|
Колледждегі психология қызмет - әрбір баланың толыққанды психологиялық және тұлғалық дамуына әсер ететін жағдайлармен қамтамасыз ету негізгі мақсаты болып табылатын білім беру жүйесіндегі арнайы сала
Психология - психика заңдылықтарын психикалық құбылыстарды, үрдістерді, қалыптарды, индивидтің даму жолын және оның қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасының қалыптасуын зерттейтін ғылым.
Психика – мінез-құлық пен іс-әрекетті қамтамасыз етудің жоғары дәрежеде құрылған ми қабілеті.
Психодиагностика – тұлғаның потенциалдық қабілеттерін, психикалық үрдістердің даму деңгейін, сондай-ақ әрі қарай дамуды болжау немесе тиісті психологиялық түзету мен эмоционалдық тепе-теңдікті анықтауды өзінің мақсаты етіп қойған психология саласы.
Психодиагностикалық әдіс - психологияның зерттеу әдісі. П.ә. негізгі ерекшелігі (сипаттау мен эксперименттен ерекшелігі)- оның өлшеуге және сынауға бағытталғандығы, соның негізінде зерттеуші құбылыстың сандық және сапалық квалификациясы анықталады.
Психодиагностикалық зерттеу - жұмысы негізінен психологиялық диагностика болып табылатын, психолог жұмысының бір түрі. П.з. негізгі сатылары: зерттеу мақсаттарына сәйкес деректер жинау, алынған нәтижелерді өңдеу және талдау, шешім қабылдау (диагноз және болжам). Әлеуметтену - қарым-қатынаста және іс-әрекетте жүзеге асатын әлеуметтік тәжірибені индивидтің меңгеруі және белсенді қайта жаңғырту үрдісі мен нәтижесі.
Тұлғаның өзін-өзі анықтауы – қандай да бір мәселе туындаған жағдайда өзіндік позицияның туындауы мен қалыптасуы. Ерекше түрлеріне: ұжымдық және кәсіби т.ө-ө. а. жатады.
Психологтың кәсіби этикасы - психологтың өз іс-әрекетінде әріптестерімен, ғылыми қауымдастықпен, сондай-ақ психологиялық көмек сұрап келген адамдармен, зерттеуге қатысушылармен өзара қарым-қатынасында арнаулы адамгершілік талаптарды жүзеге асыру.
Оқуды игеру - оқу үрдісінде адамның білімді, білікті және дағдыларды игеруінің жылдамдығы мен сапасының жеке өзіндік көрсеткіші.
Ақыл-ой (интеллект) - индивидтің ақыл-ой қабілеттері құрылымының салыстырмалы түрдегі тұрақтылығы. Ақыл-ой мазмұндық құрылымы және оның өлшем құралдарының қолданылуы индивидтің тиісті қоғамдық маңызды белсенділігінің (оқу, өндіріс, саясат және т.б.) сипатына тәуелді.
Жас ерекшелік дағдарыстары - шұғыл психологиялық өзгерістермен сипатталатын онтогенездің ерекше кезеңі. Невротикалық немесе жарақаттық типтерге қарағанда Ж.е.д. тұлғалық дамудың қалыпты дамуына қажетті заңды үрдіс болып табылады.
Тұлға аралық қарым-қатынас - адамдар арасындағы өзара байланыстың субьективті бастан өткеріліп, обьективті түрде бірлескен іс-әрекет пен қарым-қатынас үрдісінде адамдардың бір-біріне әсер ету тәсілдерінде және мінез-құлықта көрініс береді.
Девианттық (ауытқулы) мінез-құлық - қоғамда қалыптасқан құқықтық және адамгершілік нысандарға қарама-қайшы келетін әрекеттер. Д.м.қ. негізгі түрлері - құқық бұзушылық және қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын моральға қайшы мінез-құлық.
Делинквент (құқық бұзушы) - кейбір шектен тыс жағдайда іс-әрекеті қылмыстық жазалауға алып келетін, мінез-құлқында ауытқуы бар субъект.
Психикалық дамуында ауытқуы бар балалар - баланың психикалық дамуындағы сенсорлық ақаулардың (саңыраулық, нашар есіту, соқырлық, нашар көрушілік), орталық жүйке жүйесі жарақаттануының (ақыл-естің кемістігі, дамудың тежелуі, қозғалыстың бұзылуы, сөйлеудің күрделі кемістігі) салдарынан болған қалыптан ауытқушылық.
Педагогикалық психология - педагогикалық үрдістің психикалық құбылыстары мен заңдылықтарын, даму ерекшеліктерін зерттейтін психология саласы.
Жеке даралық - тұлғаның әлеуметтік маңызды қасиеттерінің ерекше және қайталанбас көріністері.
Кәсіптік бағдар - мамандық пен қызмет таңдаудағы қолайлысын табуды мақсат еткен, тұлғаның икемділіктері мен қабілеттерін анықтауға бағытталған психологиялық-педагогикалық іс-шаралар кешені.
Қарым-қатынас психологиясы - адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелерімен айналысатын психологиялық ғылым саласы (іскер, дипломатиялық, ұжымдық, жанұялық, қызметтік және т.б.)
Психологиялық түзету - тұлғаның кейбір келеңсіз қасиеттері мен көріністерін түзетуге бағытталған, психолог жүргізетін жүйелі іс-әрекеттер мен операциялар жиынтығы.
Әлеуметтік сұраныс - білім беру мекемесі әкімшілігінің, ата-ананың, педагогтардың, тәрбие мәселелері бойынша жұмыс істейтін басқа да мекемелердің сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған психолог жоспарынан тыс іс-шара.
|