Мой сайт
Жұма, 17.08.2018, 11:53
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2010 » Шілде » 31 » «АРУАҚТЕЛЕКОМ»
«АРУАҚТЕЛЕКОМ»
19:35


«Абонент байланыс аясынан тыс жерде. Кейінірек хабарласыңыз…». Қалтафонымнан кей кездері дәл осындай биязы дауыс сарнап қоя бергенде тіксініп қалатыным бар. Не осы сөзді жалықпай қайталай беретін қыздың даусына, не байланыс аясынан тысқары жүрген хабарласушыма ызаланарымды білмей тұрып қалам. «Сымсыз телефон» алғаш шыққанда біздің ауылдың бір жігіті осы дауысқа: «Бауыржан қоңырау шалды дей салыңызшы» депті. Осыған жетісіп тұрып, күлуші едік. Енді, міне, тағы да бір байланыс құралы жайлы сөз етпекпіз.
«Бұл алақай «NEO» емес, қысы мен жазы бірдей жарқын шақта өмір сүргізер «BEELINE» емес, «Өмір-диірменіңіздің» уақытын тоқтатып тастайтын «AKTIV» те емес. Бұл — «Аруақтелеком». Тарифтері — «Баба-Түкті Шашты Әзиз-LINE», «Бекет ата- LINE», «Айша бибі- LINE», т.б. («LINE»-дер сіз ойлағаннан тым көп. Қазақша баламасын «орда» деп түсінсеңіз де болады). Төлемдерді қалай төлесеңіз де рұқсат. Қалтаңыздан бақыр тиын шығармай қойсаңыз опат боласыз, аруақтар жолыңызды жауып, қиындық көресіз.
 
Сөйлесушілеріңіз — о дүниеге кебін киіп келмеске кеткен атақты аруақтар. Жо-жоқ, қолыңыздағы телефонның тұтқасы жарамайды. Байланыс құралының «чипі» — жүрек. Тұтқаңыз — бақсы-құшынаш. Араның ұясындай быжынаған ордалары бар олардың да саны аз емес. Қысқасы, көтеріп жүруге келмейтін — «кірпіш-телефондар». Бабаларыңызбен сөйлескіңіз келсе, өзіңіз барасыз. Қызығы, біз де бардық. Көрдік. Жағамызды ұстадық.
Жаңа «LINE» хикаясы
«Қоғалы-ай, қоңыр салқын-ай, малға жай». Біздің ауылдың тойбастары осы ән. Шөбі — шүйгін, суы — зәмзәм Қоғалыны, Алтынемелді, Күреңбелді білмейтін қазақ кемде-кем. Аталарымыз жаугершілік заманда сол бір қасиетті мекенде қоныс тепкен деп отырушы еді көнекөз қариялар.
«Абақтың ұлы Жайнақ-ты…
Батырлығын айтайын:
Қылышын тасқа қайрапты.
Шешендігін айтайын:
Бұлбұлдай тілі сайрапты», — деп келетін Сарбас ақынның жырындағы
 
Жайнақ бабамыздың мазары да сол жақта. Атамыздың атында ауыл бар. Осыдан екі жыл бұрын сол бір қасиетті мекенге Әбу Сағид әл-Худри (р.ғ.) риуаят еткен Пайғамбарымыздың «…Енді оларға (қабірлерге) зиярат етіңдер. Расында, зиярат етуде ғибрат бар…» деген хадисін еске ала отырып тәу ете барғанбыз. Тағы бір мақсатымыз болды. Жаман деген атамыздың атымен аталатын асу бар екен. Жаманның баласы Баястың атында сай бар екен. Сол сайда «Қызыл қайнар» атты бұлақ бар екен. Сол бұлақтың басында Баяс атамыз жерленіпті.
Аталарымыздан жеткен осы бір өсиет алға жетелейді. Бізбен бірге ақ жаулықты «бақсы-апа» да жүрді. Әлсін-әлсін кекіріп қояды. Анда-санда әлдебір дыбыстар шығарады. «Аталардың аруағы қысып келе жатыр», — дейді, көлік жүргізіп отырған кіші әкеміз. «Қазір Баяс атамен сөйлестіреді», — деді және бір сөзінде. «Аталар аян берді» — деді «бақсы-апа» біраз өткеннен кейін: «Атаның мүрдесінің үстінде жалпақ қара тас шалқалап жатыр екен».
Рас, алғашында қалың қорымның ішінен атам шығатындай жүрексіндім. Біз іздеген жерді тез таптық. «Жаман тұмақ», «Жаман су», «Жаман асу», «Қызыл қайнар» — бәрі-бәрі өсиеттегідей… «Қызыл қайнардың» маңында қалың қорымға кірдік. Мазарлар 1 — 1,5 ғасыр ғана тарихы бар бейіттер үлгісінде «тас кірпіштен» қаланыпты.
«Бақсы апа» көлденең құлаған қара тасы бар бір мүрдені осыдан үш жарым, төрт ғасыр бұрын өмір сүрген Баястікі деп шешім қабылдай салды.
 
Ал одан кейін «жын-ойнақ» басталды.
«Тәубе, тәубе! Атаусыз қаламын ба деп едім? Ен далада іздеусіз қаламын ба деп едім? Елім деп, жерім деп…» Қомданған әжей атамның образына кіріп алды. Даусын құбылта сарнаған әртістігі — өз алдына бір әңгіме. Мазардан шыққан ешкім жоқ. Аруағынан айналайын бір рулы елге бас болған атамыз «көк мылжың» әлдекімнің әңгімесін айтқандай болды. «Басыма құрбандық шал», «белгі тас қой» деген өсиеті де бар.
Қызық. Атамызбен байланысқа шығарған «бақсы-апа» тәлтіректеп барып әрең түзелді. Алтынемелдегі мешітте бабаларға бағыштап құран оқытқыздық. Бір малды сойып, ас бердік.
Осы сапарда мен бір жайды түсіндім. «Бақсы-апа» айтқандай белгі қойсақ, ол өз емделушілеріне «бәлен жердегі бәлен атаңның батасын алуың керек» деп сарнауы мүмкін. Дауа іздеген жан айтылған жерге барады. Шындығында, бақсы айтқандай мазар тұр. Алдымен таң қалады. Имандай сенеді. Онан соң, құрбан шалады. Бала сұрап түнейді. Біртіндеп олардың саны да артады. Сонымен, аяқасты «Ақ жолдықтарға» тағы бір қасиетті орын пайда болады. «Аруақтелекомның» жаңа бір тарифі «Баяс-LINE» өмірге келеді.
Көк базардағы көп бақсы
Сол бір сапардан кейін осы мәселені көп ойлайтын болдым. Бабамыздың басы жын-ойнаққа айналып кетпеуін тіледім. Десек те, бір-бірімен шынжырдай байланып, іркес-тіркес өмірге келіп жатқан ордалардың орға жығарына бек сене бастағандаймын. Бұлар — заманауи «Oriflame», «Anway», «Mary Kay» секілді «сетевой бизнес» көзін тапқандар. «Платина», «рубин», «бриллиант» секілді «аққу» мен «сұңқарларыңыз» бар.
Өткен аптада бақсылар әлемін кеңірек тану мақсатында «Көк базарды» жағаладым. Жұма күні еді. Рухани әлемі әлсіреген жандарды «Аруақтелекомның» бөлімшелеріндей отызға жуық құмалақшы-сәуегейлер қабылдап жатыр. Бетіне бес батпан «ұн» жаққан денелі әйел ақаңнан сілтеп алған сияқты. Аузындағы былапыт сөзді тыңдауға «құлақ ұялады». Әрбір бақсының алдындағы «картон-орындықты» теуіп, ойрандап жүр. «Осы жерде құмалақ ашып отырады», — дейді жайдың жапсарын білетін құмалақшы апа.
«Баян апа попал»
Жүрек лүпілі жиілеп, алғашқы ақжаулыққа жақындадым.
— Құмалақ аштырайын деп едім. Неше теңге аласыз?
— Қай жылғысың, балам? Атың кім?
— 2 мың теңгені ұсақтай аласыз ба?
Сәуегейлігін екі жүз теңгеге бағалаған әжей құмалақтарын араластыра бастады. Әлден уақыттан ар жағынан жындары түртті ме, бір жөткірініп алып: «Балам, екі нәрсені қатты уайымдап жүрсің. Мақсатыма жетсем деп тұрсың. Екі-үш жылдың ішінде қайтыс болған туысқаның бар ма? Әке жағынан, шеше жағынан бес-алты адам қайтыс болыпты. Жолыңыз ашық. Ырыздығыңыз мол. Биттей ғана уайымыңыз бар. Құдай жазса, жақсы болады. Жетінші атаңа дейін намаз оқыған қасиетті аталарың болыпты. Біреу, екеу, үшеу… Өзіңіз армандаған үш арманыңыз бар. Екі арманыңыз орындалып, бір арманыңыз орындалмайды. Сергелдең болып жүрсіз. Дұрыс па?» — деді.
Дәл осы кезде апамның қалтафоны шыр ете қалды. Тылсым әлеммен сырласуын ұмытып кетті-ау деймін, сөйлесе бастады. Пәлі! Пенде болған соң, уайымдамай тұра аласыз ба? Сау адам «мақсатыма жетпесем» демейді ғой. Екі-үш жылдың ішінде қарға тамырлы қазақтың ішінде мен білетін 5-6 адамның да бақиға аттануы заңдылық емес пе? Жетінші атама дейін емес, одан арғылары да Құдай жолында болған. Үш арман. Оны қайдам, менің бір басымда мыңдаған арман бар. Оны елеп-екшеп те көрмеппін.
— Куда попал? Баян апа попал.
Бір орысша, бір қазақша телефонмен сөйлесіп отырған сәуегей апа мені ұмытып кеткен болу керек. Әңгімеден жіберді-ай келіп. Әлден уақыттан соң, маған бір, құмалағына бір қарады да, ар жақтағы адаммен қоштасты.
«Жолыңыз ашық. Бір жерге барайын деп тұрсыз. Дұрыс па? Жаманшылығыңыздың бәрі аяқастында қалды. Дағдарыс кезінде біраз қиналасыз. Бір қағаз түсіп тұр. Ол не қағаз? Не жұмыс істеп жүрсің?»
Ар жағында сыбырлап тұрған жынын дұрыс түсінбеді ме, жоқ «бақсының айтқаны келмей, сандырағы келедінің кері ме», қағазға таңылды да қалды. Оралхан айтқандай, аздап қағаз бүлдіретініміз рас-ты. (әрине, құмалақтағы қағаз менің тілші екенімді айғақтай алмайды).
Әңгіме арынын бұзғым келді.
— Сіздің аруағыңыз ар жақтан сыбырлап тұра ма?
— Жүрегіме хабар береді. Кім екенін өзім де білмеймін. Ауа райын болжасам тура келеді.
— Аруақтармен қалай сөйлесуге болады?
— Біреуді аруақпен сөйлестіре алмайсың. Сөйлескің келсе өзің-ақ 41 күн алдыңа ақ дәке қойып, бір шәшке тұзды су ішіп отыр. Дұрыс па?
Қадап-қадап айтатын «дұрыспасына» «дұрыс» дей алмасам да, қалтамнан жасыл қағазды шығара бердім. Ал ол болса, 1800 теңгені қайтарып жатты.
Быды, быды…
«Кім балгер мен сәуегейлердің алдына барып, оның айтқандарына сенсе, ол Мұхаммедке (с.ғ.с) қарсы болғаны», — дейді имам Ахмад. Тіпті дін болашақты болжатуға тыйым салған. Бұлар сонда да дінге қайшы әрекеттерін жалғастыруда. Бір сөзімен ынталандырады, бір сөзімен қорқытады. Оларға салсаңыз, сізді емші жасап жібереді. Ойлаңызшы, әр бақсының алдына барған адам аруақтармен (дұрысы, жындармен) байланыс жасап, емші бола берсе, қазақ та сығанның кебін кимей ме?
Бағанағындай емес, тынысым ашылайын деді. Жүрексінуім басылып, беті сағал-сағал екі баласын ойнатып отырған әйелге жақындадым. Бұл да атымды сұрады. «Олжалы боласың» дейді. Ойлаған ойыңызды айтсаңыз бәрін айтып беремін дейді. Быды. Быды… Табан астында өтірік ой ойлай алмай, кібіртіктеп қалдым.
Сөзге сараң бақсыдан болашақты қалай болжайтынын сұрадым.
— Аруақтар аян беріп, түсіме кіреді. Дұрыс жори білу керек. Түс көрсең, маған кел. Айтып беремін.
Екінші бақсы әлденені сезді ме, жоқ әлде менің сұрақтарымнан күмәнданды ма, көп сөйлемеді.
Айтпай-ақ қояйын деп едім…
Үшінші бақсы салған жерден: «дін жолындағы балалар емессіңдер ме?» — деді. Олар бізді кекетіп, мұқатып, «құмалақ ашуға болмайды» деп миымызды ашытады. «Төрімнен көрім жақын адаммын» деп ақталған бақсы-шешей ертегісін бастап жіберді.
— Ұзақ өмір сүресің. Жұма күні басыңнан айналдырып құдайы бер. Маңдайың жарық. Ата-бабаңның аруағы қолдап жүр. Аталарың қасиетті жандар болған екен. Арақтан, шараптан аулақ бол. Ойланып жүр екенсің. Ешкімге жамандық ойламайтын, ақкөңіл бала екенсің. Текті жерденсің. Дұға Құраннан хабарың бар ма? Өз жолыңды өзің ашуға болады деген құмалақ түсіп тұр. Кедергілер бар. Құдай бұйыртса, мақсатың орындалады.
— Аруақтар түсіме еніп жүр еді, — деп өтірікті зу еткіздім.
— Сенің бойыңда қасиет бар екен. Оны айтпай-ақ қояйын деп отыр едім. Түсіңде аян бере ме? Аталарың жаныңа келіп отыра ма?
Хош. Аяқасты бәлеге қалдым. Мен де сол жолға түсуім керек екен. Менің де елді емдеп, қасиетті адам болуым керек екен. Ол күн де тым жақында екен. Кешкісін кел, аруақтармен сөйлестірем, — деді әлгі әжей мекенжайын беріп жатып.
Ордадағы әңгіме
Біз енді Өтеген батыр көшесіндегі Әлмерек баба ордасына бет алдық. Рас, қарапайым халықтың бақсы-құшынаштарға әуектейтіні неліктен деген сұрақ мені жиі мазалайтын-ды. Осы бір сұраққа жауап тапқандаймын. Жоқ, әлде бұл ойды интернет парақшаларынан оқып па едім? Білмеймін. Білетінім — біздің рухымыз тым әлсіз екен. Жүйке-жүйеміз шаршаған. Күйбең тіршіліктің илеуінде көптеген проблеманың шешуін таппай зар боламыз. Іштегі шерді тыңдататын, мұңдасатын, қысқасы, сырласатын адамдарымыз жоқ. Бақсы бір жылы сөз айтса, соған марқаямыз. Рухани қуаттанған боламыз. Шетелдерде әр адам психологтарға барып сырласады. Біздің менталитет сырттың жаманын жамап алуға құмар. Ал жақсылықтарын… Мысалға, отбасылық психологтар жұмыс жасаса, бақсылар бұлай тайраңдамас еді.
Маңдайшасына «Әлмерек баба рухани сауықтыру, имандылыққа баулу» орталығы деп жазылған үйге кірдік. Кіре берісте «Әлмерек баба ордасы» деген жазу «менмұндалап» тұр.
Біз бірден орданың бас емшісі Ермек Мырзагелдиевке кірдік. «Лицензиясы бар халық емшісімін» дейді. Құжаттарын көрдік те. «Әруақтармен, тылсым дүниемен тілдесу, мынадай атам келіп тұр, түгенбай атам келіп тұр дегендерге қарсымын. Бақсылық бар, көріпкелдік бар, содан кейін жауырыншылар бар, құмалақшылар бар, сынықшылар бар. Мұны кім де болса, жоққа шығармайды. Мысалы, мен Ислам дінін ұстанамын. Ғаламды жаратқан да — бір Алла. Мен емдеу тәсілдерін, көріпкелдікті біреуден сатып алған емеспін. Ол ата-бабадан келе жатқан қасиет деп түсінем. Алдыма қанша қазақтың балалары келіп жатыр соларды арақтан, нашақорлықтан арылтып, адам қатарына қосқаным ба менің кінәм».
Ермек Мырзагелдиев ордасын сынап жазған журналисті сотқа беріп жеңіп шығыпты. Ермек «Аққу», «Сұңқарларға» қарсы екен. Ермек мешіт аштырыпты. Ермек балаларға көмек көрсетіпті. Айта берсе, атқарған шарапаты жеткілікті. Әңгімелесіп отырғанымызда сәбиін көтерген келіншек кіріп келді. «Мына қызды емхана адам болмайды» деп шалажансар күйде шығарып тастаған. Міне, бізге келіп жазылды. Қазір екі баланың анасы», — деді Ермек Мырзагелдиев.
Біз ем жүріп жатқан бөлмеге кірдік. Құранға қол қойып, дұға жасау керек екен. Әлмерек бабаның суреті ілініпті. Қырыққа жуық адам отыр. Төрт-бес емші емделушілерді аластап жатыр. Қызығы, құлағымыз һәм диктофонымыз «мен аққумын» деген сөзді шалып қалды. Сұңқылдап қанатын жайған бақсы қылығы қытықтап өтті. Арсыз күлкі де алқымдап барады. Сыртқа шықтым. Соқталдай жігіт тұр. Ызалы. «Біреуі «Сұңқармын» сол аяқ жамандыққа бастайды» деп аяғымды аяғымен жаншып тастады. Жынды ғой деймін», — дейді… Өзі заң саласында қызмет істепті. Ермектен тыңдаған әңгімем мен мына жайды қалай сараларымды білмей тұрып қалыппын.
Мөлдір көз
Әлмерек баба ордасынан шыққанымызда қас қарайған-ды. Мекен-жайын қалдырған әжейдің үйін бетке алдық. Құласаң нардан құла. Көрейік. Білейік. Сөйлесейік. Мені «Аққу», «Сұңқар» хикаясы қызықтыратын-ды. Нұрлан атты «Сұңқарға» телефон шалып едім, аталардың басын аралап жүр екен. Одан топтың көсемі Қыдырәлі Тарыбаев жайлы сыр суыртпақтамақ болғанмын. Бақсылар әлемінде «Ақұл», «Пайғамбар» деген аттарға еге мөрі бар «Аруақтар пайғамбары» (өздері осылай атайды) жайлы азғын әңгіме кімнің болмасын жағасын ұстатар еді.
Межелеген жерге жеткенімізде әжей бос емес екен. Біраз күттік. Біз секілді жоққа иланғандардың саны да аз емес. Өмірлерін ертегі жасап, мына бір әйелдің артында адасқан жандарға қалай дұрыс жөн сілтеуге болады? Белгісіз. Қиял шіркін жүйрік қой. Мына түрлерімен біраз уақыттың ішінде олар интернет арқылы емдейміз десе де таңғалмауыңыз мүмкін. Касперский көкем антивирустың «Әруақ сақтасын» деген түрін ойлап тапсыншы. Қазақ қырылып тұрып сатып алады. Бұлар тіпті компьютеріңізді вирустан қорғайтын «тұмар» да ойлап табулары мүмкін ғой. Мүмкін, бәрі мүмкін…
Менің ойымды бақсы әжейден шыққан қыз бөліп жіберді. Шашы төгілген мөлдір көз жылап тұр. Жөн сұрадым. Осыдан тура он жыл бұрын о дүниелік болған шешесімен сөйлесіпті. «Шашымнан сипады» дейді өксігін баса алмай. Аялы алақанға зар болып, жетімдіктің тауқыметін тартқан қызға қалай қол ұшымды берерімді біле алмадым. Рас айтам. Қатты жүрексіндім. Аруақтармен сөйлесуіңіз былай тұрсын, жын жайлаған мына бір «аруақтелекомнан» алыстауға асықтым. Бірақ қоғамымыздағы қорқынышты ой елестері алқымдап-ақ келеді.
Түйінді ой
Қасиетті Құран-Кәрімде көмескі әлеммен байланыс жасауға тиым салынған. Нақыл сүресінің 20-21-аяттарында: «(Олардың) Алладан басқа жалбарынғандары еш нәрсені жарата алмайды. Олар — жаратылғандар. Олар — өлілер. Тірі емес. Тіпті қашан тірілетіндерін де білмейді», — делінеді. Имам Бұхариден жеткен хадис: «Кімде-кім Алладан басқаға дұға етіп, жалбарынып жүріп о дүниеге аттанса, тозаққа кіреді», — дейді. Ал менің қорқынышым басқа. Әлемде тағдыр-талайсыз үндіс атты халық бар. Жойылудың аз-ақ алдында тұнжырап тұр. Сол үндістер ата бабаларының сүйектерін лашықтарының үстіне сақтайды екен. Ата-баба рухына табынады екен. Басы ауырса, бассүйекті үгітіп, суға қосып ішетін көрінеді. Кейбір ғұламалар үндістердің жер бетінен жоғалып бара жатқанын осындай сенімдермен байланыстырғысы келеді. Біздің қазақ… Жо-жоқ, айта алмаймын. Құдай оның бетін әрмен қылсын.
Айтпақшы, заң орындары «Ақ жол», «Ата жол» дегендердің ісін заңсыз деп тауып еді. Қашан бақсылардың жындары: «Абонент байланыс аясынан тыс жерде. Кейінірек хабарласыңыз…» деп тұрар екен, шіркін!?
Қанат ӘБІЛҚАЙЫР
hair-han@mail.ru
8 705 133 25 25
Просмотров: 2463 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 2.0/1 |
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Шілде 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz