|
«Түсі игіден түңілме»
Адамның сыртқы пішініне қарап, жандүниесін оқуға болады екен. Мұның өзін ертеде-ақ, өнер, ғылым деп есептеген. Осы ғылымды серік еткен жандар өнердің бұл түрімен ықылым заманнан бері айналысқан көрінеді. Тіпті, оның негізін салушылар қатарында аты әлемге мәшһүр Аристотель мен Гиппократ та бар. Олар: «адамның бет-әлпетінен біраз нәрсені «кітапша» секiлдi оқуға болады. Бұл адамның қалтарысын тез ашады әрі алдамайды», - дейді. Ендеше, сол кітаптың әр бетін парақтап көрейік.
Егер адам басының самайдан жоғары жағы кушиып, шықшытқа қарай жайылып тұрса, ол тамақсаулық пен сараңдықтың белгісі. Ал бас ұсқыны бұған керісінше біткен адамдар қиялшыл келеді. Сопақ бас пен шошақ бастың қосындысы - білімге, ғылымға бейімділіктің белгісі. Басы тым үлкен адам көбінесе ақылды болмақ. Шақша бас - есерлеу, дөкір жанның нышаны. Маңдайы кере қарыс дейтін адамның беті сопақша, иегі кішкентай болып келсе, ол - қатыгездік пен зұлымдықтың белгісі. Тар маңдай - қыңырлық, қазымырлық. Әсем кең маңдай - ақыл-ой мен парасаттың, асқақ сезімдердің белгісі. Маңдайы батыңқы біткен адамдар әдетте ақылсыз, қызғаншақ келеді. Ақылды, қабілетті адамдардың маңдайында ұзыннан-ұзақ бес-алты сызық әжімі болады. Егер осы әжімдерге кесе-көлденең басқа да әжімдер түссе, ол адам көп қиыншылықтар көрген.
Енді көзге келейік. Қу, аяр адамның көзі кішкене келеді. Тікенекше қадала қарайтын көз рақымсыз, қатыгез әрі сұғанақ болады. Көзі бір орнында тұрмайтын адам тұрақсыз. Жалыны өткір, томпақтау көз, қандай ортада да өзін еркін сезінетін адамға бітеді. Ал шарасынан шыға біткен бақырақ көз - қияли мылжындықтын белгісі. Үңірейген көз қызғаншақтыққа және секемшілдікке меңзейді. Мұрын ше, мұрын... Мұрын мен ауыз арасының тым алшақтығы - әдептің аздығы, имек тұмсық - кекшілдік, таңқы мұрын - денсаулықтың кемдігі, дөңес мұрын - тәкәппарлық, ұзын мұрын - кертартпалық, іскерлік қабілеттің жоқтығын байқатады. Сүйір тұмсық - қаталдық. Кеңсірік үстіндегі көлденең сызықтар-ұдайы ашу-ызаның белгісі. Сол секілді ерінде де тұнған сыр бар көрінеді. Салпы ерін адамның өзімшілдігін, іштарлығын, өкпешілдігі мен жеке басындағы жолсыздығын көрсетеді. Ал дүрдиген ерін сезім тиянақсыздығынан, жалғандықтан хабар береді. Үлкен ауыз - жағымды жұмсақ мінездің көрінісі. Екі езуі салбыраған «балық ауыз» көңіл-күйдің жиі құлазитынын меңзейді. Ернін жымқыра беретін адам әдетте өзімшіл әрі тәкаппар болады. Кімде-кімнің беті сопақ, шықшыты шығыңқы болса, ол оның өркөкіректігінің белгісі. Беті жалпақ, етті келсе адам құбылмалы келеді. Сопақша немесе дөңгелек жүзді адам байсалды, жарқын мінезді.
Бояуда да болмыс бар Кез келген түс адамның мінезінің қандай екенін танытады. Айналадағыларды жіті танығың келсе, олардың қандай түсті жақсы көретінін біліп алып, осы мақаланы оқып шығыңыз. Сұр - бейтарап түс. Ол ешқандай психологиялық әсер тудырмайды. Жүйкені тоздырмайды да тыныштандырмайды. Сіз осы түсті жақсы көрсеңіз, шудан аулақ жүретін адамдардың қатарындасыз. Мамыражай тыныштықты қалайсыз. Сізді ешкімге сыр аша бермейтін, томаға-тұйық мінезділердің қатарына қосуға болады.
Көк түс - сезімталдықтың, тұрақтылықтың және адалдықтың белгісі. Бұл түсті жақсы көретін адам ылғи мінез-құлқының тепе-теңдігіне ұмтылады. Сәл сәтсіздікке ұшыраса, еңсесі түсіп, жүнжіп кетеді. Ал бұл түсті ұнатпайтындар, негізінен, мазасыз алып-ұшпа келеді. Олар енжарлықты, тоқырап, тежеліп қалуды білмейді. Алайда асығыс шешім мен үстірт қимылдан аулақ болғаны жөн. Айналасындағыларға шыдамдылықпен, түсіністікпен қарағаны дұрыс.
Жасыл түс - тұрақтылықтын белгісі. Мұны әдетте, байсалдылықтың, жеке адамның өзіне деген сенімін арттыратын байыптылықтың өлшемі ретінде де қарастырады. Жасыл түсті жақсы көретіндер - өзін-өзі шыңдауға, жеке басының жетістігін еселеуге жаны құмар жандар. Әдетте, мұндай адамдар тік мінезді, қалайда өзінің шешімін іске асыруға талпынатындар. Ерік-жігері мықты, табандылығының арқасында кез келген қиындықты бұзады. Бірақ олар төңірегіндегілерге ұнай коймайды. Жасыл түсті ұнатпайтындар, жас баладай өкпелегіш болады. Ылғи мұңы мен өкпесін айтып жүреді. Күйкі ойлардың құрығынан сытылып шығайын десе, батылдығы жетпейді.
Қызыл түс - өмірге құштарлықтың белгісі. Ол табысы мол қамалға тайсалмай ұмтылатын, кез келген салаға адам айтса сенгісіз белсенділік танытатын адамның мінез-құлқына тән. Егер бұл түсті жақсы көрсеңіз, онда сіз қауырт іс-қимылдарды аңсап, өзіңіздің сеніміңіздің әсеріне желігіп жүресіз. Ал осы түсті жек көретіндер - негізінен, қиянат пен кикілжіңнен бойын аулақ салатын, мінезі орнықты адамдар.
Сары түс - кеңістікті яғни қысым мен қорлықтан ада азат өмірді бейнелейді. Бұл түсті жақсы көретіндер тәуелсіздікке ұмтылады. Олар ешқашан жарқын болашақтан үміт үзбейді, өзінің жоспарын жүзеге асырудан еш уақытта бас тартпайды. Алайда күрт өзгерістерге құмарлықтың соңы сағымдай құбылған алдамшы мақсаттарға еруге ұласуы мүмкін. Сондықтан шаш етектен шығынға батып қалып жүрмеңіз. Ал сары түсті ұнатпайтындардың мінезінде ұстамдылық пен психологиялық байсалдылық жетісе бермейді.
Күлгін түс - екі бояуды - көк пен қызылды бойына жинаған. Әлгінде айтқандай, көк түс тұрақтылық пен адалдықты, қызыл түстің жігерлілікті, құштарлықты білдіретіні мәлім. Күлгін түсті ұнататындар ішкі қарама-қайшылығы мол адамдар. Олар алдағанға сенеді, азғырғанға көнеді. Сөйте тұра, айналасындағыларға ықпалын жүргізуге кет әрі емес. Алайда, ең шешуші сәтте яғни шұғыл шешім қабылдау кезінде тасада қалып қойғанды жақсы көреді. Мұндай адамдар жалғыздықтан қорқады. өзінен гөрі өзгелерді дәріптеп, олардың жаманын жасырып, жақсысын асыруға тырысады..
Қоңыр түс - әсершілдікті білдіреді. Дені сау, жігерлі адамдар бұл түсті онша жақтырмайды, ал оны жақсы көретіндер - әбден қажып, тынығуды қалаған жандар.Егер бұл түс ұнамаса, сіз бірізділікті, жаттандылықты және жадағай шешімді жек көресіз.
Қара түс - сыртқы әсерді тежеу мен шектеу үлгісін бейнелейді. Бұл түсті жақсы көретіндер тағдыр мен бетпе-бет келгенде ылғи жеңіліске ұшырап, аз ғана ғұмырын ағысқа қарсы жүзумен өткізеді. Егер жақтырмайтын болсаңыз, онда сіз еш нәрседен бас тартпайсыз, сол арқылы өміріңізде көптеген оқиғаға душар болып, қиындық көруіңіз ықтимал. Сондықтан кейбір оқиғалардан бас тартып, әлдекімдермен санасуға үйренгеніңіз ләзім. Үрей және фобии Кейбір адамдардың бейтаныс ортада өзін-өзі ұстай алмай, берекесі кетеді. Елдің бәрі тек соған қарап отырғандай, өзінен -өзі қуыстанып әбігерге түседі. Абдырап, айтайын дегенін жеткізе алмай, сөзінен жаңылысады. Үрейдің мұндай түрі фобии деп аталады. Үрейдің кәдімгі түрлерінен мұның ерекшелігі, бұл жағдайға жүрексінуге ешбір негіз жоқ. Фобиидің сан алуан түрлері бар: өрмекшіден қорқатындар, тіпті көзіне көрінгеннің бәрінен де қорқатындар да болады. Мұның соңғысы панфобии деп аталады. Мұндай жағдай, әдетте, төсек тартып жатқан қатты науқас адамдардың басында болады. Адам көңілін алаңдататын кез келген себеп үрейдің немесе фобиидің дамуына түрткі болады. Олар адамның жеке басындағы проблемалар, үрей сезімі, мәселен, жүректің дүрсілдеп соғуы, т.б. толқу салдарынан адамның қаны басына теуіп, ентігеді, жүрегінің соғу ырғағы бұзылады, денесінің түрлі бөліктерінде ауру байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам органдары тұтастай алғанда - сау, тек олардың қызметі бұзылады. Үрейдің өсе түсуі, алаңдаушылықты арттыра түсетін жаңа нышандардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Бір-екі рет талмасы ұстаған адамдар оны туғызған жағдайлардан ойын аулақ салуға тырысады. Ақырында адам проблеманы шешкеннен гөрі, ондай жағдайға жоламауды әдетке айналдырады. Үнемі осылай істеу адамның қорқыныш сезімін жеңуге деген сеніміне селкеу түсіреді. Егер сіз жүрексінуіңіздің адамдармен қарым-қатынас жасауда тәжірибеңіздің жоқтығынан екенін аңғарсаңыз, мұндай жағдайда еркін қарым-қатынас жасау рөлінде ойнау бәрінен жақсы көмектеседі. Белсенді іс-әрекет алаңдаушылық пен үрейдің пайда болуына кедергі келтіреді. Құр қарап отырып, азап шеккенше, үнемі бір шаруамен айналысып, қимылдаған жөн. Көңілді алаңдататын ойлардан механикалық жолмен де, айталық, бір әуенді ыңылдап айтып немесе айналаңыздағы заттарды санап та арылуға болады. Тіпті болмаса, өзіңіз көрген заттардың бәрін суреттеп шығыңыз. Өзіңізше талдау жасауға тырысыңыз. Сонда бойды кернеген белгісіз үрейден аз да болса арыласыз. Кейде адамның «сұмдық-ау, елдің бәрі маған қарап тұр. Түрім қалай екен? Олар мен туралы не ойлайды?..» деген секілді көңіліне кірбің түсіретін ойлардың ырқынан шыға алмайтын кездері де болады. Мұндай кезде көңілсіз ойларды: «Қараса қарасын, онда тұрған не бар, қазір ештеңе шығара алмасам, ештеңе күйіп-жанып кетпейді. Есесіне келесі жолы өзімді сенімді сезінетін боламын» деген тәрізді қарама-қарсы мәндегі ойлармен жедел алмастыру керек: Алаңдаушылықтан арылудың - «үдемелі үрейдің» сеансы деп аталатын тағы бір қызықты тәсіл бар. Мұның ұзақтығы - жарты сағат. Оны қашанда белгілі бір уақытта және қатаң түрде белгілі бір орында ғана өткізу керек. Сонда сезім тек осы жағдайға бейімделеді. Қашан болсын, мазаңыз кеткенде көңіліңізді алаңдататын ойларды сеанс басталатын уақытқа дейін кейінге қалдыра тұрып, өзіңізді қандай да бір шаруамен алдандырыңыз. «Үдемелі үрей сеансының» уақыты келгенде тыйымның бәрін алып тастап, қатты мазаңызды алып жүрген ойларға беріліңіз. Осындай жаттығумен үнемі айналысқан жағдайда бір айдан кейін сіздің мазасыздығыңыз қырық пайызға төмендейді. Мазаңызды алған жайларды бәрін бір мезгілде бастан кешіру олардың басым көпшілігінің түкке тұрғысыз екеніне көз жеткізуіңізге мүмкіндік береді.
Нұрсұлу МЫРЗАБЕКОВА http://www.aikyn.kz/
|