Жаратаушы иеміз жұмыр басты пендесіне жарық дүние сыйлайды. Өкініштісі, орта жолда өмірі келте қиылып жатқан жандар баршылық. Адамзат баласын оң мен солын әлі де танып үлгермеген өрендердің өзіне өзі қол салатыны «аһ ұрғызып» жүр. Бұл жер-жаһан жұртының ортақ проблемасына айналған. Қазақстан адамдардың суицидке шалдығуы жөнінен әлемде үшінші орында тұр екен. Алдына тек Венгрия мен Литваны ғана оздырған. Сондай-ақ біздің еліміздегі балалар суициді де ойландырады. Келеңсіз көрініс Сыр өңірінде де жиі кездесетін жағдайға айналды. Соңғы үш жылда облыста 49 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсауға талпынған. Амалымыз қайсы, олардың арасында 32-сі жарық дүниемен ерте қош айтысты. Бұл естіген адамға еріксіз ой салатын деректер. Өмірдің ащысы мен тұщысын татпастан-ақ оларды пәниден баз кешуге не әсер етті?
Сыр өңіріндегі өзіне қол жұмсаған балалардың басым бөлігі мектеп оқушылары екен. Оның ішінде 14-17 жастағы өрендер саны 12 адамды құрайды. Тіпті енді ғана ес жиып келе жатқан 11-12 жастағы екі жасөспірім не себепті мына жалғанның қызығынан бас тартты екен? Мамандардың айтуынша, оған қатысты бірнеше себеп бар. Жасөспірімдер де жасының ауыспалы кезеңінде күрделі әлеуметтік психологиялық жағдайды бастан кешіреді. Өз басындағы кез келген келеңсіз көріністер әсер етеді. Сондай-ақ ата-анасымен түсініспеушілік және өзге де жағдайлар өлімге алып келуі мүмкін.
Біздің еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде психолог мамандар қызмет етеді. Өкінішке қарай, кейде олардың біліктілік деңгейі сәйкес келмей жатады. Мәселен, осындай жағдай облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатта орын алған. Онда психолог қызметінде бастауыш сынып мұғалімі жұмыс жасаған. Арнаулы білім ошағында осы секілді келеңсіз көрініске жол берілсе, қалғанында «мұндай заңсыздық болмай жатыр» дегенге кім сенеді? Шындығын айтқанда, бізде психологқа барып ақыл-кеңес алу жолға қойылмаған. Сәл-пәл жүйкесі шаршағанда аталмыш маманның алдынан табылатын шетелдіктер тірлігін біз де үйренуіміз қажет екені белгілі. Өйткені кейде тығырықтан шығар жол таппай қиналғанда адамдар бұл дүниеден баз кешуге жол беріп жатады. Сондықтан психологқа барудың ешқандай әбестігі жоқ.
Осы орайда тағы да бір сауал көлденең тартылады. Біздің еліміздегі психолог мамандардың біліктілік деңгейі қандай? Әрине, бұл – басқа әңгімеге жүк боларлық тақырып. Себебі біздегі жоғары оқу орындарында аталмыш мамандық оқытылғанмен, жергілікті жерлерде оған еш сұраныс жоқ. Шетелдерде психологтар өз мекемесін ашып, жеке жұмыс жасайды. Оған баратын адам да аз емес. Еліміздің үлкен қалаларын қайдам, жергілікті жерлерде ондай кәсіп иелерін емге іздесек те таппаймыз.
Бауыржан ТОҚМЫРЗА, Қызылорда облыстық прокурорының аға көмекшісі,
– Кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасын азайтуға күш салмасақ болмайды. Бұл мақсатта мектеп және колледж секілді білім беру ұйымдарында психолог мамандардың жұмысын жолға қойғанымыз дұрыс. Әзірге бұл жұмыс өз деңгейінде емес. Олардың штаттық бірлігін арттырып, жауапкершілігін күшейтуге көңіл бөлгеніміз орынды.
Елдің арасында үрей туғызатын әңгімелер де бар. Адамды өлімге шақырып тұратын, көзге көрінбейтін белгісіз күштер бар көрінеді. Осындай жағдайды бастан өткізбегенмен, дәм-тұзы таусылмай, өмірі сақталып қалған адамдар сондай оқиғалар болатынын жасырмайды. Айналып келгенде, оның да түп-төркіні психология саласына келіп тіреледі емес пе?
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының таратқан мәліметіне сүйенсек, жыл сайын 500 мың адам өз өмірін қияды екен. Суицидтің ең жоғары көрсеткіші Германия, Австралия, Швейцария, Чехияда екен. Ал Болгария, Ирландия, Үндістан елдерінде оған ұшыраған адамдар саны өте аз. АҚШ-та бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынған. Өйткені онда 15-19 жастағы өрендер арасында өзін-өзі өлімге қию күрт өсіп кеткен. Мысалы, кейбір жылдарда аталмыш мемлекетте жыл сайын бес мыңға тарта жасөспірім осындай жағдай салдарынан көз жұмған. Сол себепті олар психолог мамандар санын арттыруға мән беріп отыр. Қазір АҚШ-та 40 мыңнан астам психиатр және 80 мыңнан астам психотерапевт бар екен. Ал бізде ше? Олардың санын тап басып айта аламыз ба? Жоқ. Себебі біз оған еш мән беріп отырған жоқпыз.
Қалима САҒЫНДЫҚОВА, психолог:
– Суицид деген ұғым ХVII ғасырда пайда болған. Дегенмен ғасырға жуық уақыт бойы ол кең ауқымда қолданыла қоймаған. Ал ХХ ғасырда өзін-өзі өлімге қиғандар көбейе бастаған. Осыған байланысты суицидология деген зерттеу саласы өмірге келді. Біздің елімізде аталмыш мәселе көбейіп бара жатқанымен, оны зерттеу мәселесіне мән берілмей келеді. Осының салдарынан опық жеп жүргеніміз жасырын емес.
Ислам дінінде адамның өзін-өзі өлтіруі ауыр күнә саналады. Сондықтан бұл бағытта дін өкілдерінің де үгіт-насихат жасауға көңіл бөлгені артық емес. Шындығында, бізде суицидке байланысты кең ауқымда іс-шаралар жасала бермейді. Оның зардабын да тартып отырмыз. Өмір атты ұлы көште алғашқы баспалдақты аттар-аттамастан ажал құшып жатқан жас өрендердің тағдыры ойландырады бізді... «Алаш айнасы» газетінен