Мой сайт
Жұма, 20.04.2018, 05:43
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2011 » Қаңтар » 29 » Тұздыбастаудағы «төтенше жиын»
Тұздыбастаудағы «төтенше жиын»
11:45

Балаларды өзіне қол салуға кім мәжбүрледі? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерін өз-өзіне қол салудың алдын-алу бағдарлама­сын жасауға шақырып отыр. Бұл - мәжбүрлі шара. Дүниежүзі бойын­ша жыл сайын тоғыз жүз мыңға жуық адам өз еркімен өмірден қош айтысады екен. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, соңғы елу жылда әлем бойынша өз-өзіне қол салғандар саны бір жарым есе артыпты.
ДСҰ сарапшылары­ның пікірінше, бүгінгі таңда бұл жекелеген адамның немесе отба­сының ғана емес, қоғамдық денсаулық сақтау саласының ортақ проблемасына айналған. Бұл халқы тығыз орналасқан Азияда ғана емес, әлеуметтік жағдайлары жақсы Еуропа елдерінде де күрделі сипат алған. Еуропада өз-өзіне қол салған 15 пен 35 жас аралығындағы адамдардың саны жол апатынан қаза болғандардан кейін екінші орын­да көрінеді.
 
Психологтар суи­цидке басты себепші негізінен - кедейшілік, жұмыссыздық, қылмыс­тық қудаланудан қорқу, психикалық қалыптан ауытқу, жеңіл өмірге тойынып, масайғандық, жаза ба­сып орны толмас өкінішке ұрыну немесе емі жоқ ауыр сыр­қаттарға душар болудан екендігін айтады. Алайда бүгінгі күні мектеп қабыр­ғасында оқитын балалардың нағыз бақытты, өмірдің қызығына тоймай­тын жас­тық шақтарында өз-өздеріне қол салу фактілері жиілеп отыр.
 
Алматы облысындағы Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау елді мекенін­де биылғы оқу жылы басталғалы 9 сыныпта оқитын екі оқушы асылып өлген. Осы ауылда тұратын тағы бір қыз асылып, өмірімен қоштасқалы жатқан жерінен құтқарылған. Бұдан тыс тағы екі тұрғын өз өмірлерін қиған. Бір ауылда бірнеше суицид фактісінің тіркелуі аудан немесе облыс масштабын­дағы төтенше жағдай емес.
 
Осы фактілерге байланысты Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев, аудандық прокурордың орын­басары, облыстық білім беру департаменті­нің, облыстық және жергілікті ішкі істер органдарының қызметкер­лері Тұздыбастау ауылы­ның тұрғындарымен кездесіп, мәселенің шешімін іздеді.
Жиырма бір мың тұрғыны бар Тұзды­бас­тау ауылында жыл басынан бері өздеріне қол жұмсап қайтыс болған төрт факті тіркелді. Олардың екеуі ересектер де, екеуі мектеп оқу­шылары. Мәселе осы мектеп қабырға­сын­дағы жастардың өмірден өз еріктерімен қоштасуында болып отыр. Ата-аналардың айтуынша, ауылда 6-11 сынып оқушыларынан қорқытып ақша жинайтын қарақшы топ бар. «Балалардың өліміне солардың қысымы се­беп болуы мүмкін» деген болжамдар бар. Алай­да мектеп оқушыларына қысым жасап, ақша жинауға мәжбүрлеу бойынша бірде-бір факт тіркелмеген. Екінші суицидтен кейін, қазанның 16 күні аудандық прокуратура Қыл­мыстық кодекстің 102 бабы (өзіне қол салу­ға мәжбүрлеу) бойынша іс қозғап, бол­ған жайдың ақ-қарасын анықтап, ашу үшін Ішкі істер бөлімінің тергеу бөліміне жүк­теді.
Алматының түбінде орналасқан Тұзды­бастаудағы жалғыз мектепте 2018 бала қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде оқиды. Оқушылар саны өте көп болғандықтан бастауыш сы­нып­тағылар үш ауысыммен сабаққа барады. Осы мектептің 9 сыныбында оқитын Сержан Тұрысбеков қыркүйектің 30 күні белгісіз себептермен асылып қайтыс болды. Оның өліміне сырттан ықпал болатындай ешқандай айғақ табылмаған. Медициналық сараптама денеде қинап өлтіру белгісі жоқ болғандықтан «суицид» деген анықтама берген. Ата-анала­ры ешкімге кінә артпайтындығын айтып, қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.
Арада екі аптадай уақыт өткенде осы мек­тептің тағы бір оқушысы 15 жастағы Абай Исабаев үйіне келіп, асылып өлген. Оның денесін шатырдың ағашына асылып тұрған жерінде тапқан. Асылған баланың басы шатырдың төбесіне тіреліп тұрған. Абайдың әкесі Әбу мен шешесі Маргарита Исабаева балаларының өз-өзіне қол жұмса­ғанына сенбейді, олардың пікірінше, Абай кісі қолынан қаза болған. Сондықтан өлген баланың ата-анасы шындыққа жеткенше іздене беретіндігін айтады.
Тұрғындардың айтуына қарағанда, ауыл­да рэкет жүйесі қалыптасқан. Мектеп оқушы­ларынан қорқытып алынған ақша түрмеге отырып шыққан екі-үш адамның қалтасына түседі. «31 мектеп бір маусымда БМВ көлігін жинап береді» деп айтатын көрінеді әлгілер. Сотталып келгендер оқушылардың арасынан еті тірілерін қастарына алып, қалғандарынан ақша жинауға баулитын көрінеді. Екі оттың ортасында жүрген мұндайлар амалдары тау­сы­лып, өздеріне қол жұмсауға мәжбүр бола­ды. Қайтыс болған баланың әкесі, бұл туралы бүкіл ауыл білетіндігін айтып отыр. Алайда «балаларымызға қырсығы тиіп кете ме?» деген оймен ата-аналар жұмған аузын аш­пайды.
Мектептің үлкен залына екі жүздей ауыл тұрғындары жиналды. Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев қайтыс болған бала­лардың ата-аналарына көңіл айтып, жұртқа бұл «төтенше» жиынның мәнісін түсіндірді: «Жиынның мақсаты біреулерді кінәлау емес, біз кінәлілер туралы айтып отырған жоқпыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында «мектеп­тер­де балалардан қорқытып ақша жинау орын алуда» деген сөздер шықты. Біз мұндай нәрселерге жол бермеуіміз керек. Мен тап­сырма бердім, қазір осы фактілер бойынша құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Тергеуді объективті, таза жүргізіп, барлық процессуалдық нормалардың сақталуын талап еттім. Бұл іс толықтай анықталғанша өзімнің бақылауымда тұрады. Сөзді Талғар аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ілияс Қойшыбаевқа берейік, мән-жайды сол түсін­дірсін».
