
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының «суицид жаһанды жайлап барады» деген сөзі бекер емес екен. Әлемде жыл сайын жиырма миллионға жуық адам өз өмірлерін қиюға бел буатын болса, олардың бір миллионы жарық дүниемен қош айтысады екен. Өкініштісі, әлгі бір миллионның сегіз мыңы – қазақстандықтар. Бұл дегеніңіз біздің елде сағат сайын бір кісі суицидтен бақилыққа аттанып жатқандығын көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сенсек, Қазақстан бүгінде әлемдегі ең көп суицидтік жағдайлар тіркелген ел ретінде үшінші орынға шығып отыр. Осыдан үш жыл бұрын бесінші сатыда тұрғанбыз. Яғни республикада жыл сайын өз еркімен өлімге бас тігушілер қатары арта түсуде. Әсіресе «қолдан жасалған» өлімнің еліміздің келешегі – жастардың арасында кең таралуы алаңдатады.
Жақында Талдықорғанда өткен баспасөз мәслихатында білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбеков жаға ұстатарлық дерек айтты. Шығыс Қазақстан облысы елімізде балалардың өз-өзіне қол жұмсауы жөнінен бірінші, жалпы, суицидтің саны жөнінен үшінші орында тұр екен. Мұны жергілікті мамандар да жоққа шығармайды. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ақпараттарына қарағанда, өткен жылы аймақта 619 адам өмірімен қош айтысқан. Биылғы жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Әсіресе шығыста балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары артқан. Олардың ақпараттарына сенсек, биылғы он айдың ішінде 60 жасөспірім өмірімен қош айтысса, 73 балғын жас өмірлерін қиюға ұмтылған. Бұл көрсеткіш республика көлемінде де азаймай отыр.
Суицид оқиғаларының барлығы бойынша қылмыстық iстер қозғалған. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәлiметiнше, осы оқиғаларға орай үш мектеп директоры, екi мектеп директорының орынбасары және үш мектеп мұғалiмi жұмыстан босатылған.
Жасөспiрiмдер арасында суицид өршiп тұрған аймақтар:
– Шығыс Қазақстан облысында – 25
– Алматы облысында – 22,
– Қарағанды облысында – 21,
– Оңтүстiк Қазақстан облысында –19,
– Ақмола облысында –18,
– Ақтөбе облысында –18
– Жамбыл облысында –16.
Әр сала мамандары суицид оқиғасы жиiлеуiнiң әртүрлi себептерiн алға тартуда. Суицид себептерiнiң арасында әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, дiни ағымдардың әрекетi, есiрткi қолдану, жоғары сынып оқушыларының төменгi сынып балаларының намысына тиетiн әрекеттер жасауы сияқты жағдайлар бар. Ата-аналар «Алматы облысында екi бiрдей мектеп оқушысының өз-өзiне қол салуы мектеп қабырғасындағы ақша бопсалау салдарынан орын алды» деген пiкiрде болғаны есiмiзде. Ақтөбе облысында орын алған оқиғада 11-сынып оқушысы ақтық хат қалдырып, онда көршiсiн кiнәласа, 9-сыныпта оқитын жеткiншектiң өмiрмен не себептi қоштасқаны жұмбақ күйiнде қалып отыр. Ата-аналар болса бұл жағдайға мектеп басшылығын кiнәлi деп санайды. Ал Алматы қаласындағы №152 орта мектепте орын алған суицид оқиғасына орай пiкiр бiлдiрген мектеп директорының тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары Гаухар Тоқбергенова: «Осы оқиғаларды елге жеткiзiп отырған журналистер кiнәлi», – деп салды. Гаухар ханымның пайымдауынша, жабулы қазан жабулы күйiнде қалуы керек екен.
Суицидтен қалай құтыламыз? Оның жолдары қандай? Әлде арнайы заң қабылдау керек пе?
Мәселен, Англияда осы iндетке қарсы арнайы заң қабылданған. Жапонияда психикасы әлсiз балалармен жұмыс iстейтiн суициодолог деген мамандар бар. Тiптi Еуропада өз-өзiн өлiмге қимақ болғандарды қылмыскер ретiнде тiркеп, қамауға алып, жазаға тартады екен. Бiз осы жағын ойландық па? Айына-жылына бiр өтетiн конференциялар мен басқосулар елiмiздi жайлаған мәселенi шеше ала ма? Сондықтан мемлекеттiң осы мәселеге дұрыстап ден қоятын кезi жеттi деп бiлемiз.
Мирхат МҰҚАШЕВ, Шығыс Қазақстан облыстық психоневрологиялық диспансерi бас дәрiгерiнiң мiндетiн атқарушы:
– Бүгiнде бiздiң қоғамда өз-өзiне қол жұмсауға қатысты зерттеулер жоқ. Мүлде жүргiзiлмейдi десек те болады. Мұның себептерi мен факторларын анықтау үшiн халықтың әртүрлi топтары арасында психологиялық зерттеулер қажет. Сосын барып тиiстi шешiмдер қабылдағанымыз дұрыс. Менiңше, әлеуметтiк ғылым ғана өз-өзiне қол жұмсау құбылысының себептерiн анықтай алады.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бауыржан НЫҒЫЗБЕКҰЛЫ, Өскемен орталық мешiтiнiң наиб имамы:
– Шариғатта Алла тағала берген нығметке қиянат жасау – харам. Қасиеттi Құран Кәрiмде «Өздерiңдi өздерiң өлiмге қимаңдар», яғни өздерiңе қол жұмсамаңдар деп қатаң ескертілген. Қандай жағдайда да сабыр сақтап, Алладан жәрдем тiлеген дұрыс.
Светлана ИВАНЕНКО, Өскемен отбасы және балаларды қорғау орталығының директоры:
– Қоғамды жайлаған бұл дерттен құтылудың бiр-ақ жолы бар. Ол – махаббат. Адамдарда бiр-бiрiне деген мейiрiмдiлiк болуы керек. Мұны бәрiмiз де бiлемiз, бiрақ дұрыс мән бермей жүрмiз.
Бiз кiнәлiнi iздеп те, біреуді кiнәлi деп те отырған жоқпыз. Бiздi «12-де бiр гүлi ашылмай жатып, жасөспiрiмдердiң өз еркiмен өмiрмен қош айтысуының сыры неде?» деген сауал мазалайды. «Мұғалiмдер кiнәлi, психологтер кiнәлi, ата-аналар кiнәлi, қоғам кiнәлi» деп даурығып, екi-үш ұстазды жұмыстан босатқанмен, мәселе шешiлмейдi. Сондықтан ұстаздар, дәрiгерлер, қоғам қайраткерлерi, психологтер, дiн өкiлдерi, құқық қорғау органы қызметкерлерi бас қосып, мәселенiң себебiн анықтап, алдын алу шараларын қолға алулары керек шығар.