Мой сайт
Жұма, 20.04.2018, 05:41
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2012 » Наурыз » 1 » Адамның жаны қайда барады?
Адамның жаны қайда барады?
08:19


Адамның табиғаты жаратылысынан мәңгілікке құштар. Әу бастан пенде солай жаратылған. Ішкі дауысы ылғи да Мәңгілікті күбірлеп тұрады. Өзін өмір бақи өлмейтіндей көреді. Осыдан-ақ мәңгілік өмірдің бар екендігінің ақиқаттығы айқындала түседі.
 
Ғылым не дейді?
Адам өлген соң оның жаны жа­ңа туған сәбиге қона ма, немесе бас­қа
планетаға кете ме? Адамзат туғалы бері осы сұраққа жауап із­деп келе жатыр. Бірақ жауабы әлі табылған жоқ. Адам бәрібір мәң­гілік өмірден үміт үзбейді. Мәң­гілік өмірге сенбесе, «менен кейін дү­ние­ні топан су бассын» деп, адам­дар бір-бірін осы дүние үшін өл­тіріп, қырып тастар ма еді, кім біл­сін...
Мидағы кейбір клеткалардың адам өлген соң да біраз уақытқа дейін өмір сүруін тоқтат­пай­тын­дығы ғылымда дәлелденген. Қазір сол клеткадан шығатын сигналдар зерттелу үстінде. Оның құпиясы ашылса, адамзаттың да көзі көп нәр­сеге жетер еді.
Ғылымның айтуынша, адам­ның физикалық тәні өлгеннен соң одан шыққан жан өзгеше бір нәзік әлемге тап болады. Сол нәзік әлем­де де жанның тәні болады. Бірақ ондағы тән жердегіден басқаша, өте нәзік, астральды дене. Адамның ойы, сана-сезімі, эмоциясы, сүюі, күюі, жек көруі, жақсы көруі, ар­ман-мақсаты нәзік әлемде де өз­гермейді, бірақ осы өмiрде оны өзге­лер­ден жасыру мүмкін болса, нәзік әлемде оны ондағылардың бәрі айқын көреді немесе сезіп-бі­леді. Нәзік әлемде тілдің де, дауыс­тың да керегі жоқ, ойша ұғыныса бе­реді. Қалаған жеріне ойлаған сә­тінде-ақ жетіп бара алады. Жа­қындық немесе алыстық деген ұғым жоқ. Уақыт пен кеңістік жер­дегіден басқаша, мыңдаған жылдық уақыт ондағы бір секунд­пен тең. Алға, артқа, оңға, солға қарау деген жоқ, кез келген затты барлық қы­рынан бір мезгілде көре алады, - дейді.
ХХ ғасырдың соңында (1970-1995 жылдар) көптеген елдердің оқымыстылары адамның физи­калық денесі өлген соң жанының қайда кететінін зерттеуге қызу кірісті. Зерттеуге түрлі бағыттың өкілдері: нейрохирургтер, пси­хо­логтар, философтар тартылды. Халықаралық зерттеу ұйымдары құрылып, ғылыми басқосулар өтті, түрлі еңбектер жазылды. Зерт­теушілердің сондағы қорытындысы мынау - адам өлген соң да оның санасы өшпейді, жоғалмайды және көзге көрінбейтін нәзік әлемде бұрынғыдай өмір сүруін жалғастыра береді. Бұлай деуге жүрегі уақытша тоқтап, клиникалық өлімді басы­нан кешкен жүздеген адамдардың естеліктері, о дүниеде көргендері мен сезгендері негізге алынды. Көптеген адамдар өлген соң басқа әлемге тап болғанын алғашында сезбейді екен, себебі физикалық әлемдегідей бәрін көріп, естіп, біліп тұрады. Бірақ үйдің ішінде қалқып жүргенін және өзінің жат­қан денесін көрген соң ғана өзі­нің тірі екеніне күдіктене бас­тайды. Әсіресе, бұл орайда амери­калық пси­холог Рэймонд Моудидің кли­ни­калық өлімді бастарынан өткер­ген жүздеген адамды куәлікке тарт­қан зерттеулері маңызды рөл атқарды. Оның зерттеуіне сәйкес, өліп-тірілгендердің 30 пайыздан астамы өзінің өлгеннен кейінгі жағдайын жақсы сезіп-білген. Кей­біреуі физикалық әлемдегі өзі­не таныс жерлерге қыдырып бар­ған, кейбіреуі тілмен айтып жет­кіз­гісіз өзге нәзік әлемге тап болған. Ауру сезімі де, қорқыныш та бол­маған. Кейбіреуі жағымды музыка естігендерін айтқан. Соншама естеліктердің бәрі бір-бірін жоққа шығармайды, қайта бір-бірін то­лық­тырып отырады. Кейбіреуінің жаны асқан жылдамдықпен қара туннель арқылы зымыраған, кей­біреуі төбеден өздерінің кереуетте жатқан денелерін көрген, кейбірі өз денесіне қарағысы келмеген. Болып жатқан жағдайдың бәрін естіп-білгенмен, жердегілер өз­дерін көрмегенін және айтқандарын естімегенін жеткізген. Алғашында эмоциялық шошыну пайда болған­мен, біраз уақыттан соң өздерінің жердегіге ұқсамайтын нәзік денеге ие болғандарын сезінген. Айна­ла­сы­нан өздерінің бұрын дүниеден өтіп кеткен жақындарын байқаған, олар жұбатып, жаңа жағдайға бе­йім­делуіне көмектеспек болған. Ар­тынан жарқыраған нұр пайда болып, көз алдынан бүкіл өмір­ле­рін кино сияқты өткергендерін айт­қандары да бар. Кейбіреуі өзге әлемнің шекарасынан өтер кезде кенеттен Жердегі тәніне қайтып оралғысы келген, болмаса өлген жақындары «сенің жердегі өмірің әлі біткен жоқ» деп, кері қайтарған. Кейбіреуі оралғысы кел­мей, өзін өзге әлемде жақсы се­зінген.