- Осы уақытқа дейін мектеп оқушылары­нан күштеп ақша жинауға мәжбүрлеу туралы бізге ата-аналардан бірде-бір шағым түскен жоқ. Қыркүйектің 30-ында суицидке барған Сержан Тұрысбековтің ата-анасы қылмыс­тық іс қозғаудан бас тартты. Қылмыстың құрамы болмағандықтан іс қозғалған жоқ болатын. Ал 15 қазанда өз-өзіне қол жұмсаған Абай Исабековтың өліміне қатысты шағым түскендіктен қылмыстық іс қозғалды. Қазір жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қатысы бар адамдардың барлығынан жауап алынып жатыр, тергеу жұмыстарының құ­пия­лығын сақтау мақсатында қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Тергеу аяқталған соң барлығыңызды хабардар етеміз. Кәмелетке толмағандардан жауап алу өте қиын екендігін білесіздер. Сондықтан сіздерден қандай кө­мек болады деген оймен жиналып отырмыз. Егер тергеу жұмысына қажетті ақпараттар беріп, полиция жұмысына көмектесем деген адамдар болса, хабарласыңыздар. Жария ет­пеуге уәде береміз, - дейді Талғар аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ілияс Қой­шыбаев.
Ауыл тұрғындарының бірі: «Тұздыбас­тауда пәтер тонау, қарақшылық, бұзақылықтар көп болады. Осыған байланысты тұрғындар арасында 18 жиын өткізіліпті. Кейде «осы ауылда участковый инспектор бар ма?» деген сұрақ туады. Бұған не айтасыз?» деген сауал қойды.
Оған аудандық полиция бастығы: «Тұз­ды­бастау ауылында 3 патрульдік көлік бақы­лау жасайды, екі учаскелік инспектор жұмыс істейді. Талғар ауданында кәмелетке толма­ған­дардың ісі бойынша 11 қызметкер істейді. Олардың алтауы мектептерде қызмет етеді. Халқы 180 мың болатын ауданға құқық қор­ғау органдарының қызметкерлері жетіспей жатуы мүмкін. Өйткені тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Штатты көбейту мәсе­лесі қазір облыс деңгейінде шешіліп жатыр» деген жауап қайтарды.
Мектеп директоры Дина Ақжігітованың айтуынша, «қарындағы майды шірітіп» жүрген оқушылар қай мектепте де болады. №31 мектепте дәріс алатындардың ішінде де сабаққа ұдайы қатыспайтындықтары үшін, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекцияда тіркеуде тұрғандар бар екендігін жасырмайды. Алайда бұлардың рэкетпен шұғылданғандығы туралы осы уақытқа дейін ешкім шағым түсіріп көрген емес. «Сондық­тан мектептен тыс уақытта балаларыңызға өздеріңіз ие болсаңыздар» деген ойын айтып салды мектеп директоры. Оның сөзінен «са­бақтан кейін оқушылар не істесе де ата-ана­лары жауап беруі тиіс» дегенді түсіндік. Сонымен, сұрақ көп, ал жауап жоқ. Мұндай жағдайда «бәлендей» деп ештеңе айтуға бол­майды. Тек әліптің артын бағып, тергеу жұ­мыс­тарының аяқталуын күтеміз. Жас жігіт­тердің өліміне біреулер себеп болса, оны тек заң қадағалау және құқық қорғау органдары анықтайтын болады.
Статистикалық мәліметтерге қарасақ, Ал­­маты облысында жыл басынан бергі 9 айдың ішінде 331 адам өзіне қол жұмсау арқылы өмірмен қош айтысыпты. Былтыр осы мезгілдің ішінде суицидке барғандардың саны бұдан да көп болған - 365 адам. Жалпы алғанда, бұлардың 90 пайызы сырт жақтың ықпалымен, басқа адамдардың қысымымен жүзеге асырылатын көрінеді. Сондықтан кез келген суицидтің артында қылмыстың ізі жатыр.
 
