Мой сайт
Сейсенбі, 20.11.2018, 20:20
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2011 » Қаңтар » 29 » Шындық пен сұмдық
Шындық пен сұмдық
11:39


Автор: Әзиза Жұманазарова

Бүгінде дінді ұстану қолға шоқ ұстағанмен бірдей болды. «Ойбай, анау анандай сектаға кіріп кетіпті, мынау «әруақшыл» болып кетіпті», – деген сөздерді жиі естиміз. Сенімге селкеу түсірер осындай оқиғадан кейін халық дін десе қайтіп үрейленбесін?
Әйтпесе, қазақ бір Құдайға сыйынған, әруағын сыйлаған әлімсақтан мұсылман халық емес пе еді?! Әйтсе де, діни сауаттың төмендігінен болар, әруақты сыйлау мен оған сыйынудың ара-жігін ажырата алмай, адамдарды адастырып жүрген діни ағымдар да жоқ емес.
Сенім мен «ставка»
Әр халықтың Құдайға деген сенімі әртүрлі. Мәселен, үнді халқы өмірден озған адамның сүйегін үйінің шатырына дестелеп, жинап қояды екен. Жанымызға медет болсын, жарылқап, жебесін деген сенімнен шыққан әрекет қой бұл. Ал кейде басы ауырса, сол мәйіттің бас сүйегін ұнтақтап, дәрі-дәрмек ретінде де қолданатын көрінеді. Бұл – Үндістандағы жағдай. Десек те, өз арамыздың да бүлікпен былғанып бара жатқанын айтпасқа болмас. Себебі, соқыр сенімнің құрбаны болған қаншама қазақты біз осы мақаланы жазу барысында кездестірдік.
Өмір мен өлімнің арасында арпалысып жүрген жандар қаншама. Денсаулығымыздың бар кезінде қадіріне жете бермейтін біз кейде тәніміз ауырса, дәрігер не емшінің көмегіне жүгінеміз. Олардан түк шықпаса, ақырында амал жоқ, Аллаға жалбарынамыз. Ел аралап, қабірге түнеп, әулие-әнбиелерді Құдай дәрежесіне көтерген кейбір адамдарды кездестіріп те жүрміз. Біз секілді өмір сүріп, о дүниеге қайтқан пенделерден пана тілеп, бар ақшасын ел аралап, қабір түнеуге сарп еткендердің сенімі көкірегімізге күмән ұялатты. «Жолыңды ашып беремін» деп, соқыр сеніммен елді алдап, қалтасын қалыңдатқан адамдардың іс-әрекетін естігенде, бас шайқадық. Көп естігеннен бір көрген артық. Алматы қаласындағы рухани сауықтыру орталық­тарының біріне барған едік.
 
Емшілермен аз-кем сөйлестік. Жолымызды қалай «ашып» берер екен деген оймен ә дегеннен: «Біз алғаш келіп тұрмыз. Бізге қандай көмек бере аласыздар?» – деп сұрақ қойдық. Бірден күлімсірей қарсы алған орта жастағы әйел бізді бөлмесіне қарай бастады. Бөлме ішінде жайылған көрпешелер мен емші ата отыратын орындық бар екен. Төрде – садақаға арналған жәшік. Ал оның екі жағында екі құран кітап. Аңқаулық танытып, аң-таң кейіппен есіктен баса көктеп кіре бергенімізде, әлгі әйел: «Мына орындықтың артынан жүріңдер. Алдынан өтуге болмайды. Өйткені мұнда әруақтар жүреді», – деп ескертіп қойды. Сосын сөзін жалғап: «Міне, мынау емделетін бөлме. Осында ата қарайды. Ең бірінші келгенде құранға барып, қол қойып, Алладан сұрайсыз. Бізде бірінші келген адамнан міндетті түрде емделмесе де 200 теңге аламыз. «Ставкамыз» 200 теңге. Одан кейін сіздердің қандай ниетпен келіп отырғандарыңызды өзі біліп те қояды. Ең бастысы, ниетіңіз таза болсын», – деді. Осылайша сайрап қоя берген әйелді сөзге тартпақ болып, бабалар мен аналар жайлы білуге тырыстық.
Бата мен нала
– Бабалар кез келген адамға түсе бермейді. Егер сізге түссе, аналардың не аталардың әруағы аян береді. Сіз оларды көрмейсіз. Онда барасыз. Ол жағын бас емшіміз өзі айтып береді.
– Мұнда емшілер қайдан келеді?
– Бізде әртүрлі жастағы емшілер бар. Ішінде студенттер де кездеседі. Олар бос уақытында келіп, халықты емдеумен айналысады. Менің келгеніме көп болған жоқ. Ол ұзақ әңгіме. Біз құлшылық пен тіршілікті қатар алып жүретін жандармыз.
– Қай жақтан діни білім аласыздар?
– Діни сауат ашуды айтасың ба?
– Иә.
– А-а-а, имандылыққа шақыру ма? Ол жағынан уағыз жүргізеді. Жарайды көп сөйлеуге тыйым салынған. Сіздер атаның келгенін күтіп отыра тұрыңыздар.
Әлгі әйел бөлмеден шығып кетті. Бөлмеде құран қойылып тұр. Бірақ әр жеріне келгенде тоқтап қалып жатты. Үзіліп-үзіліп қайта жалғасын табады. 30 минуттай тосып отырдық. Бір сәт бірінен соң бірі келген адамдардың артынан емші ата да келді. Жүрегімді қолыма ұстап, Алладан сабыр тілеп отырған менің көзім шарасынан шығып кетердей. Көз алдыма бейне бір жынның ортасына тап болғандай елес келді. Адамдарға бағыт беріп, болашағын айтып болжап отырған емші атамыз келгендерге көз қырымен қарап отыр. Жай қарамайды, бақылайды. Кезек маған да келіп жетті. Келген себебімді айттым.
– Көшеден өтіп бара жатып, хабарлан­дыру­ларыңызды көріп қалдым. Кіре кетейін деп келіп едім.
– Сенің қасыңда бір әже тұр. Сен менде 10 күн болуың керек.
– Не үшін?
– Сені емдеймін. Саған ай керек пе, бай керек пе? Айта бер.
– А, не дейсіз? Түсін­бедім...
– Күйеуге оқып берейін бе, жоқ әлде карьераң­ды көтеріп берейін бе? Қайсысы?
– Екеуі де болмай ма?
– Жо-оқ, мынауың қайтеді өзі? Бұл саған барахолка емес қой, екеуі де дейтін. Бол, біреуін таңда мен саған біреуін ғана ашып бере аламын.
– Маған екеуі де керек еді.
– Ой, жарайды ендігі келгеніңде біреуін айтатын боласың! Ал әзірге бара бер.
Осы сөздерден кейін не күлерімді, не жыларымды да білмей қалдым. Ештеңе деместен, үндемей шығып кеттім.
Артымнан бір әйел ере шығып: «Сізге ата рұқсат берді ме? Егер рұқсат алмасаңыз, болмайды. Батасын алуыңыз керек», – деді.
Сөзіне құлақ аспай, кете бардым. Көпке дейін есімді жинай алмай, абыржуға түскен мен, осы жолда көпшілік адам түсініспеу­шілікке бой алдырмаса екен деген ойға келдім. Әрине, емделіп, Алладан жәрдем тілеген дұрыс қой. Бірақ әулие аралап, қабірде жатып, бізден дұға дәметкен аталардан не сұраймыз? Әу баста атам қазақ әруаққа сиынбаған, сыйлаған. Біз осы екі ұғымды ауыстырып алғандаймыз. Қабірге барып, өлгендерден тілек тілеп, қасиетті Қағбаны айналғандай, тауап ету қаншалықты Исламға қайшы екенін біреу білсе, біреу білмес.
Заң мен ылаң
Қазіргі кезде «Ақ жол», «Сұңқар», «Аққу», т.б. емшілік бағыттағы, жабырқағанға «жарылқаушы» діни топтар көбейіп кетті. Құлаққа жағымды естілетін бұл топтардың жетекшілері ел аралатып, қабірге түнетіп, адамдарды адастырып жүргені жасырын емес. Көктемнің шуақты күндері басталысымен ақ шүберек байлаған автобустар жолға шығады. Қабірлерге барушылардың жиған-терген теңгесін сыпырып алып, жолын «ашып» беретін мұндай діни топтармен құқық қорғау органдары күресе бастады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Алла-Аят» діни бірлестігін тарату туралы шешім шығарғанын баспасөзден оқып, білдік. Сондай-ақ 2009 жылы 5 ақпанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Ата жолы» діни бірлестігінің қызметін тоқтату туралы шешім шығарды. Оның қызметін БАҚ арқылы насихаттау мен таратуға тыйым салу туралы шешімнің шыққаны да жұрттың жадында болар. Сөйтіп, 2009 жылы 7 қаңтарда сот шешімі заңды күшіне енді. Шешімге себеп – медицина мамандарының тексеру қорытындылары. Әділет министрлігінің Діни істер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Төлесов бұл туралы бізге былай деді: «Бұл қозғалыстың («Алла-Аят» – ред.) қызметі азаматтардың денсаулығының әлеуметтік қорғалуына кері әсер етеді. Адамдардың денсаулығына, шын мәнінде, қатер алып келеді. «Фархатшылардың» қызметі мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан олардың қызметіне тыйым салынды. «Қазақ­стан Республика­сындағы ұлттық қауіп­сіздік туралы» Қазақ­стан Республикасы заңының 19-бабына сәйкес, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерді насихаттауға немесе үгіттеуге және халықтың денсаулығына қауіп төндіретін факторларға жол берілмейді».
Пайғам­барымыз: «Қабірлерді зиярат етіңіздер, себебі олар сіздерге қияметті еске салып тұрады», – деген. Қабірді зиярат етудің мақсаты осы хадисте анық айтылған.
«Ата жол» мен қате жол
– Мен балшыларға жиі ба рамын, – дейді «Ата жолында» жүрген Еркінбек Үсенов. – Егер бір мәселенің шешімін таппай жатсам, дереу солардың көмегіне жүгінемін. Өйткені, олар ойымды дөп басып, айтып береді. Ал осыдан кейін қалай оларға сенбейсің? Егер мен емделіп жүрген кезде, бабалар басына баруым керек болса, мен қалайда барамын. Өйткені, олардан бата алмасам, жолым болмауы мүмкін ғой. Оларға бiр қой, 40 мың тенге бердiм.
Сондай-ақ «Ата жолы» діни бірлестігінің басқа да өкілдерімен тілдескенімізде, бізге мынадай уәж айтты: «Біз Алладан сұраймыз. Бабаларымыз біздің тілегімізді Аллаға жеткізеді».
Бізге күретамырымыздан да жақын болған Алладан көмек сұрау үшін неліктен алыс-алыс сапар шегуіміз керек? Біреудің қалтасын қағу дұрыс па? Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан сұрау шариғатқа қайшы емес пе? Осындай сауалдарды белгілі дінтанушы Мұхамеджан Тазабековке қойған едік.
– Алланың аяттарында келтірілгендей, тірілер мен өлілер тең емес, – дейді ол. – Өлілердің тірілерге көмектесуі мүмкін емес. Ал тірілер Құран оқып, дұға жасап өлілерге көмектесе алады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде қабірден қабір қоймай аралап, әулие-әнбиелерге мінәжат қылып, медет тілеушілер өте көбейіп кетті. Бақыт, бақ-дәулет, дертке шипа, құрсаққа перзент аңсаушылардың барар жері, басар тауы – әулиенің басы, бейіттің тасы екені өкінішті-ақ. Олар осылайша Жаратқан Аллаға емес, жаратылған – мақұлыққа жалбарынып жүр. Сөйтіп, тірілер әруаққа емес, әруақ тірілерге мұқтаж екенін ұмыта береді. Ел ішінде: «Әруақ тірілерден разы болса, ол адамдардың арасында жүріп оларды қолдап-қорғап, бәле-жаладан сақтап жүреді», – деген сенім бар. Сондықтан ісі ілгері баспаса: «Бәлкім, құдайы жасап жіберсем, әруақтар разы болып, жолым ашылар», – деп Аллаға емес, аруаққа арнап құрбандық шалып жататындар өзінің бұл ісінің дұрыс еместігін білмейді. Ислам шариғаты бойынша бұл қате сенімнен туған аса ауыр күнәға жатады. Ендеше, біз қажеттілігімізді Алланың бір өзінен ғана сұрауға тиіспіз. Ал қайтқан жандарға арнап құран бағыштап, олардың қабірін зиярат етуде тек олар үшін жақсылық тілеуіміз қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Расында, Алла тағала жақсы пендесінің дәрежесін жоғарылатқанда, аруақ өз халіне таңырқап: – Бұл маған қайдан пайда болды? – деп сұрайды. Оған: – Сенің перзентің сен үшін истиғфар (кешірім, жарылқау) сұрады, міне, бұл сол үшін берілді, – дейді».
Алла Құран Кәримнің «Каф» сүресінің 16-аятында: «Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз!», – деген. Демек, Алла тағала сөзі ақиқат, бізге қабірде жатқан мәйіт емес, Алла тағала жақын екен. Алла тағала «Бақара» сүресінің 186-аятында: «Мен оларға ақиқатында жақынмын, менен тілек тілесе қабыл аламын», – деп анық айтады. Олай болса, өте жақын Алла тағаладан тілемей, айшылық, күншілік жол жүріп, айдаладағы әулие, әруақтардан тілек тілегеніміз дұрыс емес екен.
http://www.jasqazaq.kz/
Просмотров: 3463 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 4.0/2 |
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Қаңтар 2011  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz