.

2. Сабақтың тақырыбы: «Жақсы мен жаман».

3. «Сіздегі бар жақсы мен жаманды, сізге ұнайтынды және ұнамайтынды, өз жетістіктеріңіз бен кемшіліктеріңізді бейнелеңіз».

Нұсқалар: «Оңды және теріс менді салғаннан соң идеалдық және реалдық менді бейнелеңіз. Олардың арасындағы әңгімені құрастыру қажет».

4. Талқылау және кері байланыс.

 

№9 сабақ.

1. Қыздыру: «Жетекші және жетектелуші». «Жұпқа бөлініңіздер. Жетекші жетектелушінің көзін шүберекпен байлап, оны бөлмеде, әр жерге тасталған орындықтар мен басқа заттарды айналып өтіп, жетектеп жүреді.

Бұл кезде байыпты жағымды әуен орындалуы қажет.

2. Сабақтың тақырыбы: «Өмірлік тәжірибе».

Әуен орындалуын жалғастыра береді.

«Қазір біз өзімізді, өз ойларымызды, сезімдерімізді, толғаныстарымызды пайымдауымыз үшін аздаған уақыт жұмсаймыз. Ыңғайлы отырыңыз, көзіңізді жұмыңыз. Өз тыныс алуыңызға зейін аударыңыз, ауаның мұрын, көмей арқылы өтіп кеудеге жететініне, сіздің өкпеңізді толтыратынына көңіл аударыңыз. Әрбір тыныс алумен бірге сіздің деміңізге қуаттың (энергияның) келіп, ал әрбір дем шығарған сайын қазір сізге қажет жоқ мазаланудың, кернеудің кететінін сезініңіз... өз денеңізге көңіл аударыңыз. Өз денеңізді: барлығын – табаннан төбеге дейін сезініңіз... Сіз орындықта отырсыз, дыбыстарды естисіз, бетіңізден ауаның желпінгенін сезесіз. Мүмкін сіз позаның (тұрпатты) өзгерткіңіз келер, мұны жасаңыз.

Ал енді өзіміз өмір сүретін әлемнің өзгеруі туралы идеяға барынша ден қойыңыз... Біздің күрделі уақытымызға тез және күрт өзгерістер тән... Кейде олар қас қағым сәтте өтеді... Өткен ғасырларда он шақты жылдарға созылған әлеуметтік (социалдық) және технологиялық өзгерістер енді санаулы айларда, немесе тіпті апталарда өтуі ықтимал және мұның барлығы біздің әрбірімізге әсер етеді. Бұл жөнінде ойланыңыз.

Бұл туралы ой толғаңыз. Сізде қандай ойлар пайда болды?... Сіз өзіңізді бұл құбылмалы әлемде қалай сезінесіз? (2-3 рет қайталау керек).

Сіздің қандай қасиеттеріңіз мінез-құлық ерекшеліктеріңіздің қайсысы сізге бұл құбылмалы әлемде өмір сүруге көмектеседі, ал қайсысы бөгет болады? Ал енді еске түсіріңіз, сіз мұнда, осы бөлмеде отырсыз және мұнда тағы да басқа адамдар бар. Осы жерге, біздің ортамызға (шеңберге) қайта оралыңыз және мұны сізге ыңғайлы екпінде (темпте) жасаңыз. Сізге бірден көзіңізді ашуға немесе тағы біршама уақыт көздеріңізді жұмып отыруыңызға болады.

Топтың барлық қатысушылары көздерін ашқаннан кейін, барлығына өз пайымдауларымен, толғаныстарымен тағы да қалуды, одан соң оларды бейнелеуді ұсыну қажет.

3. Талқылау және кері байланыс. (Талқылау кезінде құбылмалы әлемде біздің өмірімізге көмектесетін және қиындататын қасиеттердің тізімін құрастыруды ұсынуға болады. Бұл жаттығу осы құбылмалы әлемдегі әрбір қатысушының өз өмір тәжірибесін санамен ұғуға бағытталған).

 

№10 сабақ.

1. Қыздыру.

«Қазір біз бір-бірімізге бұл допты лақтыра отырып, сіз допты лақтырған адамға ғана тән қасиетін атайтын боламыз. Жұмысқа мұқият қарап бұл жұмысқа бәріміз қатысатындай етіп жасаймыз».

«Сіз өзіңізді хиппимін деп ойлаңыз. Қазір біз бір-бірімізге «Егер сен хиппи болсаң, онда сенің футболканда ... деген сөз жазылған болар еді...». Доп лақтырылған адам бұл футболканы киюді келісетіндігін айтуы қажет».

Бұл жаттығулардың нәтижесі қатысушылардың дербестігі, қайталанбастығы, сананы тұлғаның барлық тұстарымен сабақтас позитивті, эмоционалдық бояуға қанық образдармен байытылуы туралы толық пайымдауға ие болуы болып табылады. Мұның бәрі жиынтығында тұлғаның «тұрақтылығын», оның өзіне сүйену «ауданын» және әлеммен құрастыру өзара-әрекеті үшін мүмкіндіктің тамыр жаюына мүмкіндік жасайды.

2. Сабақтың тақырыбы: «Бұрынғы, бүгінгі және болашақ».

«Сіздің бұрынғыңызды, бүгінгіңізді және болашағыңызды бейнелейтін үш сурет құрастырыңыз.

Өз өміріңізді сызық түрінде көрсетіңіз, мұнда «өмір сызығының» бағытына, мақсатына, кедергілерді жеңумен сабақтас тұстарға назар аударыңыз. Өз өміріңіздің барынша мәнді оқиғалары мен тұстарын сондай-ақ сөздермен немесе символдармен белгілеуге болады.

3. Талқылау және кері байланыс.

А.И.Копытин атап өткендей, арт-терапия мүмкіндіктерінің спектрі (ауқымы) кең және өз бойына тек әр түрлі кеселдері бар пациенттерге емдік-оңалту көмегін жүзеге асыруды ғана енгізіп қоймайды. Сонымен бірге әскери әрекет жағдайында елге көмек беру, құқық бұзушылармен, алкогольдік және есірткілік тәуелділігі бар тұлғалармен, эмоционалдық және мінез-құлықтық бұзылулары бар балалармен және жасөспірімдермен, діни, нәсілдік және басқа да әлеуметтік (социалдық) белгілері бойынша біріккен отбасылар мен азаматтардың «кіші қауымдастықтарымен» жұмыс істеуге жәрдемдеседі. Және де көптеген басқа мүмкіндіктер бар.

 

С.К.Букаева, А.З. Нургазина,

Р.М.Кощегуловалардың мақаласынан

қысқартылып қазақшаға аударылды,

Павлодар қаласы.

«Менталдық медицина мен экологияның мәселелері»

 

Том ІХ №2, 2003 (ғылыми-практикалық журнал. 15-20 беттер.

 

 http://qazpsi.ucoz.kz/ сайтынан

 

Просмотров: 6086 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 1
09.10.2013 Спам
1. Ewa
I feel saifstied after reading that one.

Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Желтоқсан 2008  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz