
Шығыс медицинасы бойынша адамның құлағының формасына, көлеміне және қалай орналасқанына қарап оның мінезінің ерекшелігін, ерік күшін, белсенділігін, сондай-ақ денсаулығын да білуге болады. Сондықтан психолог, психиатр мен криминалист болмасаңыз да, мұны біле жүргеннің зияны жоқ. Егер құлақтың үсті қастан жоғары орналасса, онда ол өте жоғары интеллект иесі болғаны, ал құлағы қасымен бір деңгейде орналасса - ол адам лидер болуға ұмтылады және өз бетінше кесіп-піше алады деген сөз. Мұндай адамдар оптимист болып келеді және көздеген мақсатына күш салуымен ерекшеленеді.
Ал енді құлағы көзімен бір деңгейде орналасса, онда ол - орташа интеллектінің адамы. Құлағы көзінен төмен орналасса, онда ол - дарынсыздықтың белгісі.
Бір құлағы екіншісінен биік орналасса, ондай адаммен бәстесу өте қиын. Себебі ондайлар логикаға бағынғаннан гөрі нәпсісіне жүгінгенді жөн көреді.
Құлағы кішкентай (6 см-ге дейін) адамдар - жеңіл, үстірт ойлайтындар. Романтик кейіптегі мұндай адамдар кез келген кісінің уәдесіне, анты мен сертіне құлай сенгіш болып келеді. Денсаулығы пәлендей мықты болмайды.
Құлағы орташа адамдар кертартпа, ескішіл болып келеді. Есесіне отбасы мен қызметті шебер үйлестіре біледі.
Құлақтың үлкен (7 см-ден үлкен) болып келуі өзіне деген сенімділікті, пысықтықты, еті тірілікті білдіреді. Әрі мықты денсаулықтың белгісі.
Үлкен қалқан құлақ көбінесе өте талантты музыканттарға тән. Мәселен, бұған Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың құлағын жатқызуға болады.
Егер сол құлақ оң құлақтан үлкен болса, онда оның иесі нақты ғылымдарда үлкен табысқа жетеді, ал оң құлағы үлкендер - тумысынан гуманист адамдар.
Құлақтың сырғалығының көлеміне қарап, жыныстық белсенділікті де анықтауға болады.
Құлақ сырғалығы үлкен адамдар - төсек қатынасына жиі баруды сүйетіндер. Ал құлақ сырғалығы миниатюралық кейіптегілер төсектің жиілігінен гөрі оның сан қырлы болғанын қалайтындар.
Құлақ сырғалығы орташалар төсек қатынасының саны мен сапасын үйлестіре білетіндердің қатарына жатады.
Созылыңқы құлақ иесі - әдептілік пен биязылыққа жақын, әсерленгіш адам.
Кең құлақтылар - реалист, дұрыс, тура ойлайтындар.
Ұшталған сүйір құлақ иелері - қу, жылпос, айлакер адамдар.
Құлағы жоғары қарай сүйірленіп, жымқырыла біткен адамдар өте қатігез болып келеді.
Құлағыңыздың үстіңгі жағы томпақ, шошақ, кертеш болса, адамдармен қарым-қатынаста абай болыңыз! Сіздің мысқылыңыз кез келген адамды оңбай жаралауы мүмкін.
Құлағын қалың жүн басқан адамдар кісіні дұрыстап тани алмайды, есесіне олардың темпераменті туралы аңызға бергісіз әңгіме бар.
Ірі және жуан құлақ иесінің денсаулығының мықты екенін және ұзақ өмір сүретінін, сонымен бірге өнерге қызықпайтындығын айғақтайды. Ал егер құлағы жуан болғанмен, тар орналасса, ондай адам өз бетінше өмір сүре алмайды. Өзіне тапсырылған істі де дұрыстап атқара алмайды.
Құлағы тез ысып, тез қызарып шыға келетін (тіпті бұл белгі күтпеген жерден және сәл уақытқа болса да) адамдар жылдам реакциялы, агрессияға жақын, гипертония мен жүйке тозуына бейім болып келеді. Керісінше құлақтың салқын және бозаңданып тұруы да жүйке жүйесінің әлсірегенін білдіреді. Құлағының ысуы мен қызаруы төмен адам сылбыр, самарқау, бос болып келеді.
Құлақтың жалпы қызарып, көгеріп, қара қошқылданып тұруы бауыр мен асқазан, жүрек, ішек ауруын білдіреді.
Құлақ терісінің тым жарқырап тұруы - дене күшінің әлсіреп, азғандықтың, жадап-жүдегендіктің белгісі.
Құлақ түбінде, әсіресе, алдында әжімнің көп болуы жалпы организмнің әлсірегенін білдіреді.
Құлақ айналасындағы қоңыр, қызылқошқыл дақтар тоқ ішек пен аш ішектің ауыратынын, организмде минералды заттардың жетіспейтінін көрсетеді.
Құлақ сырғалығының жоққа тән немесе өте кішкентай болуы - ойлай білу қабілетінің төмендігін білдіреді.
Құлақ сырғалығының төртбұрышты болып келуі физикалық орасан қара күшті, агрессияға тым бейімділікті танытады.
Сырғалықтың үлкен созылыңқы және сүйір болып келуі - ірі ойшылдықтың, еңбексүйгіштіктің, ішкі күштің мол екендігінің белгісі.
Сырғалықтың жастық сынды мамық әрі жуан болып келуі - семіздікке бейімділік пен ой белсенділігінің төмендегенін білдіреді.
Құлақ сырғалығы рабайсыз үлкен әрі үйлесімсіз формада болса, ондай адам генетикалық жағынан онкологиялық ауруларға бейім болғаны.
Құлақ сырғалығының бүрмеленіп, қыртыстанып, қатпарланып тұруы атеросклероз, инсульт пен инфарктке ұшырау мүмкіндігінің, диабет ауруының белгісі.
Құлақтан басқа да адамның басқа бет-әлпет мүшелеріне қарап, оның өзіндік ерекшелігін ажыратуға болады. Мәселен, бас бармақты алайық. Бас бармақ хиромантия ілімінде үлкен рөл ойнайды. Адамның мінезін бірден-бір ашатын осы - бас бармақ. Бас бармағы ірі, ұзын адамдар басқаларға қарағанда алымды да шалымды, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын лидер болып келеді. Мәселен, Наполеонның бас бармағы осындай болған. Ал бас бармағы кішкентай адамдар - қарым-қатынаста тартымды болады, қажет кезінде жігерлілік танытқанмен, ерік күші әлсіз болып келеді. Бас бармағы орташалар - өзін-өзі қорғай алатын адамдар. Ал адамның бас бармағы тез бүгіліп-ашылғыш, әрі оңай қимылдағыш болып келсе, ол мәдениетті жанымен сүйеді. Жүрегі де, көңілі де өте нәзік, шығармашылықпен айналысып, көбіне уақытты жалғыз өткізгенді қалайды. Алайда мұндай адамдар өте қу болып келеді.
Сұқ саусағы төртінші саусағынан ұзындау келетін адамдар өте жігерлі, әрі өз дегенінен қайтпайтын қайсар болады. Өзін қай жерде қалай ұстау керектігін жақсы біледі, жүрген ортасында салмақты, өзіне сенімді. Ешқашан да жалған сөйлемейді әрі біреудің алдап тұрғанын тез сезіп қояды. Ал сұқ саусағы төртіншісінен келте болып келетін адамдардың мінездері айналасындағыларға өте жағымсыз болады. Олар тым қорқақ, өз ойын толығымен жеткізе алмайды және кез келген адамды орға жығып кетуден тайынбайды.
Ал бастың тым үлкен болып келуі, жалқау адамдарға, тым кішкентай болып келуі тартыншақ адамдарға тән.
Пұшық, тәмпіш, таңқы мұрындылар - қиын тапсырмаларды шешуге қабілетсіз, ондай жерден басын ала қашатындар. «Картошка» мұрын адамдар стихияға бейім. Мұрны жуан адам мейірімді болғанымен, ойы алғыр болмайды. Мұрны төмен қарай бүгіле біткендер эгоист, кейде залымдыққа бейім болып келеді. Керісінше мұрны жоғары қарап қалғандар көпшілік мойынсұнған тәртіпке бағына бермейтін, еркін, тасыраң мінезділер.
Үстіңгі ерні жуан адамдар сын сөзді көңіліне тым ауыр алады, қалжыңды көтере алмайды. Езудің бір жағына қисайып тұруы кежір, арынды мінезді танытады.
Атжақты адамның зиялылығы басым, қажыр-қайраты мығым, ел басқаруға қабілеттілігін білдіреді. Саясаткерлер мен билік басындағыларда жиі кездеседі. Дөңгелек жүзділер мейірбан, ақ жарқын, ашық болып келеді. Үш бұрышты бет пішінділер қулыққа, айлакерлікке бейім. Төрт бұрышты бет пішінділер өте шабан ойлайды, бірбеткей болып келеді. Мұндай кескін әйелдерде болса, онда бұл әйел өзін ер адам орнына балайды. Томпақ беттер қалжыңға бейім, ақжарқын болып келеді.
Жазық, кең маңдай - ақылдылықтың, ойлылықтың нышаны. Қусырыла біткен тар маңдайлы адам төмен интеллекті, бірақ өмірге икемді, өзіне-өзі сенімді, пысық болады.
Жіңішке қас адамның талғампаздығын, кірпияздығын, сонымен қоса шамшылдығын, ашуланшақтығын білдіреді. Қасы түп-түзу адам тіл алғыш болып келеді. Қиылған қас қиялшыл, сезімге берілгіш адамдарға тән. Ал екі қасының арасы бір-бірінен алшақ тұрған адам басқалардың ықпалына тез түседі. Қастары түйісіп тұрса, ол жүйкесінің мықтылығын білдіреді.