Адам өлген алғашқы үш күнде оның жаны денесінің қасында болады. Яғни алғашқы үш күнде жан немесе рух бостандықта болып, жердегі қай орынды қаласа, сол жерге ұшып бара алады. Бірақ үш күннен соң басқа жүйеге тап бо­лады. Ұясын іздеген құс сияқты де­лінеді. Қайда барарын білмеген жанға періштелар жол көрсететін болса керек. Сосын көкке көтері­ле­ді. Құдайға барар жолда фильтр­ден сүзіліп өтеді, яғни тазаланады. Жер бетінде еске алатын соңғы адамы құрығанша, көктегі жан бұл дүниемен байланысын үзбейді делінеді. Кейін Құдай барлық ақпаратты ұмыттырады.
Әлемнің оқымысты био­фи­зик­тері арасында адамның физикалық тәнінен бөлініп шығатын, өзінен аумайтын астральды, яғни энер­ге­тикалық денесі болатынын тәжіри­бе жүзінде дәлелдегендер бар. Бая­ғы заманда қазақ арасындағы бақсы-құшынаштар да бұған практика жүзінде қол жеткізген деп айтуға болады. Нәзік ғаламның бұл да бір шешуі табылмаған жұмбақ сыры. Адамның энергетикалық денесі оның бірге жаратылған сыңары болса керек. Бірақ көзге көрінбейді. Адам өзінің осы сы­ңа­рын көрмейінше өлмейді делінеді. Тарихта, мәселен, Ресейдің екі бірдей ұлы патшайымы «двой­ник­терін» көрген. Көргені құрысын, екеуінің де ажалы содан болыпты.
Біріншісін айтсақ, ұлы пат­ша­йым Анна Иоановна өз бөлмесіне кіріп, ұйқыға жатқан. Кезекші офи­цер түн жарымында көз шы­рымын алмақ болады. Сол кезде алтын тақты залды күзетіп тұрған қарауыл шақырады. Офицер жетіп келсе, императрица жүзін төмен салып, ешкімге назар салмай, залда арлы-берлі жүр екен. Қарауыл да, басқа күзетшілер де патшайымның алтын тақты залға қалай кіргенін байқамағанын айтады.
Офицер күтушілеріне барып, ұлы патшайымның таңғаларлық түнгі жүрісінің мәнін сұрайды. Олар «мүмкін емес» деп сенбей, ұйқыда жатқан Анна Иоановнаны оятып, бәрі бірге алтын тақты залға барса, патшайымнан аумайтын әйел әлі жүр екен. Бұларға назар да салмапты, жүрісін де тоқтатпапты. Анна Иоановна тура өзін көріп, жағасын ұстайды.
- Бұл алдамшы әйел! - деп қарауыл герцогы айқай салады. - Міне, нағыз патшайым! - деп Анна Иоановнаны көрсетіп, залда жүр­ген әйелді атуға бұйрық береді. Солдаттар мылтықтарын кезене бергенде, патшайымның сыңары заматта көзден ғайып боп кетеді.
Анна Иоановна «Бұл - мені іздеп келген ажалым!» дейді қа­сындағыларға жаймен. Көп ұзамай, қайтыс боп кетеді.
Ресейдің тағы бір билеушісі Ұлы Екатерина патшайым 1796 жылы алтын тақта отырған елес-сы­ңарын көргенде шыңғырып жіберіп, жерге құлап түседі. Қатты қорыққаннан инфаркт алған. Есін жимаған күйі екі күннен кейін қайтыс болады.
Ал Горькийде жатқан Ленин өлер алдында, әлемдік пролетариат кө­семінің «двойнигі» Кремльге келіп, барлық кабинеттерді адақтап шық­қан. Оны көрген көптеген куәлар бар болғандықтан, бұл оқиғаны жылы жауып қою мүмкін емес еді. Сондықтан маркстік ұғым­ға сый­май­тын бұл шындық сыртқа шы­ғып кетпес үшін, шы­нымен де кө­семнің Кремльге кел­генін дә­лелдеу керек қой. Лениннің өлер ал­дында Горькийден Мәскеуге кел­гені туралы ресми хабар осылай пай­да болған деген сөз бар.

Дін не дейді?
Қасиетті Құранда: «Әй, Мұ­хам­мед (с.ғ.с.), олар сенен жан (рух) туралы сұрайды: ол Раббымның әмірінен сендерге өте аз мәлімет берілді де»,- делінеді. Яғни ша­риғат бойынша рух жайлы терең кетуге рұқсат берілмейді. Мұны пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «Рух жайлы терең кете бермеңдер, себебі сен­дерден алдыңғы қауымдар рух жайында терең кеткендіктен, жол­дарынан адасып кеткен, сондықтан сендер де бұл жайында терең кет­сеңдер, жолдан адасасыңдар»,- деп түйіндеген.
Адам - бұл өмірде ұйқыда, өл­ген соң ғана оянады. Ажал - өмір­дің бітуі емес, басқа дүние есігінің ашылуы. Алла жолында өмірлерін қиған шейіттер өздерінің өлгенін білмейді және өздерін осы өмірде тірі жүрміз деп есептейді делінеді. Ал қабірде Мәңкүр мен Нүңкірдің жауап алатынын білеміз. Өлген адамның жаны қиямет-қайымға, яғни ақырзаманға дейін Барзах әлемінде (жұмақ пен тозақтың арасында) сақталады. Қайтыс болған адамның жаны бізді көре алады және ести алады. Бірақ бай­ланысқа түсе алмайды. Адам өлген соң, оның амал дәптері біржола жабылады. Бірақ артына жақсы іс, ізгілікті амал, иманды бала-шаға, адамдарға пайдалы кітап сияқты ізгі істер қалдырса, оның сауабы, қашан сарқылғанша, марқұмдарға жазыла бермек. Ал тірісінде бір жамандықтың бастауы болған бол­са, ол жамандық адамдардың ара­сында қашан тоқтағанша, күнә­лары өлген соң да арттырыла бе­ретін болады.
Дін бойынша, жәннаттың да, тозақтың да саны жетеу делінеді. Біреу жұмаққа тікелей барса, біреу жұмаққа тозақ арқылы барады. Төрт пайғамбардың көкте тірі екені айтылады. Пейіште ауру-сырқау, ұйқы болмайды. Сүттен ақ, балдан тәтті кәусар (шәрбәт) болады. Жеті тозақтың үстіне салынған Сират көпірі, яғни қылдан жіңішке, қы­лыш­тан өткір жол болады. Ал жұ­мақтың орны қайда десек, пейіш жаратылғаннан бері жеті қат көктің үстінде еш жерге тимей тұратыны айтылады. Қанша жесең де таусыл­май­тын тәтті жеміс болады. Үр қыз­дары қол қусырып қызмет етеді.
Адам түсіне әдетте өлген жа­қындары жас күніндегідей кіреді. Бірде бір өлмелі кемпір Пай­ғам­барымызға келіп: «Мен жұмаққа кі­ремін бе?» деп сұрайды. Пай­ғам­бар: «Жоқ, кірмейсің» дейді. Кем­пір қайғыдан жылай бастағанда: «Жұмаққа кәрі адамдар кірмейді, сен баяғы жас күйіңе оралып кіре­сің» деп жұбатқан екен Пайғамбар. Бұдан жұмақта адамдардың жас кейпіне қайта оралатыны белгілі болады.
Жұмақ, тозақтың тұрағы қайда дегенге де тоқтала кетелік. Кезінде мынадай сұмдық хабар та­лай­лар­дың зәре-құтын алған. 1978 жылы АҚШ-тың ғарыш кемесіндегі астронавтар «Тозақ Күннің орта­сында. Ондағы жанып жатқан адам­дарды көрдік» деп, 70 секунд бойы қатты азаптан қиналып жат­қан адамдарды бақылап қана қоймай, фотосуретке де түсіріп ал­ған. Бұл оқиға ғалымдардың ара­сында үлкен талас тудырған. Дін­дарлар бұған қарсы шығып, то­зақты көру мүмкін емесін, астро­нав­тардың көзіне көрінген жын-шайтан екенін айтқан. Дін бо­йынша, тозақ бұл дүниелік мекен емес, яғни Күн жүйесінде орна­лас­паған, Барзақ та ғарыш кеңістігінде емес, біз білетін дүниенің сыр­тын­дағы ғайып әлемі. Әрі тозақ - ең ыстық мекен, дүниедегі ең ыстық заттардан 70 есе ыстық делінеді. Ал ғалымдар бүгінде Күннен де ыстық жұлдыздар барын ашып отыр.
Не десек те, адам жанына, арғы дүниеге қатысты ғылыми зерттеу­лер әзірге тек болжам ғана. Оның анық-қанығын бір Алла ғана біледі.

Төреғали ТӘШЕНОВ
http://www.aikyn.kz/
Просмотров: 6536 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 4.5/8 |
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Наурыз 2012  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz