Мой сайт
Дүйсенбі, 21.05.2018, 21:46
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2012 » Наурыз » 1 » «ҚАРА ТЫРНА» немесе қазақы психология
«ҚАРА ТЫРНА» немесе қазақы психология
09:02
 
Ерке сылқым Алатаудың қойнауына тығылған Алматыға барар сапарда жол бойы ұйықтап алармын деген ойым әлдеқашан адыра қалды. Екі адамдық купедегі серігімнің жүдеу жүзінен аңғарылып тұрған әлдебір мазасыздық бейне бір менің де кеудеме қоныс аударғандай. Бойы ортадан аласа болғанымен ұзын мойыны оның арықтығын аңғартып, өзі жүдеу жүзіне одан әрі абыржушылық шақырып тұр. Жас болса да үстіне киген қоңыр түсті көйлегі оның түсін одан әрі қуаңқы көрсетеді...
Құдай-ау, жап-жас басымен бұл бала не қайғы арқалады екен?! Кеудесін қарс жара «Аһ» ұрғанда менің өне бойым сақырлаған сары аяздан келгендей қалшылдап кетеді.

– Не болды сіңлім, өңің қуарып тұрғаны... Су әкеп берейін бе? – дедім көмектеспек ниетпен.

– Жоға, тәте, бәрі қалыпша... Тек өкініштен өз жанымды қоярға жер таппай отырғаным...

– Жол қысқарсын, әрі өзің де жеңілдеп қаласың, айта ғой, жарығым, не болды?

Менің аузымнан шыққан осы сөзді бейне бір күтіп отырғандай ол сөйлеп қоя берді.

– Тәте біз кімбіз осы? Мен кейде осы сұрақты өзіме-өзім қоя отырып, тура цирктің ортасында жүрген клоунбыз ба деп қаламын. Тірісінде бірін-бірі күндеп, өлген соң өтірік жылайтындығымыз әртістерден айнымайды-ау, айнымайды!

Оның төтеден қойылған оғаш сөздеріне не айтарымды білмей абдырап қалдым. Тіпті ішкі дауысымның «мынау жынды ма өзі, қалай?» деген оғаш сөзін естігендеймін!
Тамағыма тас тұрып қалғандай тосылып қалған менің шақшадай басыма өмірімде бірінші рет осы сұрақ соққы болып тиді. Шынында да біз кімбіз осы, отбасымен жұмысының арасында қаңбақша шыр айналып жүрген көптің біріміз бе? Күнделікті нәпақасын тауып жегеніне мәз болған адам типтес маймылдар көбейіп барады ғой, әлде солардың қатарына кіріп кеттік пе екен, сонда? Қызық, осы біз шынында да кімбіз?

Өзіммен өзім іштей арпалысып кеткен менің бұл ойымды шорт кескен ол тағы да қарлығыңқы дауысымен жым-жырт тыныштықты бұза сыбырлай жөнелді;
– Тәте деймін, мәселен, мына сіз өзіңіз айтып көріңізші! Біздің қаба сақал Дарвин деген «көріпкел» айтқан маймыл «атамыздан»қандай айырмашылығымыз бар? Киім киемін дейсіз бе, онда тұрған не бар.?! Кәзіргі маймылдарыңыз бен ит-мысықтарыңызға дейін өздерінің соңғы сән үлгісімен шығарылған лыпасын үстеріне іліп жүретін әдет шығарған. Біреуге мал қайғы, енді біреуге жан қайғы дегендей...

«Малым арымның, арым жанымның садағасы» деп бұл өмірден баз кешіп кеткен, орда бұзар отыздағы бауырыма тірісінде кім көмек қолын созды. Рас, ең басында алдында жұмысы, жанында бала-шағасы бар қалыпты отбасы еді. Кейін, басына күн түсіп, осы заманның «серісіндей» өмір сүргенде қайсымыз қол ұшын бердік. Әй, адам бол, міне саған жұмыс таптым, мынау уақытша болса да баспанаң болсын деп оң жолға итермелеудің орынына сыртынан отбасы, ошақ қасындағы күңкіл әңгімеден басқа не бердік? Соңғы келген сапарында қиналып тұрғанын көрген соң, күшке салсақ та жібермей ұстап қалуымыз керек еді. Оның орнына қайда болсаң да аман бол, хабарлас деген құрғақ ақылдан басқа не жәрдем қылдық? Оның қайтадан түзу жолға түсуі үшін не істедік? Түк те, қазақтың бітпейтін бос сөзден тұратын даңғаза ақылы мен кеуде соққан жалған намысшылдығын сөз қылған көпірген әңгімеден басқа бір шырпының басын сындыруға жарамадық!

– Тәте сіз байқадыңыз ба, біздің қазақтың қанына сіңген тағы бір жаман әдет бар. Жақын туыс-туғанымыз қайтыс болса артында тірі қалғанын күндеп, « сен өлтірдің, сен түбіне жеттің» деп тіріні тұқырту, одан (неге екенін өздері де білмей отырып) өш алу қалыптасқан. Тура сол өлген адамның соңынан мен де неге өліп кетпедім, бүйтіп нақақтан нақақ айыпты болып, «жалмауыз» атанғанша деген өкінішпен өмір сүргенше! Ол адамның өліміне сенің қатысың жоқ бола тұра осындай қаңқу сөзден кеуілің қалады, өмірден баз кешіп кетесің! Ал, біреулерге бәрібір! Бақилық болған туысының кегін ата жауынан алғандай жақынын табалайды! Осындай қаңқу сөздерден келіп отбасы бұзылады, отау көтергеніне көп болмай жатып жастарды бір-біріне өшіктіріп алып, соңында неге ажырасты деп тағы сыпсыңдаймыз!

Сапарлас көршімнің бұдан арғы запыран сөздерін естігім келмей тамбурға шығып кеттім. Дегенмен, оның көкірек жарған өкініші менің ойымнан кетпеді.

Кеудеме ұялап қалған әлдебір ішкі дауыс маған «Сен сияқты жұрттың бәрі жұмыс істеп жүр. Тіпті жан-жануарларға дейін өз нанын өзі тауып жейтін жағдайда. Өйткені, кәзір олар да циркте, болмаса фотосалонда дейсіз бе, барлығы да жұмыспен қамтылған. Ең жұмыссыз деген кәрі-құртаң, бала-шағасының өзі хайуанаттар бағында құр отырып-ақ нәпақасын айырып жүр. Енді тағы қандай дәлелің бар? Шынында да сен осы кімсің?» деп мені де жегідей жеп барады. Ұшарын жел, қонарын сай білген қаңбақ тәрізді мен де тек бүгініне мәз болып жүрген көп пенденің бірі шығармын, сірә... Кім біледі? Соңымнан тамбурға қуа келген көршім менің осы қиналған түрімді одан әрі ширата түскендей...

– Тәте деймін де, мына менің туған бауырым бар еді, еркелетіп «Қара тырна» дейтінбіз. Құдай берген бойында бір адамға жетердей еркелігі мен өрлігі бар-тын. Біз сияқты көп нәрсеге көзін жұмып қарамайтын, «ақты – ақ, қараны – қара» дейтін турашылдығынан көп адамға жақпайтын. Бірақ қандай қиын заман болса да жаныңнан табылып, бауырым деп сүйеу болуға тырысатын. Рас, ара-тұра ащы судан ұрттап келіп, өкпе-назын білдіргенде аузын аштырмай, «қой ұят болады, ол ана туыс, бұл мына туыс. Үндеме, көзіңді жұмып қара» деп тыйып тастайтын едім. Енді міне, қапылыста одан да айырылып қалғаным...

Осы келе жатқанда бауырымды жер қойынына тапсырып келемін... Құдай-ау, тірі болсаң көре бересің деген...
Бұған дейін сенің інің өйтті, бүйтті деп қысқа күнде қырық рет телефон шалып, өсек тасыған туыссымақтарымның жылағанда етегі жасқа толып отырғанын көргенде қайран қалдым. Олардың бұл қаза үстіндегі керемет ойындарын көріп, таңғалғаным сондай тас бітеліп қалғаным. Әншейінде, жоқтан өзгеге жылай салатын жыным бар еді... Бұл жолы қос жанардан бір тамшы да шықпады... Енді міне, отырмын, шерменде шерлі кеуде болып. Тірісінде қадір тұтпай, өлгенде өкіргеннен не пайда?

– Міне, сіңлім, біз кімбіз деген сұрағыңа жауап берейін. Құдай тағала пешенемізге жазған қу тіршілікте бір-бірімізді итше арбаған қу тірліктің иесіміз. Жаратқан ием өзі берген жанын өзі алады, мойыма. Бойыңды жинап, есіңді жи. Өйткені, адам дегеніміз – жер атты үлкен дөңгелек театрдағы қойылымның басты кейіпкері. Атамыз қазақ айтпақшы, көресіңді көрмей көрге кірмейсің. Ой, жарығым, сенің өмірің әлі алдыңда, бұндай актерлік өнердің әлі талайын көресің, – деп купелес көршімді орынына әкеп жатқыздым.

Ішіне қатқан шерлерін тарқатып жеңілдеп қалғаннан соң ба қайдам, ол әп-сәтте мызғып кетті. Ұйықтап жатып солығын баса алмаған баладай ыңырсып қояды, сірә қара тырна көлбеңдеп түсіне кіріп жатқан болар...

Сыбырласқан жұлдыздармен бірге поезды өкшелеп қуып, шелпектей болып дөңгелене толған ай маған « Қара тырнаның» қайда жүргенін айтқысы келгендей жымың-жымың етеді...

«Қара тырна» жатқан жерің жарық болсын деп күбірлей бетімді сипадым да көңілі қазалы, жаны жаралы қара қызды қымтай жаптым. Қара аспанның төрінен «Қара тырнаны» іздеп сыртқа қарадым...
 
Айжан ЖҰМАБАЕВА.
http://www.masa.kz/
Просмотров: 1311 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 5.0/3 |
Всего комментариев: 1
01.11.2015 Спам
1. 25
біз кімбіз осы?

Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Наурыз 2012  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz