Адам баласы табиғатында 100-120 жыл еркін өмір сүре алады екен. Өкінішке қарай, екінің бірі бұл жасқа жете алмайды. Тек 10000 кісінің біреуі ғана ғасыр тойын тойлап барып дүниемен қоштасады. Ал сүйегі асыл адамдардың қатарын көбейтудің жолдары бар ма? Осы сұрақ әлем ғалымдарын ғана емес, қазақстандық білікті дәрігерлерді де толғандырып отыр.
Қазіргі жорамалдар бойынша дәулеті тасыған елдерде ғана ұзақ өмір сүретін азаматтар қатары көп және жыл сайын олардың саны артып келеді. Мысалы, Жапония бұл жағынан көштің басында тұр. Одан басқа бірқатар дамыған елдерде де қарттықтың өзін қапыда қалдырып отырған қариялар өмір сүріп жатыр. Кейде сол адамдардың біразы кәріліктен бұрын түрлі дерт салдарынан көз жұмады екен.
Айталық, Томас Парр (152 жыл) және Зара Ага (156 жыл) тыныс жолының қабынуынан өмірмен қоштасқан. Ал Калифорния университетінің профессоры Леонард Хейфлик жүзден асуға үміткерлердің өз салмағына миының да салмағы лайықты болуын айтады. Қалай айтсақ та талас тудыратын мәселе көп.
Ғалымдар ұзақ жасаудың соңғы рекорды ретінде француздық әйел Жанне Луизе Кальмені тіркеген. 120 жас жасаған жапондық Шигечио Изуми де солардың қатарында. Алайда жұрттың көзіне түсу кейде қанға да қатысы барын бүгіп қала алмайсыз. Өйткені 1991 жылы Въетнамда жүргізілген халық санағы барысында Кунхол елді мекенінде 142 жастағы қария тіркелген. Мұның өзі қанда бар қасиеттің ұрпаққа да жалғасты болатындығын дәлелдейді. Әрі бұл отбасылық тұрмыстың түзулігіне де қарамайтындығын айғақтайды. Мысалы, Каирде бір әйел 141 жас, бір ер кісі 195 жас, колумбиялық Хавьер Перейр 169 жасқа келгені тіркелген.
Есімі елге белгілі ұзақ жасаған кісілер: Золтан Петридж (Венгрия) - 186 жас. Петр Зортай (Венгрия) - 185 жас. Кэнтигерн -185 жас. Тэнсе Абзиве (Осетия) - 180 жас. Худдие (Албания) - 170 жас. Ханджер Нине (Түркия) - 169 жас. Сайяд Абдул Мабуд (Пәкстан) - 159 жас.
Енді өзімізге келсек, Қазақстанда жүргізілген соңғы халық санағында жүз және одан да ұзақ өмір сүрген 26 адам тіркелген. Бұл жағынан Шығыс Қазақстан облысы - 11 адам, Павлодар облысы - 5 адам, Қызылорда облысы - 4, Солтүстік Қазақстан облысы - 2, Жамбыл облысы - 2, Алматы облысы - 1 және Астана қаласы - 1 көзге түсіп тұр.
Ең ұзақ жасаған әйел Жамбыл облысында Рымкүл Қожахметова 112 жасқа, ал шығысқазақстандық Кәрім Ахметжанов 105 жасқа келгені тіркелген. Жалпы, әлемдегі ұзақ жасаған қариялардың бірі - қарағандылық Сахан Досова былтыр 130-ға келіп дүниеден өтсе, енді ол кісінің орнын оңтүстікқазақстандық Ұлбала Бейсенова басты.
Осы секілді сан түрлі қызықты жағдайларды ой елегінен өткізгенде, біздің еліміздегі жағдай ойландырмай қоймайды. Өйткені денсаулықты күту арқылы өмір жасын ұзартуды барлық мемлекеттер ұлттық мәселе ретінде қарастыруда. Себебі кімнің қанша жас жасайтындығы бір Алланың қолында, маңдайына жазғаны десек те адам өзінің жүріс-тұрысы, күтінуі мен тамақтану дағдылары арқылы да жасына жас қосуына болатындығы шындық.
В.Востоковтың «Тибет монастырларының құпиясы» деген кітабында 300 жыл бұрын өмір сүрген ұзақ жасаушылар туралы қызықты деректер келтіріледі. Мәселен, 1675 жылы Жапонияның бірінші министрінің шақыруымен Эдоға (Токионың көне атауы) бірінші 193 жастағы Мамиэ келген. Сонда министр қариядан қартаймаудың амалын ғана сұрапты. Ғұмырын жаттығуға арнайтын, Цзу-Сан-Ли деп аталатын нүктелерге егу жасайтынынан хабардар еткен ол әйелі - 173, баласы - 155, немересі - 105 жаста екендігін айтыпты. Цзу-Сан-Ли - «ұзақ жасау нүктесі» саналады және ол тізе астында орналасатындығын, сол жерді алақанмен жауып, саусақ ұшымен үгу керектігін құлаққағыс жасайды. Әрине, мұның шындыққа қаншалықты жақындығын кім білсін, дегенмен үнемі жаттығудың берер пайдасы бары анық.
Қазір АҚШ-та жүз жасаған 54000 адам тұрса, келешекте олардың саны 108000 жетпек. Жапонияда 1994 жылы ғасыр жасаған 3078 тұрғын есепке алынған. Осы секілді ондаған деректерді алға тартқанда еліміздегі жағдай ойға оралады. Өйткені Қазақстанда қарттықтың алдын алатын, өмір жасын ұзартатын шаралар бұған дейін қолға алынған емес. Сол себепті, Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ғалымдар алдына зор міндеттер қойып, ел тұрғындарының өмір жасын ұзарту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Президенттің бұл шешімінің астарында мән бар. Ең бастысы, өткен ғасырларда ғалымдардың адамның бірнеше жүз жыл жасай алатындығын жазған. Расында да кім болса да өмірді тым қысқа деп есептейді. Бір қызық айтайын, 1964 жылы 169 жасқа келген түрік азаматы Ханджер Нине өлер алдында: «Мен бұл дүниеге әлі тойғаным жоқ», - депті.
Санасы бар адам баласы өмір сүруге құштар, жарық дүниеге ғашық. Көрнекті биолог И.Мечников: «Біздің өмірге деген қатты құштарлығымыз дәрменсіз кәрілік пен өмірдің қысқалығына қайшы келеді. Бұл адам табиғатының неғұрлым үйлесімсіз жері» деген. Сондықтан да өмірдің өз үйлесімділігін іздеу керек.
Кейбір ғалымдар ұзақ өмір сүруді адамдардың географиялық жағынан қандай жерде орналасқанымен де байланыстырады. Бұл жағынан Қазақстан өмір сүруге қолайлы аймақ. Демек, ендігі мәселе әр азаматтың өзіне тікелей байланысты.
Кезінде Лао-цзы: «Адамдар өте көп нәрсеге ие болғысы келіп, ашкөздікке салына бермеуі керек», - деген. «Джап тудей» журналында «Біздің ұзақ жасауымызда ешқандай құпия жоқ. Егер біз секілді ұзақ өмір сүріп, сергек жүргілеріңіз келсе, төмендегі кеңестерді еске сақтаңыз» деп төмендегі мысалдарды ұсынады: Аз мөлшерде болса да, жеміс-жидек пен көкөністі күнделікті жеу. Адам ағзасында, әсіресе, жасы ұлғайған адамдарға май қажет (зығыр майы мен күнбағыс майы). Бұлардың құрамында адам өмірін ұзартуға қажетті аса бағалы қышқыл бар.
Сондықтан күніне бір қасық зығыр немесе күнбағыс майын ішу, сары майға шектеу қою, ет пен ірімшікті аз мөлшерде пайдалану. Ұйқыдан тұрғанда немесе уақыт болғанда жаттығу жасау, дене еңбегімен көп айналысу, демалыс күндері қала сыртына серуен құрып, таза ауамен тыныстау. Әрнәрсені ойлап, қайғыра беру - басыңызды ауыртып қоймай, ағзаңыздың физиологиялық жағдайына кері әсерін тигізетіндігі, сондықтан кез келген жағдайда оқыс оқиғаға шыдамдылықпен, сабырмен қарау, тез ашуланып, қайғыра бермеуге ұсыныс жасалады. Үнемі күліп, көңілді жүру, адам күлгенде, бет-бұлшық еттері қозғалысқа түсіп, диаграфма мен асқазанның жұмысы да жақсара түсетіндігі айтылады. Қысқасы, қырсыққа тап болмаудың сан түрі бар.
Қалай айтсақ та, соның ең бастысы - сана мен жүрекке тікелей байланысы бар. Адам ең алдымен өзінің ақыл-ойын, күш-жігерін еңбекке жұмсауы керек. Мұның өзі жүректегі имани сезім мен санадағы парасаттылықпен ұштасып тұруы тиіс. Осы жерде қараниетті кісіге қаза да қапыда келетіндігін ашық айтқанымыз орынды болар. Адамның ішкі сезіміне, ақыл-ойына көп нәрсе байланысты.
Айналасындағылар туралы таза ойда, арам ниеттен ада, жора-жолдасына қайырымды, әріптестерінің арасында сыйлы, үнемі жайдары жүретін, қастандық пен көреалмаушылықтан алшақ азаматтардың ғана жақсы, ұзақ өмір сүруге мүмкіндігі бар. Бұл медицинада дәлелденген жағдай. Ал үнемі қара бұлтты үйіріп, өзгеден өш алуды ғана ойлап, қаскүнемдікке үйірсек адамдардың бойында түрлі ауруларды қоздыруға жол ашылады. Олар өз жүйкелерін өздері тоздырып, өзінен-өзі шаршап, санасын улайды, осылайша ауруға қалай тап болғандарын білмей қалады.
Жақында Алматыда «Геронтологияның көкейкесті мәселелері. Оны жетілдірудің жолдары» деген тақырыпта өткен халықаралық жиында адам өмірін ұзартудың сан түрі қарастырылып, Елбасының дәрігерлер алдына қойған орасан зор жұмыстары ортаға салынды. Осылайша Денсаулық сақтау министрлігі елімізде тұңғыш рет Қазақстанда геронтологияның көкейкесті мәселелері мен оны жетілдірудің жолдарын іздестіруге кірісті.
Бұрын айтқанымды тағы да қайталап айтайын: Әр азамат дәрігерден бұрын өзіне сенуі керек. Әсіресе, азаматтардың үнемі жайдары жүріп, өз ортасында өзгелер туралы жаман ойламай, пиғылы таза жүргені жөн. Адамның пиғылы, санасы таза жүрмей - сырқатсыз жүруі мүмкін емес. Ар, сана, жүрек, пиғыл түзу болса, жүрегі таза, жүйке орнында болса, ауру да аулақ жүреді. Жақсы қартаюдың өзі - өнер.
Жангентхан АБЫЛАЙҰЛЫ, Кардиология және ішкі ағза ауруларының ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның бас эндокринологы
http://www.aikyn.kz/
|