Мой сайт
Жұма, 20.04.2018, 05:38
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2010 » Шілде » 30 » ДАҒДАРЫСТАН ДЕПРЕССИЯҒА ДЕЙІН
ДАҒДАРЫСТАН ДЕПРЕССИЯҒА ДЕЙІН
17:28
 
«Алаң да алаң, алаң жұрт...» деген осы болды-ау, қазіргі заманғы орташа қалыптағы адам-пенделердің күнделікті күйбең тірлігі тұнып тұрған стресс. Ал, тележәшікте де, жұмыста да, дүкенде де, автобуста да айналаңдағылар ғаламдық дағдарыс туралы жақ жаппай қақсап, сарнай берсе, әлгі стресс дегенің ұлы дүрбелеңге ұласып, депрессияға ұшыратып, үрейіңді ұшырып, жүйкенің жүдеушілігіне соқтырып, адам психикасының басқа да бұзылуларына тап қылары анық.
Ілгері озған батыс елдерінде мұндай жағдайларға жолыққан жаны жабырқау жандар арнаулы мамандарға, яғни психологтарға, психотерапевтерге, психо-аналитиктерге, психиатрларға барып кеңес алып жатады. Ал, бізде ше?..
 
Кейбір психологтардың айтуынша, бұдан жиырма жыл бұрын, яғни Кеңес Одағы уақытында көптеген отандастарымыз стресстің емін «ащы судан» тапты. Ал қазіргідей, түрі түр жарым ғаламдық дағдарыс аулаңда асыр сап жүргенде өз проблемаларын рөмкенің түбіне батырып, тұншықтыруға дәт ететіндер некен-саяқ.
 
Біріншіден, жұмысыздық етек жайып, еңбек нарығында бәсекелестік шиеленісіп тұрғанда кәйіп-мастықтың бұлдыр тұманына сүңгіп, ғайып болатын уақыт емес бұл.
 
Екіншіден, Қазақстанның белсенді тұрғындары арасында арақ-шарапты азайтуға бағытталған бетбұрыс байқалғалы біраз болып қалды... Қысқасы, көңіліңдегі көлеңкелі кірбің сезіммен күресте «ақаңның» көмегіне жүгіну бүгінгі таңда қол емес.
 
Ал, дағдарыс тұсында түрлі жан тыншытып, жүрек басатын, жүйке орнықтыратын дәрілік препараттардың айдарынан жел есіп тұрғанға ұқсайды. Дәріханалар жүйесіне әдейі мониторинг жүргізген ештеңеміз жоқ, дегенмен де біз жолықтырған провизорлардың айтуынша, соңғы уақытта валериана, ново-пассит сияқты дәрілердің сұранысы артқандығына қарап, адамдар арасында жүйкесі сыр берушілік белең алып тұрғанын аңғару аса қиын емес.
 
«Қазір таблетка түріндегі валериана мен персен дәрмектерін біз дағдарысқа дейінгі кездегіден гөрі көбірек алдыртатын болдық, себебі жалпы алғанда оларға деген сұраныс ұлғайып отыр»,-дейді дәріхана меңгерушісі-сатып алу менеджері Миуаш Меңдібаева. Дейтұрғанмен, жан күйзелісін «қырық градустың» уытымен басу немесе таблетка жұту жолымен жеңу аса тиімді емес амал.
 
Тап осы тұста жақында бізде қонақта болған алматылық (Ақтаудан психологиялық кеңес беретін жеке орталық табудың сәті түспеді.-М. Ә.) «Ер-Арнар» кризистік орталығының психологы, Қазақстандағы психоанализді дамыту Қорының төрайымы Ирина Терентьеваның пікірлерін тілге тиек етеміз: – Бұл дағдарыс,-дейді ол,- отандастарымыздың жан сырқаттарын ушықтырып жібергендей, күн санап психологтарға жүгінушілер қатары көбейе түсуде. Бізге күйеулері жұмыстан босап қалған, сосын депрессияға ұшырап, ішкілікке бой ұрған, тіпті, отбасында ұрыс-төбелес шығаруға шейін барған жәбірленуші әйелдер кейінгі кезде көптеп хабарласатын болды.
 
Тәңір атқыр несие-қарыздарын төлеу мүмкіндігі сарқылғандықтан жан күйзелісіне шалдыққандар жиі-жиі қоңырау шалатын болды. Мәселен, бір әйелдің атына күйеуі қатарынан үш несие толтырыпты да, артынан оларды өтеу мұңға айналғанда отбасын тастап, тайып тұрыпты. Байғұс әйел қайтерін білмейді, басын тауға да, тасқа да ұрады, жүйкесі әбден тозады, уайым-қайғыға көміледі, сөйтіп, өзінің жанайқайын психологтарға жеткізеді».
 
Кризистік орталықтарға мұң шағушылар қатарының қаншалықты артқандығының дәл статистикасы әлі белгісіз, бірақ шамамен 20-25 пайызға көбейгені анық дейді. «Ұдайы стресстің қысым-салмағына көнуге адамның жүйке-жүрегі шыдас бермейді. Әуелгіде беймәлім үрей-үркініш пайда болады адамда, мазасыздық белең алады, сосын ұйқыңның ұйқы-тұйқысы шығады, қан қысымы жоғары шапшиды, жүрек дүрсілдейді, ентігуге жолығып, кеуде тұсыңда түсініксіз бір ауру бас көтереді... Міне, осы ауруды көпшілігіміз жүрекке телиміз», дейді маман.
 
Егер адам жоғарыдағы жайсыздықтарды айтып қатардағы терапевт-дәрігерге қаралса, оның ағзасынан адырайған ауру анықталмас та еді. Дәлірек айтқанда, кез келген жаннан осы күнгі кең таралған гастрит немесе пиелонефрит табылуы мүмкін, ал әлгіндей симптомдармен сипатталатын нақтылы ауруды таба қою қиын. Өйткені, оның себебі былай – аталмыш проблема органикалық сипатта емес, ол неғұрлым психологиялық реңкте.
 
Сондықтан, адамның тәнін емес, бұл ретте адамның жанын емдеу керек. Қысқасы, ондай депрессияға бой алдырып, жаны күйзелген жанға миды магнитті-ырғақты томографиядан өткізудің немесе толық кардиологиялық зерттелудің қажеті жоқ, оған ең керегі – әуелі психологиялық ақыл-кеңес, жақындарының жылы қабағы, сосын білікті психологиялық-терапиялық жәрдем.
СТРЕСС ПЕН СУИЦИДТІҢ АРАСЫ... Қазіргі басымызға орнаған ғаламдық қаржы-экономикалық дағдарыс өзімен бірге бірқатар суицид әрекеттерін ала келді. Шортандарды неғыламыз, әңгімеге акулаларды арқау етейік:
...2008 жыл, қазан. Аса ірі «SKGL» қаржы компаниясының қожасы және оған қоса «Pricewaterhouse Coopers» бен «Sony Pictures» компанияларында қаржы менеджері болып қызмет атқаратын американдық миллионер Картик Раджарам таяп қалған банкроттықтың тықырынан қорқып өз отбасының үш буын өкілін опат қылып барып, соңынан өзін өзі атып салды...
 
...2008 жыл, желтоқсан. Американдық «Accsees InternationaІ» консалтингтік компаниясының негізін қалаушы ірі бай Тьерри де ля Виллюше стресс пен депрессия тығырығынан шығарға тесік таппай, ерікті түрде жарық дүниемен қош айтысты...
 
...2009 жыл, қаңтар. Шамалы аумақты шулатқан «дағдарыстық» жанықастықтың қатар тіркелген қос фактісі орын алды. АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік сататын белді ұйым – «Sheldon Good & Company Auctions International» компаниясының бастығы ақшадан пішен үйген Стивен Гуд жаны күйреуге ұшырап, өзіне өзі қол салды.
 
...Бүкіл «кәрі құрлықтағы» дәрі-дәрмектің құдайына айналған атышулы «Ratiopharm» концернінің иесі, неміс миллиардері Адольф Меркле (оның Қазақстанда да цемент өндірісі бар. Әйгілі «Форбс» журналының сараптауынша, ол әлемдегі ең бай магнаттардың бірі.- М.Ә.) өз қазына-байлығының көзапара құрдымға кетіп бара жатқанынан жаны жапа шегіп, стресстің қақпанынан құтыла алмай, депрессиядан делқұлы боп, өзін өзі пойыздың доңғалақтарына туратты...
 
Тіфә, тіфә... Қазақстанда әзірге ешкім «ғаламдық қаржы дағдарысының салдарынан суицид саны артып отыр» дегенді айта қойған жоқ. Кейбір психологтардың шамалауынша, батыс елдерінің тұрғындарымен салыстырғанда біздің шыдамды да көнбіс халқымыз дағдарыстардың зардаптарына анағұрлым дайын әрі оған оп-оңай бейімделе қоятын көрінеді.
 
Біз болсақ «Қалдыбас-көкеміздің» қайта құруынан бері қарай мұндай «кірзістердің» талайының кермек дәмін ащыладық емес пе? Біздің дағарыстарымыз құдды кібісе жыл секілді оқтын-оқтын соғып өтеді, ал, андай-мұндайға әбден еті үйреніп болған адамдарымыз қай жағдайда қалай қимылдау керек екенін алдын ала шамалап сезіп-біліп отырады.
 
Өзіңіз салыстырыңызшы: Мысалы, Маңғыстауда су тасқыны болар болса, бұл біздер үшін сұмдық стресс, үлкен уайым-қайғы әкелер еді. Ал, Венеция үшін су басу – күнделікті дағдылы жағдай, олардың бәрі қайықтардың қай жерде тұратынын, кімнің жүзіп, кімнің жүзе алмайтынына дейін бес саусақтай біледі. Сол сықылды, қашаннан қара суға қарын тойдыруға бейіл, қанағатшыл да шүкіршіл біздің қазағымыз үшін қаржы дағдарысы дегенің – Венеция тұрғындары үшін су басу қандай болса, тап сондай...
 
Психологиялық тұрғыдан алғанда, бұл дағдарыс Қазақстанда бәрінен бұрын орта тапқа батыңқыраған секілді. Қашаннан өнжеусіз жалақымен күн кешуге әбден көндігіп, айдан айға «шықпа, жаным, шықпалап» жететін жұпыныларды қаржы дағдарысы онша көп әбіржітпейді де. Ал, қарны жуан, әукесі салбыраған, қалтасы қалың шын байшыкештер шығын шеккенмен депрессия аулына маңайлай қоймайды, ертең дағдарыс сейілген соң кетілген капиталдың кем-кетігін қайтадан қалпына келтіре қояды олар.
 
Енді ортадағы топқа тоқталайық, олар, әлбетте, «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, байларға жетуге барынша тыраштанып-ақ баққандар ғой. Олардың бірқатары түрлі игіліктерді несиеге алған. Және де пайызы өсіңкі банктік несиені тек өзінің құт қара басына ғана толтырған жоқ, миллион-миллион несие-қарыз фирмасының атына алынып, қымбат авомобильдер, сән-сәулетті офистер, бренд-киімдер, т. с. с. үшін жұмсалды. Бұл «жалтырауық» дүние-мүлік көп ортада әлгі иесінің кеудесін кергізіп, оны бұтқа толтырып, табысты тасытып жатқандай етіп көрсетті. Енді сол дүние-мүлікпен (жалған дәрежемен) қош айтысу қандай қиын, тіпті, қандай азап десеңізші...
 
Әлгі батыс елдерінде тәп-тәуір табысы бар менеджер-бизнесмен кез-келген қуысқа тұмсығын тыға қоюға оңтайлы шап-шағын «малолитражка» мініп жүре берер болса, біздің орташалар үшін автомобиль дегенің бәсеке-байрақ, даңқ-дәреженің, шен-шекпеннің өтірік өлшемі және де «крутой» джип пен жарқыраған седанды битін сығып, бар тырын салып алады ғой cабазың... Енді одан қаржы дағдарысына байланысты проблеманы шешу үшін айырылудың өзі «қарлықаратау» бір бейнет-ау.
 
Психологтардың бәрі де ғаламдық дағдарыс әйелдерден гөрі еркек кіндіктілерге батыңқырайтынын айтады. Олардың ой-санасына ондаған, жүздеген жылдар бойы үйдің қожайыны, табыскері, асыраушысы деген міндет-керліктерді мықтап шегелеп тастаған. Енді табыс тоқырап, тұрмыс дағдарған тұста жаңағы аталған стереотиптерге сәйкес келе алмау, сол дәрежеден көріне алмау еркек басына сын боп көрінеді. Ол дәрменсіздікті сезіне тұра, осы әлсіздігін мойындауды ар санағандықтан орасан зор психологиялық жайсыздыққа душар болады. Іштей мүжіліп, қаралай құмығып жүргені.
 
Кейбіреулері үшін бұрынғыдай әйеліне, бала-шағасына дауыс көтере сөйлеудің өзі мұңға айналады. Себебі, енді олай етуге моральдық қақы жоқ. Сондықтан шығар, кризистік орталықтардың психологтары қазіргі сәтте өз отбасыларын бүлінуден сақтап қалу жолында хабарласатын еркектердің көбейе түскенін мәлімдейді. Әйелдер қауымы болса өз эмоциясын бәсеңдету жолын таба алады – құрбыларына шерін тарқатады, үй шарауасына кірісіп кетеді, тіпті болмаса көз жасына ерік береді. Ал, еркектер өз қайғы-мұңын көбіне көп сыртқа шығармайды, эмоциясын тұншықтырып, тілін тістеп, іштен тынады.
 
Мәселен, кей отағасылар әйелдеріне кейбір тауарды әзірше алмай қоя тұрған жөн екенін ұғындыра алмай қор болады да бар айтарын ішке бүгеді емес пе?.. Қазіргі мезеттегі отағасылар үшін ең үрейлі нәрсе – жұмыссыз қалу қаупі мен банк несиесін төлей алмау тақсіреті екен. Негізінде қиындықтар, стресстер, дағдарыс, күйзелістер оған дұрыс баға беріп, жақсылап сабақ түйсе кез келген адамды шыңдайды. Дегенмен де, іштен мүжілуі салдарынан, жан күйзелісін сыртқа шығармай, ішқұса боп жүргендіктің кесірінен инфаркт пен инсульттен еркектер көбірек көз жұматыны белгілі.
 
Мұндайда психологтың көмегіне жүгінуді қазақ еркектері ыңғайсыз көреді, тіпті, ұят санайды. (Ақтауда да арнайы ер-азаматтарға бағытталған кризистік орталық құрылса ғой...) Мамандар айтады, стресстен туындайтын қорқыныш-үркінішпен, үрейлі сезіммен күресудің кез келген адам үшін қолжетімді жолдары бар. «Психологияда оң бағытта ой түю (позитив. мышление) деген түсінік бар,-дейді облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Іргебай Жарылғасынов мырза.
 
Айналаңда жүріп жатқан процестерден мүмкіндігінше оң сипат, жақсы нышан іздеу керек. Әр адам үшін дағдарыс – сілкінетін шақ, белсенділік танытатын тұс. Дағдарыстан өзіңше сабақ түйесің, шыңдаласың. Ең бастысы – оның уақытша, өтпелі нәрсе екенін есте ұстаңыз. Қазекемнің осындайда айтылатын псиологиялық мәтелі бар ғой: «Бұдан да жаманымда тойға барғанмын» деген. Сол секілді, адамдар «қайта құру» заманындағы тарымшылық, ауыртпалықтарды, бөтелке арақ пен көсек сабынды қырылып-жойылып талонға алғанын, сол тұстан да аман өткенін еске түсірсін. Ертең-ақ бәрі де жөн қалыпқа түсетінін әркез ойласын. «Сондай-ақ, стрессті жеңілдетудің бір амалы – юмор, сондықтан комедиялық шығармалар мен әзіл-оспақ қойылымдарды көбірек қараған жөн», дейді І.Жарылғасынұлы. – Адамдарға жағдайды жәй ғана логикалық тұрғыдан қабылдап, оған бой үйрету керек,- дейді Іргебай Жарылғасынұлы.- Дағдарыс, бұл – кенеттен жауған қар сияқты. Біреулер үшін бұл «қар» - күтпеген жайсыздық, кенеттен келген кесір болып есептелсе, екінші біреуге әдеттегідей, жайбарақат, дағдылы ауа райының құбылысы ғана, оған тек қана бейімделе білсек жетіп жатыр...
 
АБУ Мурат Базарханұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
http://www.tumba.kz/
Просмотров: 2242 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Шілде 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz