Мой сайт
Жұма, 17.08.2018, 11:53
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2013 » Қараша » 10 » Баланы қалай тәрбиелеу керек?
Баланы қалай тәрбиелеу керек?
21:39

«Баланы жастан» деген қазақ жасынан  берген тәрбие жас қайыңды игендей екенін  айтқан. Олай болса, біз  бүгінгі балаға қалай тәрбие береміз? Байлар  баласына ішпегенді ішкізіп, кимегенді кигізіп, жағдайын толық қамтамасыз етеді. Бағасы қымбат ақылы мектепте оқытады. Көңілі қаласа кез келген үйірмеге баруына, айналысуына мүмкіндігі бар. Мұндай отбасынан нашар бала шыға қоймайды дейміз.  Сөйтіп, бұзықтық пен тәртіпсіздікті тұрмысы төмен отбасының балаларынан шығатындай  көреміз. Бәлкім, бұл мәселе отбасы рөлінің төмендеуінен болған шығар. Өйткені бала жылулықты ата-анадан іздейді.  Ата-аналарымыз болса   тұрмыстың желеуімен бала тәрбиесіне көңіл бөлмейді. Халықтың озық салт-дәстүріне «ескіліктің сарқыншағы»  деп  мән  бермейді.  Балаға ата-ана тәрбиесінің орынын ештеңе толтыра алмайтынын жете ұғынбайды. «Ел  болам  десең, бесігіңді  түзе»-деген   М.Әуезовтың  аталы  сөзі  отбасы  тәрбиесінің  маңызы екенін   айқындайды. Бала отбасынан адамгершілік әліппесін, үлкендермен және кішілермен қандай қарым- қатынаста  болуды үйренеді. Оның есті, саналы  етіп тәрбиелеу ата-ананың бірден – бір парызы. Адамзат  бесігін  тербеткен   ұясы отбасы   болса, баланың  бас  ұстазы-ата-анасы. Отбасы-таным  бесігі, өркениет  ошағы, үлгі-өнеге  бастауы дегенімізбен,  ата- ананың тәрбиеге немқұрайлы қарауынан  қиын оқушылар  көбеюде. Бүгінде  қаптап  кеткен  компьютер  ойындары, казинолар, кафе, бар, би алаңдары  және  газет  бетінде,  үйдегі  көгілдір  теледидардан  балалар  көрмейтін (атыс-тартыс) көріністер  көрсетіліп, темекі мен арақты  жарнамалау  оқушылардың  көңілін  алаңдатып  отырғаны  жүрегімізді  ауыртады. Түнгі жүрістер көбейіп, ішкілік ішіп, есірткіге еліктеген  мектеп жасындағы оқушыларды көргенде кеудеңе реніш сезімі келеді.

-БАЛАНЫҢ ТӘРБИЕШIСI – АТА-АНА, бірақ олар баламның уақытының көбі  мектепте өтетіндіктен тәрбиесіне мұғалім жауапты дейді. Ал ұстаздар: «Біз оқушының сыныптан тыс тәрбиесіне жауапты емеспіз»  дейді   Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?

- Әрбір  ата-ана жүктелген жауапкершіліктің маңызды екенін сезінуі керек. Негізі тәрбие баланың тәні, ақыл, ой танымы, ішкі жан дүниесі, тұлға ретінде қалыптасуына байланысты. Ал аналар тән тәрбиесіне ғана  мән беріп, қалғанын естен шығарып алады. Өз баласынан  өздері алшақтаса біреулер оның тәрбиесіне неге жауап беруі керек? Мұғалімдер тек дәріс беруші. Ал ата-ана өмірге  қажет тәрбиені  береді. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, бала  сол қалыппен кетеді. Мысалы, қыз баланың  анасы талғамсыз киінетін болса, қызы да   соны қайталайды емес пе?! Сондықтан әрбір ата-ана: «Бала  менің болашағым, қалай өсірсем, ертең солай   жемісін көремін»  деп ойлануы керек. Әдетте жақсы мұғалімді жасөспірімдер  өзіне үлгі тұтады. Жүріс-тұрысын,  киім киісін, сөйлеу мәдениетін  өз бойында ұстануға әуестенеді.  Бірақ мұғалімні4 де мұғалимі бар, бес саусақ бірдей емес қой.

