Мой сайт
Бейсенбі, 13.12.2018, 04:14
ГлавнаяРегистрацияВход Приветствую Вас Гость | RSS

Меню сайта

Главная » 2012 » Наурыз » 1 » Зерделі ұлт болуымыз қажет
Зерделі ұлт болуымыз қажет
08:00
 
Күні бүгінге дейін әлем­дік миграцияның саяси реңкі басым болып келді. Миграцияның алғашқы толқынына КСРО тәрізді алып империяның күйреуі себеп болды. Ал қазір ол әлеуметтік сипатынан арылып, интеллектуалды рең ала бастады. Сарап­шылар көші-қон ендігі беталысын интеллек­туалды әлеует - ин­тел­лектуалды ұлт қа­лып­тас­тыруға бағытталған сая­саты айқындайды деген батыл болжам жа­сай бастады.
 
Интел­лек­туал­ды көшбасшы­лық - адам ка­питалының са­пасына бай­ланысты. Халықтың ин­теллек­туал­дық деңгейі - оның білім сапасы, инно­ва­циялық үлгі, бәсекеге қа­білетті­лік, озық тех­но­ло­гиялар, интеллек­туал­дық мен­­шік, бас­қару­шы­лар­дың кә­сібилігі, жо­ға­ры мә­де­ниет­тілік, қоғам ал­дын­­дағы жауапкершілік қа­­ғидаттарымен ба­ға­ла­нады. Бұл сапалық көр­­сет­кіштер бойынша АҚШ, Жа­­пония, Ұлыбритания, Фран­­ция сияқты мем­ле­кет­­тер әлемдік көш­бас­шы­­лар­дың қатарына енеді.
Бізде интеллектеріміздің сырттан келуі мен кетуі «орыстар кетіп жатыр» деген біржақты ақпаратпен шектеледі. Саяси-әлеуметтік-экономикалық ақ­парат институтының мама­ны Андрей Скуратовтың айтуын­ша, ол сауал қойған адамдардың 28 пайызы Қазақстаннан кетпек ойы бар, енді бір жыл ішінде со­лардың 12 пайызы кетіп болады екен. Сондай-ақ мекенжайын ауыстырғысы келетіндердің 50 пайызының жоғары білімі бар. Бұл ресми дерек қана. Тәуелсіз­дік алған кезде 14 млн болсақ, қазір 16,5 млн-дық белестен ас­тық. Егер сонша халық Қазақ­станнан бұлайша үдере көшкен болса, әлі де көшіп жатқаны рас болса, біз мұндай жетістіктерге қалай қол жеткiздiк? Ендеше, елімізден кетіп жатқандар мен келіп жатқан­дардың қайсысы көбірек екеніне зерттеу жүргізу керек шығар! Сая­саттанушы Әзімбай ҒАЛИ­ДЫҢ пайымда­уын­ша, «орыстар кетіп жатыр» де­ген ақпаратқа соншалықты мән берудің тіпті қажеті жоқ. Себебі Ресей бізден, ТМД елдеріндегі қандастарының ара­сынан өзіне қажеттінің бәрін алған. Бір мезгілде Ресейдің не­месе басқа бір елдің де азаматы атанып, Үкімет құрамында мұр­тын балта шаппай жүргендері же­терлік. Елде қалған орыстар Қа­зақстанда қалуға бейіл. Орыс­тардың бәрін елге шақыруға Ресей де, бір-ақ күнде көшуге қазақстандық орыстар да мүдделі емес.
- Анда-санда осындай хабар таратып, қоғамның тамырын ба­сып отыру - Ресейге емес, ел­дегі кейбір саяси ұйымдарға қа­жет болып тұр. Әлемнің ақыл-ойын бір орталыққа шоғыр­ландыруға бағытталған ғаламдық миграцияның ең соңғы толқыны келе жатыр. Бұл үрдіс АҚШ-та, Батыс Еуропада сыннан өткен. Алпауыт елдер қаржы көздері арқылы Нобель сыйлығы лау­реат­тарын уысында ұстап отыр. Ғаламшардың озық ойлы ин­тел­лектілері қазір алпауыт ел­дердің абыройын асқақтатып отыр. Олардың тәбетіне Ресей, Қы­тайдың өзі тосқауыл қоя ал­майды. Ресей ақпарат құрал­­да­ры өздерінен шетелге кеткен ға­лымдар Андре Гейм мен Кон­стантин Новоселовқа физика саласында Нобель сыйлығы берілгенін шулатып хабарлап жатыр. Біз көші-қон бағдар­ла­масының аясын кеңейтіп, Ресейдегі, Еуропадағы қазақтың қалталылары мен ғалымдарын елге шақыруға тиіспіз.
Саясаттанушы Айдос СА­РЫМ бұл туралы ойын былай тү­йіндейді.
- Қоғамымыздың ішінде әлі де болса тәуелсіздікке қырын қа­райтын, қазақ мемлекетін мо­йын­дамайтын күштер бар. Тіп­ті, өзіміздің қазақтың ішінде нем­құрайды, самарқау қарайтын, бұл мемлекет болмайды деген азаматтар болды. Осыдан 15 жыл бұрын оппозициялардың бірі: «Ойбай, орыстардың бәрі кетіп жатыр, Қазақ мемлекеті екі-үш жылдан кейін қирайды, неміс кетіп жатыр, бітті, экономика құрыды» дегеннің өзінде, қазір көріп отырмыз, құдайға шүкір. Өткен жиырма жылымыздың өзі көрсетті ғой оларға оның бәрі бос байбалам екенін. Қазақ - тез үйренетін халық. 1 миллион орал­ман келді. Елге ел қосылып жатыр. Осыдан 3-4 жыл бұрын негізінен интернетте бағдарлама жасайтын жігіттер өзге ұлттың өкілдері болатын. Қазір өзіміздің қазақ жастары ғаламторға иелік ете бастады. Бұның өзі жақсы көрсеткіш.
Бірақ тәуелсіз Қазақстан­ның мемлекет болуына қайшы сырт көздер де көп. Сырт күш дер­жавалар бар. Олардың импе­рия­лық амбициямен Қазақстан же­рін қайтадан шикізат көзіне ай­налдыру ниеті жоқ деп айта ал­маймыз. Әрине, өз басым ХХІ ға­сырда бір мемлекет екінші елді күшпен жаулап алады деген­ге сенбеймін. Ең басты мәселе - өзіміздің ішкі бірлігіміз, ішкі тұтастығымыз, азаттықтың асыл мұратын ардақтауымыз, тә­уелсіздігімізге құдіреттей сыйы­на білуіміз, соған сене білуіміз, - дейді.
Сонымен, әлемдік мигра­цияның беталысы саяси емес, әлеу­меттік-интеллектуальды сипатқа ойыса бастады. Бұл халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Әлемнің дамыған елдердің ішкі саясатында интеллек­туал­ды әлеует-интеллектуалды ұлт сая­сатына басымдық бере бастады. Олар алдағы уақытта ішкі-сырт­қы миграцияның бета­лысын осы бағыт қана ай­қындайды де­ген ойға басым­дық беріп отыр. Са­рапшы Гүл­мира Қорған­бае­ваның мәлі­­мет­теріне сүйенсек, интеллектуал­ды көш­басшы ұлт саналатын АҚШ ғы­лым-білімге қаржы бөлуден ал­дына жан салмайды. Мәселен, әлем хал­қының 5 пайызына жетпейтін аме­рикалықтардың үлесіне дү­ниежүзілік жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 20 пайызынан астамы, ал әлем бойынша ғы­лыми-зерттеу және тәжі­рибелік-конструк­торлық жұмыстардың 40 пайызы тиеді екен. Ал ғы­лымға жұмса­латын шығынның 75 пайызы бизнестің есебінен қаржы­лан­дырылады. Мұндай ұтымды тә­жі­­рибе Қазақстанға ауадай қа­жет. Қытай 2020 жылы ғы­лым­ға жұмсалатын әлемдік шығынның 20 пайызына жетуді көздеп отыр. Канада 2012 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмса­латын шығынды екі есе ұлғай­тып, әлемде бұл көрсеткіш бо­йын­ша алғашқы бестікке ену­ді жоспарлап қойды. Өнер-білімі асқан АҚШ, Жапония секілді мемлекеттерде интеллектуалды әлеуетті дамытуға мүмкіндік бе­ре­тін арнайы ғылым қалалары көптеп ашылған. Ондай ғылым қалалары АҚШ-та - 40, Жа­понияда - 30, ал Еуропада уни­верситеттер базасы негізінде қалашық болып бой көтерген. Көрші Ресейде Федералды кеңес спикері Сергей Мироновтың бас­тамасымен «Ұлттың интел­лектуалды ресурсы» деп аталатын арнайы бағдарлама қабылданған. Халқының 60 пайызын жоғары біліммен қамтамасыз еткен Ресей бұл көрсеткіш бойынша әлемде алда келеді. Израиль мен Канада - 42 пайыз, АҚШ - 40 па­йыз, Жапония - 38 пайыз, Шве­ция мен Финляндияның - 36 пайызы жоғары білімді болып саналады. Ал ғылымға қаржы аямайтын елдердің қатарына Швейцария, Израиль, Франция, АҚШ, Германия, Исландия, Сингапур, Жапония жатады. Шағын Швейцария мемлекеті бүгінге дейін Нобель сыйлығы мен ғылыми патенттер иелену жа­ғынан жетекші тұғырдан түс­кен емес. Жалпы әлемдік көш­бас­шы интеллектуалды ұлт мәр­тебесі үшін негізгі бәсеке АҚШ пен Жапония арасында өрбиді. Ұлттың интеллектуалды көш­бас­шылығын қамтамасыз етуде шешуші фактор - ақ­параттық қолжетімділік пен ақпараттық революция екені мәлім. Жапо­ния, Корея, Дания, Исландия, Ұлыбритания, Франция, Ав­стрия және Испания елдерінде ха­лық толықтай дерлік ком­пью­тер­мен және интернет жүйесі­мен жарақ­тандырылған.
Ғаламдық көші-қон үдері­сінің тамыршылары «ұлт болып ұйысу, тек іздеу ХХ ғасырға тән құбылыс, ХХI ғасырда оның жаңғырығы ғана қайталанады» дегенді айтып үлгерді. Шынында да солай сияқты. Себебі тоқса­ныншы жылдары басталған көш қызығының түгесілгені байқалып қалды. Көштің ендігі беталысы - қазақ жеріне келіп қоныстан­ған қандастарымыздың тұр­­мыс-жағдайына ғана емес, қоғам­да алар орнына қарап та бағала­натыны сөзсіз. Егер сіз «әлемдегі ең интеллектуалды ұлт қайсы?» деген сауалға жауап іздеп ғылыми еңбектер мен интернет сайтта­рын ақтарсаңыз, орысың да, ук­раиның да, французың да, тіпті сонау мұхит аралдарында ру-тайпалық сатыда ғұмыр кешіп жатқан папуастарың да «ең ақылды ұлт - бізбіз» деп мақ­танышпен жауап бергеніне куә болар едіңіз. Орыс жұрты Пушкин, Лермонтов, Достоев­скийі мен Бердяевымен, ағыл­шын халқы Шекспирі және Бай­ронымен, италиялықтар Лео­нардо де Винчи және Микелан Желосымен мақтана алады. Құдайға шүкір біздің де мақтан етер тұлғаларымыз баршылық. Қазақ болғанына мақтанатын жас ұрпақ өсіп келеді. Бірақ қазақтың үштен бірі - сыртта. Демек біздің интеллектуалды деңгейімізді танытатын негізгі күшіміздің де үштен бірі - сырт­та жүр. Оларды елге шақыратын, елге келгендерді ұстап тұратын күш ең алдымен саяси тұ­рақ­тылық, сонан соң интеллекті ұлтты қалыптастыратын орта­ның ауа-райы.
Қазір сырттағы қандаста­рымыз «Қазақ үкіметі шеттен келген қазаққа үй бере ме, бер­мей ме?» деген сауалдың емес, «қазақ қоғамына сіңісіп кете алар ма екенбіз» деген сауалдың жауабын іштен тынып күтіп, сырттан бақылап отыр. ХХ ға­сыр­дың орта шенінде басталған көштің ендігі беталысы Үкімет­тің пейіліне емес, сол жауаптың беталысына қарап анықталатын болады.

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ
http://www.aikyn.kz/
Просмотров: 1365 | Добавил: qazpsi | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 1
10.10.2013 Спам
1. Milan
I'm sheckod that I found this info so easily.

Имя *:
Email *:
Код *:
Форма входа

Календарь новостей
«  Наурыз 2012  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Поиск

Друзья сайта

Статистика

Барлығы онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0

Copyright MyCorp © 2018 Конструктор сайтов - uCoz