Дүниежүзілік денсаулық қорғау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, Ресейдегі 10-29 жас аралығындағы жүз мың адамның ішіндегі 15,85 пайызы кісі қолынан өледі екен. Одан Қазақстан да аса қалыс қалмаған - 10,66, біздің алдымызда Албания - 11,20. Тізімнің ең соңындағы Германияда зорлықпен өлтірілетін 0,47 жағдай тіркелген. Еуропада кісі қолынан жылына 15 мың адам қаза табады, әрбір төртінші адам (80 пайызы еркектер) суық қаруды қолданудан өледі. Еуропа аумағында бұл жағынан Қазақстан үшінші орында тұр.
 
Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ
Айкын

Қос жасөспірімнің өліміне кім кінәлі?
 
 Соңғы кезде мектептерде оқушылардың бір-біріне әлемжеттік көрсетіп, ақша жинау, «салық» салу мәселесі өте жиілеп кетті. Тіпті бұл мәселе Елбасымыздың халықпен тікелей эфир арқылы жүздесуінде де көтерілді. Тараз қаласынан соғылған қоңырауда мектеп жасындағы жасөспірімдерден құрылған қылмыстық топтардың көбейгендігі айтылды. Дәл осындай оқиғалар батыс аймақтарда бірнеше рет қайталанды. Бүгінгі күнде қоғамды алаңдатып отырғаны — мектептерде әлімжеттіктің етек жайып бара жатқандығы. Нақты қозғағалы отырған бүгінгі мәселе Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауы­лының №31 мектебінде бір емес, екі бірдей оқу­шының асылып өлуіне байланысты болып отыр. Осы мәселе бойынша аталмыш мектепте бірқатар мекеме басшыларының қатысуымен үлкен жиналыс өтті. Оған аудан әкімі Талғат Өмір­әлиев, Талғар аудандық ІІБ бастығы Ілияс Қой­шыбаев, аудандық прокуратураның орынбасары Алтай Жәнібековтер қатысты. Сонымен, бала өзі­не суицид жасады ма, әлде біреулер қасақана өл­тірді ме? Енді осы мәселені жиналысқа қатысқан адамдардың өз аузымен баян етсек... Әбу ИСАБЕКОВ, қайтыс болған Абай Исабековтің әкесі: – Менің балам өз-өзіне қол жұм­с­аған жоқ. Оны біреулер қа­са­қана дарға асып кеткеніне 100 па­йыз сенімдімін. Себебі ол өзіне қол жұм­сайтын бала емес. Бірақ осы мек­тепте жоғарғы сынып оқушыларының тө­менгі сынып оқушыларына қоқан-лоқы көрсетіп, ақша жинайтын жайт­тары кездеседі деседі. Оны жұрттың бә­рі біледі, ата-аналар да, бүкіл ауыл тұрғындары да бұдан хабардар. Бірақ көбі шындықты айтпайды. Осы мек­теп­те «Жеті қарақшы» деген мек­теп­ішілік қылмыстық топ бар. Олар өзде­рі­нің қатарына денелі, шебер спортшы жас­өс­пірімдерді тартып, иіні жуас ба­ла­лардан «общагқа» ақша талап етеді. Ме­нің ұлым осы топқа қосыл­ма­ған­дықтан, ақша жинап, ешкімге ақша бер­­­мегендіктен, осындай қайғылы жағ­­­дайға душар болып отырмыз. Ал­ға­шын­да Сержан Тұрысбеков дарға асы­­лып қайтыс болғанда, осы өлімге қа­тысты тергеу барысында менің ба­лам оған кімдердің қысым көрсеткенін нақ­ты айтып берді. Көпшілік үндей алмай бұ­ғып тұрғанда, ұлым бұл «жеті қарақ­шы­лардың» ісі екендігін көрсетті. Осы­ның салдарынан ұлымнан айыры­лып отыр­мын. Сержан шын мәнінде қоқан-лоқ­ыға шыдай алмай, өз-өзіне қол жұм­саса, ал менің ұлым қасақана өлімнен қайтыс болды. Сондықтан құ­қық қорғау органдары кінәлілерді та­уып, тиісті жазасын беруі керек. Маргарита ИСАБЕКОВА, Абайдың шешесі: – Баламды өз үйімде асып кетті. Ол 10-11 сыныптың оқушылары күштеп, қорқытып, ақша