-Баланы күтушінің көмегімен тәрбилеуге бола ма? Оның ертеңгі күні пайдасы мен зардабы қандай?

- Неге болмасын. Күтушінің көмегімен тәрбиеленген, дүниеге мәшһүр болған Пушкин, Толстой кімнен кем. Бала күтуші анасының, әкесінің жұмысқа деген уақытын көбейтеді. Тек қараушы адамды дұрыс таңдасаңыз ұтылмайсыз. Өйткені кейбір әйел табиғатынан адал, мейірімді  болады. Баланы жанындай жақсы көреді. Қиын бала болса да қабағын шытпайды. Одан жақсы азаматты  қалыптастыруы мүмкін.  Менің ұсынысым, ата-ана 3 жасқа дейін, мүмкіндігі болса мектепке дейін  күтушіні үйінде ұстаса.

-Бала – өте нәзік, сезімтал адам. Оның жанын жаралау оңай, оқыста айтылған сөз, ауыр жаза өмір бойы жүрегінде қалып қоюы мүмкін. Ол қандай жағдайда өзіндік менін жоғалтады?

- Әке-шеше балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Олармен әңгімелескенде пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмайтын, сырласа білмейтін ата — ана «Екеуміз де жұмыстамыз, кешке үй шаруасынан қол тимейді, сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл сөздер менің жанымды ауыртады. Баламен сөйлесуге арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қызымен мен үй шаруасында жүріп, бірге  ой бөлісуге неге болмасқа?

  Әйелдердің  көпшілігі анасымен сырласпайтынын тілге тиек етеді.  Кешке киетін көйлекті алып бермегенін  ренішпен  айтады. Былай қарағанда ұсақ-түйек сияқты. Бірақ жаңа өмірге қадам басқалы тұрған бойжеткеннің көйлегін тіктірмеген, алып та  бермегені - қыздың ішкі дүниесіне мән бермегені. Тіпті қызымен сырласатын аналар бар ма екен? Біреудің 10, біреудің 15 жасында  әйелдік  белгісі келеді. Ал оған көп қыздар дайын емес. Үрейленгені сондай қатты қорқады.  Анасына  неге ертерек алдын-ала  айтып, дайындамады екен деп өкпелейді.  Аналары болса жыныстық  тақырыпта, әйелдің мәдениеті қандай болуы керек,  тіс жарып айтпайды. Сұрауға батпаған қыздар құрбыларынан сыр суыртпақтайды.  Өкініштісі анасы мен қызының арасында  әйелдік өзара түсіністік жоқ.

-Ата-анасының көңіл-күйі болмаса, бала тәрбиесімен қалай айналысуы керек?

- Мен ойлаймын, баланы жоспарламай тұрып,  ата-ана болуға дайынбыз ба деп жас жұбайлар ойланса. Сол балаға қажетті материалдық және психологиялық жағдайларды  ақылмен шешіп дайындап қойса.  Мүмкін  сонда жылайтын бала   саны азаяр  ма еді... Біздің аналарымыз алла берді деп,  туа беретін сияқты кейде. Әрине,  қазақтың санының  көбейгенін құптаймын. Демографиямыздың өсуіне қарсылығым жоқ. Бірақ сапасы қалай, жылап жүрген 10 баладан, өзін бақытты сезінген бір бала артық па екен?

   Әлбетте,  көңіл-күйі   болмаса, бала тәрбиесімен айналысу қиын. Ашудың жетегінде кетпей, ата аналар өзін сабырға шақырса.

 -«Балам, сәл шыдашы. Менің мазам болмай тұр. Сенімен сөйлесуге шамам жоқ. Шәй-тамағымды ішіп, жарты сағат демалайын. Сонан кейін келе ғой» - десе, 3жасар баланың өзі сөзге  түсінеді. Ал қабағынан қар жауған  ата-ана жөнін айтпайды. Дөрекі сөйлеп, баланың жанын жаралайды. Өзіне деген ықыласын суытады.  Мысал. ҰБТ балалардың психологиясына кері әсерін тигізуде. Мұғалімдер оқушыға, іке мен шешесіне баласына «Алтын белгіні»  аласың дейді. Олардың талабы мен тапсырмасына баланың шақшадай басы шарадай болады. Тесттен жоғары балл жинай алмаған кейбір оқушы аяғында өзіне қол жұмсайды.  Неліктен сол ересек адамдар үңілмейді екен баланың ішкі дүниесіне, қабілеттеріне? Оқиды ма, оқымайды ма бірақ дені мен жаны сау болып жүргені бірінші нысана болса шы.

-Баланың ақыл қосатын сенімді көмекшісіне, жақын досына айналуы үшін нені білуі керек?

-Бала психологиясын жете білу керек. Әрбір өзін танитын, өз ішкі дүниесін білетін адам баламен де  тіл табыса  алады.  Әркім балалық шағын еске алсыншы. 4-6-12 жасыңызда нені армандадыңыз? Анаммен, әкеммен әңгімелессем деп ойлаған шығар. Соны еске түсіріп,  жүзеге асыруына болады. Анаңыздың қай қасиеттерін қабылдамайтын едіңіз? Кейде анасының қаталдығына өкпелеп жүрген қыздардан жақсы ана шығады, н дегенде олар өз анасының кемшіліктерін жоюға тырысады. Олар балаларына келгенде қаталдық танытпайды.  Өкініштісі, кейбіреулер өз ата анасының мінезін үлгі етіп қайталайды, мені жақсылап соғатын еді, өліп қалған жоқпын, сен де шыдайсың деп баласын кемсітеді, бала пікірін таптайды.

 

-Балаға үнемі мейірімді болу дұрыс па? Жұмсақтықтың салдарынан «қиын»  балаға айналмай ма?

-Мейірімді болудың артықтығы жоқ. Бірақ ара-жігін сақтау  керек. Жұмсақтық танытам деп, баланы төбеге  көтеруге болмайды. Ата-ана баласына ір жағдайдың белгілі межесін ұқтырғаны жөн болар.

  Ал қиын бала  отбасындағы түсініспеушіліктен туындайды. Олар    әке-шешем түсінбесе, ешкім  де түсінбейді деп ойлайды. Содан бастап қарсылық таныта бастайды. Бала өмірге келген кезде ең бірінші дағдарысы (кризис) туғаннан 1 жасқа дейін болады, екіншісі 7-8 жастағы кризис, содан кейін мүшел —13-14 жастағы, сосын 21-22 жаста күйзеліске ұшырауы мүмкін екен. Ата-аналар осыны жадынан шығармаса екен. Мысалы, баланың сыртқы пішіні әкесіне, болмаса анасына, атасына ұқсауы мүмкін, ал, жан-дүниесі олардан мүлдем басқа болады. Ата-аналар баласына ұрысып, қарсы шыққанша, реті келгенде қолдап, баламен кеңесіп те отырса артық емес. Мамандық таңдайтын кезде де оларды шектемеу керек. Сонда ғана баланың психологиясы дұрыс қалыптасады. Мысал келтірейін. Қазаққа музыкант болу әдіс емес, одан да программист боласын деп, әкесі ұлын жібермейді консерваторияға. Лаж жоқ, сөз айтпай жігіт әкесі таңдаған оқуын бітіріп шығады. Бірақ ішкі наразылықтың салдары: ойын құмарлыққа берілгені соншалықты пәтерлерін тігіп ұтылады. 
-Егер  баласы мен әкесі, қызы мен анасы  жанжалдасып қалған жағдайда кім бірінші татуласқаны  жөн?(10-13, 13-18, 18-25 жас аралығындағы балаларды сұрап отырмыз)

 

-«Кең болсаң, кем болмайсың»  дейді. Егер үлкендер кең болмаса, балалары  кеңшілікті қайдан  үйренеді? Кішіпейіл әке-шеше: «Иә,  балам, артық кетіппін. Мені кешір» деп  алғашқы қадамды өзі жасайды.

Кеңпейілділікті көрген бала да  кешірімшіл  болып өседі. Бір қызығы алдыма келген адамдардың көбі «кешірім» сұрауға арланады.  Ондай сөзді айта алмаймын дегендер қаншама. 

-Баланың кемшілігіне қабақ шытпай, үнемі мақтап отыру психологиясына қаншалықты әсер етеді?

-- Әрине кемшілігін айту керек.  Үлкендер қателігін ескертпесе балалар кемшілік екенін  қайдан біледі. Ұл балаларға:

-Балам, сені өте жақсы көремін. Сен менің баламсың. Бірақ сабаққа кешігіп барып жатсың. Осыған мен ренжимін. Маған  осы қылығың ұнамайды.

Ал қыздарға:

- Қызым сен сұлусың, ақылдысың, сондай сымбаттысың. Бірақ мына ыдысты дұрыс жумапсың. Соны дұрыс тазаласаң қайтеді?  Міне осылай қызыма кемшілігін көрсеттім, бірақ жанын жаралағаным жоқ.

Сонда баланың жанында әке мен шеше махаббатын сезіну  даусыз, ол біліп тұр тек кейбір қылығы ұнамай тұр, бірақ жалпы анасы мен атасы сүйіспнншілігін азайтқан жоқ. Қатты ұрысты естіген балалар әдетте мені енді ешкім жақсы көрмейді деп қайғырады.

 -Баланың бойына екіжүзділік, тәкаппарлық қайдан ұялайды? Ортасынан ба, әлде отбасылық қарым-қатынастан ба?

- Әке- шешесі баласына «бестік» әкелмесең жақсы көрмеймін дейді. Ал бала олар үшін бестік алуға ұмтылады. Шамасы жетпесе, мұғаліміне 5 қоймасаңыз әке-шешем ұрсады деп жылайды. Жаны ашыған мұғалім көңілі үшін қойып береді. Сонда бұл екіжүзділік емес пе? Балаларға өтірік айтпа дейміз. Ал өтірікті алдымен өзіміз айтамыз. Телефоннан мені үйде жоқ деп айта сал дейтін бар емес пе арамызда?

-Баланың пікірімен келіспесеңіз не істеу керек?

-Пікірімен келіспесесіңіз,  өз  пікіріңізді  дәлелдеуіңіз керек қой. Отбасында «ана киімді ки, мынау жұқа» деген пікірталас жиі болады. Қай ана болмасын, суық күнде баласының жеңіл күртешені кигеніне жүрегі ауырады. Сөйтіп аяғына қалың етік, үстіне қалың киім кигізеді. Ол балаға ұнамайды. Оны жәйлап түсіндірген жөн.

 - Балам жеңіл киіммен суықтап,  ауырып қаласың, мен күнімен сені ойлап жұмысыма көңіл бөле алмайтын шығармын.

 

Өлшемі үлкен, ұнамайтын тон алса, кешірім сұрау керек.

 -Кешір мен артық алып қойыппын. Саған ұнайтынын алу үшін бірге барайықшы...

   Былтыр қызыма киім іздеп, екеуміз бір ай жүрдік. Ол белі ашық кішкентай күртешелерді ұнатады. Мен оны қаламаймын. Не керек, әйтеуір бір киімді таптық-ау.Лайықтысын іздеп, қаншама уақытымызды жоғалттық. Не болса да баланың пікірін, менін жоғалтып алмаған дұрыс. Өзімнің беделіме басып, ана ретінде  оған қарсылық таныта аламын. Маған ол түкке де  тұрмайды. Бірақ қазірден менін жоғалтқан  бала маған керек пе? Ондай адамнан қоғамға келіп кетер пайда бар ма? Қазір баламның  кешігіп келгені ұнамаса да сабырмен қараймын. Ол тұлға. Оның өзіндік пікірі бар. Мәселен Менделеевтің өзі   үшке оқыған ғой. Сондықтан балам барлық пәннен  неге 5 алуы керек?

-Ата-ананың тым талапшылдығы, ақыл-кеңесі, ащы әзілі баланың жан дүниесіне қаншалықты әсер етеді?

- Ащы әзілді айтатын адам баласын қаншалықты жақсы көреді деп сұрақ қояр едім.

   Жаңағы ЕНТ-ні тағы  мысалға алайын. Әрине бұл оқушыға үлкен талап.  Бірақ ата-ана баласының қабілетін, білімінің деңгейін білді ме? Өмірде болған жағдайдың бірі,  бір әйел ұлына домбыра шертесің деді. Домбыра шертпейтін қазақ жоқ. Оның талабымен  келісуге де болады. Әрбір қазақ домбыра шертсе, ішкі мәдениетіміз, өнерге деген талпынысымыз күшеймес пе  еді? Бірақ сол талап  үлкен жанжалға айналды.  Бір-екі жыл өтті. Баласы  домбыра  шерте алмайды. Кейін араға  мен араластым. Домбыра сыныбының мұғалімін, оқушының  анасын шақырдым. Сөйтсем, баланың саусағы келте екен. Әйел тумысынан берілген бітімін қабылдамай, домбыра шертесің деп, қисынсыз талап қойған. Сонда мұғалім: «Мен үйретіп жатырмын, бірақ саусағы қысқа деді. Міне анасының талабынан ұлы өзіне қапа болып, өкпелеп жүрді ғой. Мамам ашуланады деп, өзін кінәлі сезінді. Ал шындығында оның  кінәсі жоқ қой. Мәселен көзі көк қазақтар бар. Сенің көзің көк, қазақ емессің дейміз бе сонда?

 

-Қазір  «баланың тәрбиесіне бірінші шеше, екінші мұғалім жауапты» деген түсінік бар. Бұлай болуы заңды да шығар. Бірақ ең бастысы әке жауапкершілігін ұмытып бара жатқан сыңайлымыз. Құранда: «Әйел мен ер бірдей құқыққа ие. Алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» - делінген. Баланы асырап бағу, тәрбиелеп өсіру әкеге де міндет. Дегенмен  кейбір жанұяда баласы жаман қылық танытса күйеуі әйеліне: «балаға, қызға  қарамай, не істеп отырсың?» деп жерден алып, жерге салады. Бұған не дейсіз?

- Бәрін әйелге жүктеу оңай ғой. Ондай әкелерді   әкелік махаббаттан, әкелік қасиеттен  жұрдай деп ойлаймын. Әкесінің әкелігін сезінбеген жігіттің  жақсы әке болуы екіталай. Баланың екі қанаты бар. Ана мейіріміне  бөленгенімен, екінші қанаты жаралы ғой. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді.  Әкесінің тәрбиесін  көрмесе  бала қандай жігіт болады? Ер балалар мектепте де, балабақшада да  әйелдердің  тәрбиесінде. Содан қыз мінезді жігіт  қалыптасады. Оқырмандарға айтарым, ұл баланы әкесінің жұмысына жіберіп, әкесінің достарымен бірге болып, еркектік мінезді  бойына сіңірсе....

-Кейбір ата-аналар тәрбие деген, баланы тамаққа тойдырып, жақсы киіндіру деп түсінеді. Баланың сұрағына «қойшы», деп қолын сілтеп жауап береді. Негізі баламен қалай сөйлесу керек?

- Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Өзім киінемін деген үш жасар балаға таңертең асыққан анасына қолын қағып жітеріп өзі киінтіреді. Бұл қате түсінік. Бала ержеткенде жалқау болса, сол кездегі анасының қателіктері емес пе жол салған? Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу,зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді.

-Үй-ішінің ұсақ-түйек кикілжіңдерін де жасыра алмаймыз. Баланың көзінше қырсыз мінез көрсетіп, оның бойына теріс көзқарасты қалыптастырамыз. Ұрыс-жанжалды көріп өскен баланың болашағына әсер ете ме?

- Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етуі әркімге белгілі шығар. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз. Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы (қоғамның мүшесі) қисық өсті дей беріңіз. 

Просмотров: 10871 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 4.8/15 |
Всего комментариев: 0
Форма входа

Календарь новостей
«  Қараша 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz