|
Баланы құртатын – ойын автоматтары
Соңғы уақытта iшiмдiкке салыну, нашақорлық тәрiздi дерттердiң қатарына ойынқұмарлықты да қосатын болдық. Ойынқұмарлық қауiптiлiгi жағынан нашақорлықтан да асып түседi. Айырмасы, нашақорлықпен бүкiл әлем жұмыла күресiп жатса, ал ойынқұмарлықпен оған абайсызда тап болған жеке адам ғана күреседi. Нашақорлық пен алкогольден емделу қандай қиын болса, ойынқұмарлықтан арылу да аса оңайға соқпайтын көрiнедi. Қазiргi кезде нашақорлық, шылым шегу мен iшiмдiкке салынудан емдейтiн арнайы орталықтар ойынқұмарлықты да қолға алыпты.
Өткен жылы қабылданған «Ойын-сауық бизнесi туралы» заң өзiнiң қауқарсыздығын көрсеттi. Үйлердiң бұрыш-бұрышынан жасырын түрде ойын автоматтарын заңсыз ашып алғандар жетiп жатыр. Оның үстiне, ойынқұмарлық – тек казино мен ойын автоматтарынан туады деп кiм айтты? Компьютер ойындары, лоторея билеттерi, интернетке тәуелдiлiк – бұл да ойынқұмарлықтың бiр түрi. Айта кететiнi, қазiр елiмiзде ойынқұмарлық дертiне ересектермен қатар, жасөспiрiмдер мен балалар да көптеп шалдығатын болыпты.
Ойынқұмарлықтың медицина мен психологиядағы ресми атауы – лудомания («лудос» латын тiлiнде – «ойын» дегендi бiлдiредi). Лудоманиямен ауыратындар жеңiл-желпi жолмен ақша тапқысы келетiн адамдар десеңiз, қатты қателесесiз. Мұндай ойынға құмартатындардың iшiнде күйбең тiрлiктен бой жазып, бiр сәт тыныққысы келетiндер де, жалғыздық пен басындағы проблемасын ұмытқысы келетiн ерекше әсер iздегiштер де бар. Лудоманияға шалдығу үшiн бiрер аптаның өзi жетiп жатыр. Алғашқыда жеңiске жетiп, азғантай ақшаға құнығып алған ойыншы жетiстiкке үнемi жете беремiн деп ойлайды. Сөйтiп, қалтасындағы соңғы тиынынан қағылғанша мол қаржыға кенелетiндей күй кешедi.
Ал әр жеңiлiс олардың бойындағы құмарлық отын одан сайын қоздыра түседi. Осылайша, бiрнеше ай бойы тiрнектеп тапқан ақшасынан не өмiр бойы жинаған дүние-мүлкiнен бiр сағатта ұтылып, тақыр кедей болып шыға келедi. Бұл дерттен дер кезiнде емделмегендер өмiрдегi мақсаты мен тұлғалық қасиетiн бiржолата жоғалтып, психикалық ауруға душар болады.
Ойынқұмарлыққа ересектерден гөрi жасөспiрiмдер көбiрек шалдығады. Алғашқыда балалар компьютер мен интернет ойындарын қызық үшiн ойнап көредi. Атыс-шабысқа толы Сounter-strike, Diablo II ойындары баланы мониторға байлап қояды. Артынша, ойынқұмар баланың есiл-дертi ойынға кетiп, сабақ оқу, ұйықтау, тiптi тамақтануды ұмытады. Ойынға тым құмартқан баланың психикасы бұзылып, жүрек, қан тамыр ауруларына ұшырайды. Әлемде компьютер ойнаймын деп, «ойыннан қайтпай» қайтыс болған балалар да жетерлiк.
Ойынқұмар балалары «бас ауруына» айналған ата-аналарды кездестiру қиын емес. «Балам үй маңындағы клубтан шықпайды, – дейдi көршiм Нина апай, – «Клуб» деп жазып қойғанымен, онда кәдуiлгi ойын автоматтары тұр. Қаланың қақ ортасындағы ойын автоматтарын құқық қорғау органдары қалай байқамай жүр?». «Қаланың қақ ортасы» деп тұрғаны – Н.Тiлендиев көшесiндегi (Абай даңғылынан сәл ғана төмен) бұрынғы дүкеннiң ғимараты. Және бiр танысымның ұлы Тастақ базарының төңiрегiндегi (Брусиловский мен Төле би көшелерiнiң қиылысы) ойын-сауық клубына жиi барып тұрады. Тапа-тал түсте ойын автоматтарын ашып қойып, кәсiбiн емiн-еркiн жүргiзiп отырған кәсiпкердi құқық қорғаушылардың ерен санамағаны таңғалдырады.
Артынша балаларды ойынқұмарлыққа итермелейтiн компьютер клубтары мен жұмысын заңсыз жүргiзiп отырған ойын автоматтары ғана емес екенiн анықтадық. Байқағанымыздай, iрi әмбебап дүкендерiндегi балалар көңiл көтеретiн парктер де ойынқұмарлықты оятуы мүмкiн. Мәселен, «Мега-орталықтағы» Babylon паркi. Онда түрлi ойын автоматтары, роллердром, аттракциондар мен қарсыласыңды лазерлi қарудан атуға болатын кибер-лабиринт бар. «Бабилондағы» төлемдер арнайы карточкалар арқылы жүргiзiледi. 5000 шаршы метр аумақты алып жатқан «Бабилонның» iшi қараңғылау, даңғырлаған музыка мен жарқ-жұрқ еткен оттар адам басын айналдыратындай. Ойын автоматтарының iшiндегi өтiрiк ақша мен ойыншықтарға қызыққан балалардың ата-анасынан қылқылдап ақша сұрағанын өз көзiмiзбен көрдiк. Бiрдi-екiлi ата-ананы сөзге тарттық. «Балам осында жиi келгiштеп кеттi. Төлем карточкасын үнемi толтырып тұрамын. Екi сағат ойнау үшiн орта есеппен үш мың теңге қажет. Бұл жер маған ұнамайды, мына оттар мен қара түнек көз ауыртады, ал ойын автоматтарының даусы мен музыка құлақ жарады. Қысқасы, бұл – бала көңiл көтеретiн орын емес, бүлдiршiндерге арналған кiшiгiрiм казино тәрiздi», – дедi баласын жетектеп алған Әлия есiмдi келiншек. Осыдан кейiн балаларға арналған ойын автоматтары бүлдiршiндердi болашақ казино ойыншыларына айналдырмайды деп көрiңiз.
Лудоманиядан емделу үшiн ұзақ уақыт, күш-жiгер мен төзiмдiлiк қажет. Елiмiзде ойынқұмарлықтан емдейтiн арнайы реабелитациялық орталықтар бар. Соның бiреуiне телефон шалдық. Тұтқаның ар жағындағы дәрiгер лудоманияны емдеу үшiн психологиялық тәсiлдердi қолданатынын айтты. «Ол үшiн сiзге ең алдымен, дәрiгер кеңесiнен өту керек. Ол – жетi мың теңге. Ары қарай емделу үшiн кем дегенде отыз мың теңге жұмсайсыз. Бiр аптаның iшiнде ауруды кодтаймыз. Сонан кейiн аурудан толығымен айығу үшiн ай сайын дәрiгер қабылдауынан өтуiңiз қажет».
Не де болса, құмар ойынға түп-тамырымен балта шабу әзiрге әлемдегi бiрде-бiр мемлекеттiң қолынан келмей отыр. Сондықтан ауруға тап болғанша, оның алдын алған дұрыс. Балаңыз ойынқұмарға айналмасын десеңiз, оның бос уақытын қадағалап, компьютер клубтары мен ойын автоматтарына баруына тыйым салғаныңыз жөн. Баланың демалысын тиiмдi үйлестiру де – ата-ананың қолында.
Елнұр Бақытқызы.
Жас Алаш |