талап ететіндіктерін өзінің ағаларына айтқан. Баламды дар­ға асып қойған жерінен ағалары тү­сірді. Оған алғашқы дәрігерлік көмек көр­сетіп, аузын үрлеп, барынша тірілтіп аламын деп үміттеніп едім. Бірақ... Мен ештеңе талап етіп отырған жоқ­пын. Құқық қорғау органдары балам­ның өліміне себепші болғандарды ер­те­рек тауып, тиісті жазасын берулерін сұ­раймын. Ілияс ҚОЙШЫБАЕВ, Талғар аудандық ішкі істер басқармасының бастығы: – Қазіргі таңда Абай Исабековтің өлі­міне қатысты ҚР Қылмыстық ко­дексінің 102 бабы бойынша (өз-өзіне қол салуға итермелегені үшін) қыл­мыс­тық іс қозғалды. Ал Сержан Тұрыс­бе­ковтің өлімі шын мәнінде суицид бол­ды. Осы уақытқа дейін ата-аналар та­­рапынан не оқушылар тарапынан «біз­­ді бопсалап ақша алды» деген арыз-шағымдар бізге түскен жоқ. Бұл фак­­тілердің орын алатындығын біз суи­­цид болғаннан кейін ата-аналардан ес­­тіп отырмыз. Ал Абайдың денесін біз сот-медициналық сараптамаға жібер­дік. Оның де­несінен ешқандай ауыр соқ­­қының із-бел­гілері болған жоқ. Қал­­ған жағ­дай­лар туралы біз тергеу амал­дары аяқ­тал­ғаннан кейін ғана ай­та аламыз. Айта кетейік, қайғылы оқиға болар алдында мектепте мектеп инспекторы бол­маған. Ол өзінің кезекті еңбек де­ма­лы­­сына шыққан екен. Өкініштісі сол, Тал­ғар ауданында 44 мектеп бар бо­латын бол­са, ал аудандық ішкі істер бас­қар­ма­сын­да жасөспірімдер ісі бо­йынша 11-ақ инс­пектор қызмет ат­қа­рады екен. Оның өзін­де алты-ақ инс­пектор мектеп инс­пек­торы болып жұ­мыс істейді. Айналдырған ал­ты инс­пек­тор 44 мектеп­тің оқушыларын ба­­қы­лай ала ма? «Мүм­кін, осындай ба­қы­лау­сыздықтың салда­ры­нан әлгіндей оқи­ғалар жиілеп кеткен жоқ па?» дейді ауыл тұр­ғындары. Дина АҚЖІГІТОВА, Тұздыбастау ауы­лы №31 мектептің директоры: – Мектепте 2018 оқушы, 83 сы­нып, 160 мұғалім бар. Оның үстіне, мек­тептің ішінен ашылған шағын ба­ла­бақшада 25 бала тәрбиеленіп жа­тыр. Менің айтайын дегенім, Сержан да, Абай да өз-өзіне қол жұмсайтын жі­гіттер емес. Екеуінің де бірінен кейін бі­рі қайтыс болғанына түсіне алмай отыр­мыз. Енді оның ақ-қарасын құқық қор­­ғау органдары анықтайтын бо­ла­ды. Талғат ӨМІРӘЛИЕВ, аудан әкімі: – Бұл өлімнің себебіне барлығы­мыз да кінәліміз. Аудан әкімі ретінде — менің де, құқық қорғаушылардың да, мектеп ұжымының да кінәсі бар. Не деген сұмдық, соншама ауыл бола тұрып, оның ішінде ауыл ақсақалдары, ата-аналар, мұғалімдер, құқық қорғау­шылар, барлықтарыңыз бірігіп, төрт-бес қарақшыны қолға түсіре алмай­сыз­дар ма? Бұл іс толығымен тексеріліп, кінәлілер жазасын алатын болады. Міне, оқиғаға қатысты мәселе кө­тер­ген адамдардың айтқандары – осы. Біз бұл жерде ештеңе алып-қосқан жоқпыз. Тек болған оқиғаны боямасыз көрсетуді ғана мақсат тұттық. Айт­пақ­шы, егер Тұз­ды­­бас­тау­дағы осы оқиғаға бай­ланысты қан­дай да бір мәліметтер болса, онда мы­на теле­фон­дарға хабар­ласуларыңызды сұ­­рай­мыз: 8701 711 42 22, 295-63-96 Құр­­мет­­пен, Талғар аудандық ІІБ басты­ғы­ның орын­ба­сары Талғат Беркінбаев.
 
Автор: Серік Жұмабаев
Алаш айнасы
Просмотров: 1920 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Қаңтар 2011  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz