Мой сайт
Бейсенбі, 13.12.2018, 04:15
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2010 » Ақпан » 3 » Психологтардың рөлiн бiзде құмалақшылар атқарып жүр
Психологтардың рөлiн бiзде құмалақшылар атқарып жүр
20:13
 
Жұма. Қыстың суық күнi. Түркiстан сауда кешенiнiң төмен жағынан басталып, Райымбек даңғылына дейiн созылып жатқан гүлзар. Бұл – бақсы-балгер, құмалақшылардың шоғырланған ордасы. Иемденiп алған тұрғылықты орны десеңiз де болады. Олар қысы-жазы, жыл он екi ай осында. Бұл жерде небәрi 10-20 минут iшiнде ашылмай жүрген бағыңызды ашып, жоғалтқан жоғыңызды тауып, ауырған басыңызды, сырқаған аяғыңызды ауруынан жазып, кеше не болғанын, тiптi ертең не боларын да бiлуге болады-мыс.
 
Мәселеңiздiң күрделiгiне байланысты бұл қызмет түрiнiң ақшасы да жоғарылай түседi. Бұлардың арбауына үйiнен жыраққа алғаш шығып, өмiрлiк мәселелермен бетпе-бет келгенде, шешiмiн таппайтын студенттер, әсiресе студент қыздар көп шырмалады. Айтпақшы, кейбiреулерi студенттердiң жағдайына қарап, «студентпiн» десеңiз «ставкасын» түсiредi. Қаражаттан қысылып, жеке өмiрiнде жолы болмаған студент құрбыларымның балгерлердiң қызметiне жүгiнгенiнiң талай куәсi болдым.
 
Сан рет естiгенше, бiр рет көрейiн деп, өзiм де барып, балгермен сұхбаттасып көрудi ұйғардым. Сауалыма жауап беретiндей адам iздеп бiр шарлап шыққанымда аңғарғаным, бәрiнiң де алдында клиенттерi бар. Кеше үйге бара жатқанда әдейiлеп осы жермен жүрiп, отырғандарды санап өткенмiн. Барлығы 27 едi, ал бүгiн 31 адам отыр.
 
Солардың бiрiнiң босағаны сол едi, жүрексiнiп болса да, әйтеуiр, алдына бардым. «Отыра ғой, қызым» деп орындықты нұсқады. Жайғасып отырып алғаннан кейiн құмалақ аштыруға емес, бiр-екi сұрақ қоюға келгенiмдi айттым. Дереу өңi өзгерiп кеттi. «Журналиссiң бе?... Жоқ, ештеңе айта алмаймын. Әнеугүнi бiреу 1000 теңге берiп, алдап менi камерға түсiрiп алыпты. Үйге барып теледидар қарасам, экраннан менi көрсетiп жатыр. Бiздi «бұлар – аферистер, алаяқтар» деп барынша жамандап жатыр. Қызым, бара ғой! Бәрiбiр ештеңе айтпаймын сендерге. Бiлем сендердi.» – дейдi безек қағып. Журналист дегеннен әбден қорқып қалыпты.
 
Мен де бой бермей, «Аға, мен – журналист емеспiн, студентпiн. Сiздi камераға түсiрейiн деп жатқан жоқпын ғой. Тек сұрағыма жауап берсеңiз, жетiп жатыр...» десем де болмады. Ақыр соңында ақша берсем, сұрақтарыма жауап беретiн болып, бiрақ аты-жөнiн айтпайтын болып келiстiк. Сонымен, диктофонды алдына қойып, сұрағымды бастадым.
 
«Мен 1996 жылы қазанның 7-сiнде түс көрдiм. Түсiмде бiр шал маған аппақ боркәмпит сияқтыны «мынау – сенiң наның» деп әкеп бердi. Ертесiнде тұрдым да құмалақты бастап кеттiм. Менiң егiзiм бар. Ол да құмалақ ашады. Шешем де көрiпкел адам болған» деп бастады сөзiн. Сонда санап көрiңiз, 1996 жылдан берi бiрталай уақыт болыпты. 14 жылға айналып барады. Аз емес. Сол уақыт iшiнде осы адамның кесiрiнен қанша адам алданғанын ойлай берiңiз. «Бiр келген адам мiндеттi түрде 3-4 рет қайта айналып, тағы келедi. Нөмiрiмдi, адресiмдi жазып алып, сонымен хабарласады.
 
Қазiр телефонымды жоғалтып алдым, мына блокнотқа олар өз нөмiрлерiн жазып кетiп, өзiм хабарласып жүрмiн» деп қалтасындағы адреске толы кiшкентай блокнотты көрсеттi. «Мұнда көбi әйел адамның есiмдерi» ғой деп едiм, «Негiзiнен келушiлер әйел адамдар ғой, жас қыздар көп, жiгiттер де аз емес. Әрқалай, ауылдан келгендер де бар, осы қаланың байлары да бар.
 
Байлар мына орындыққа отырмайды, түрегелiп тұрып, сұрап алып 1000 теңге тастап кете бередi. Олар жұмысына, ақшасына, бала-шағасына аштырады, Қыздар жiгiттерiне, жiгiттер қыздарына «менi сүйе ме, сүймей ме, басқа бiреуi бар ма?» деп аштырады. Кейбiреулерi жоқ iздеп келедi. Басындағы қиыншылықтарын айтып, «не iстеймiн?» деп жылайтындар да бар алдыңа келiп» дейдi.
 
Психологтардың айтуы бойынша, бақсы-балгер, құмалақшыларға иманы әлсiз, дiни бiлiмi таяз, күйзелiске түскен, iштегi шердi тарқататын, сырласатын-мұңдасатын ешкiмi жоқ адамдар барады.
Барғандар құмалақшылардың айтқан жылы сөздерiне марқайып, рухани қуаттанып қалады. Олар шешiлмей тұрған мәселесiн тындырып тастағандай, сөздерiне имандай сенiп, ендi өзi ғана емес, өзгенi де сол жерге алып барады.
 
Осылай шетелдердегi психологтардың (психотерапевт­тердiң) ролiн бiзде құмалақшылар атқарып жатыр. Бұл бiр жағынан халықтың санасының төмендiгi болса, ендi бiр жағынан қалтасының таяздығынан да болар. Өйткенi Алматыда психологиялық кеңестiң 1 сағаты орта есеппен 5 мың теңге тұрады. Ал кей жерлерде ол 17 мың теңгеге дейiн жетедi.
Кеңсе жалдайды, басқа да шығындары бар. Қызметтерiнiң қымбаттығын осы себептермен ақтап алады.
 
Осы тұста «Балгерлер отырған жерi үшiн ақша төлей ме екен? Төлесе кiмге?» деген сауалдар туындады. Сонымды, әңгiмемiз қызып тұрған шағында балгер ағайымызға қойып жiбердiм. «Бұрын осы жердi қарайтын милицияларға төлейтiнбiз. Бәтима деген келiншектi «старший» қылып сайлап қойғанбыз. Сол бәрiнен күнде 100 теңгеден жинап, соларға апарып беретiн». Ағамыз айтпайтын құпиясын ашып тастағанын ендi түсiнгендей ары-берi қипақтап кеттi. «Сұрақтарың болды ма? Клиент келедi. Орныңды босат!» «Иә, болды, көп рахмет! Сау болыңыз!» деп мен де жылжыдым.
 
Бiлгiм келгенi – дәл осы «ақшаның» кiмнiң қолына баратыны едi. Бұл территория Медеу АIIБ 71-пунктiнiң қарауында екен. 71-пунктiнiң учаскелiк инспекторы Рахымжан Әбдiрахманов: «Құмалақшылардың ешқайсысын танымаймыз, Бәтима деген келiншектi де бiлмеймiз. Олар – бал ашып, күнiн көрiп отырғандар. Сондықтан, ол жерден оларды қуа алмаймыз», – дедi. Мүмкiн айтқандары рас та болар, танымайтын да шығар. Бiрақ, «Иә, олардан ақшаны мен жинап аламын» деп кiм айтсын?!
 
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 4-курс студентi.
 
Просмотров: 1497 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Ақпан 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz