 Балаларды өзіне қол салуға кім мәжбүрледі? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерін өз-өзіне қол салудың алдын-алу бағдарламасын жасауға шақырып отыр. Бұл - мәжбүрлі шара. Дүниежүзі бойынша жыл сайын тоғыз жүз мыңға жуық адам өз еркімен өмірден қош айтысады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, соңғы елу жылда әлем бойынша өз-өзіне қол салғандар саны бір жарым есе артыпты.
ДСҰ сарапшыларының пікірінше, бүгінгі таңда бұл жекелеген адамның немесе отбасының ғана емес, қоғамдық денсаулық сақтау саласының ортақ проблемасына айналған. Бұл халқы тығыз орналасқан Азияда ғана емес, әлеуметтік жағдайлары жақсы Еуропа елдерінде де күрделі сипат алған. Еуропада өз-өзіне қол салған 15 пен 35 жас аралығындағы адамдардың саны жол апатынан қаза болғандардан кейін екінші орында көрінеді.
Психологтар суицидке басты себепші негізінен - кедейшілік, жұмыссыздық, қылмыстық қудаланудан қорқу, психикалық қалыптан ауытқу, жеңіл өмірге тойынып, масайғандық, жаза басып орны толмас өкінішке ұрыну немесе емі жоқ ауыр сырқаттарға душар болудан екендігін айтады. Алайда бүгінгі күні мектеп қабырғасында оқитын балалардың нағыз бақытты, өмірдің қызығына тоймайтын жастық шақтарында өз-өздеріне қол салу фактілері жиілеп отыр.
Алматы облысындағы Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау елді мекенінде биылғы оқу жылы басталғалы 9 сыныпта оқитын екі оқушы асылып өлген. Осы ауылда тұратын тағы бір қыз асылып, өмірімен қоштасқалы жатқан жерінен құтқарылған. Бұдан тыс тағы екі тұрғын өз өмірлерін қиған. Бір ауылда бірнеше суицид фактісінің тіркелуі аудан немесе облыс масштабындағы төтенше жағдай емес.
Осы фактілерге байланысты Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев, аудандық прокурордың орынбасары, облыстық білім беру департаментінің, облыстық және жергілікті ішкі істер органдарының қызметкерлері Тұздыбастау ауылының тұрғындарымен кездесіп, мәселенің шешімін іздеді. Жиырма бір мың тұрғыны бар Тұздыбастау ауылында жыл басынан бері өздеріне қол жұмсап қайтыс болған төрт факті тіркелді. Олардың екеуі ересектер де, екеуі мектеп оқушылары. Мәселе осы мектеп қабырғасындағы жастардың өмірден өз еріктерімен қоштасуында болып отыр. Ата-аналардың айтуынша, ауылда 6-11 сынып оқушыларынан қорқытып ақша жинайтын қарақшы топ бар. «Балалардың өліміне солардың қысымы себеп болуы мүмкін» деген болжамдар бар. Алайда мектеп оқушыларына қысым жасап, ақша жинауға мәжбүрлеу бойынша бірде-бір факт тіркелмеген. Екінші суицидтен кейін, қазанның 16 күні аудандық прокуратура Қылмыстық кодекстің 102 бабы (өзіне қол салуға мәжбүрлеу) бойынша іс қозғап, болған жайдың ақ-қарасын анықтап, ашу үшін Ішкі істер бөлімінің тергеу бөліміне жүктеді.
Алматының түбінде орналасқан Тұздыбастаудағы жалғыз мектепте 2018 бала қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде оқиды. Оқушылар саны өте көп болғандықтан бастауыш сыныптағылар үш ауысыммен сабаққа барады. Осы мектептің 9 сыныбында оқитын Сержан Тұрысбеков қыркүйектің 30 күні белгісіз себептермен асылып қайтыс болды. Оның өліміне сырттан ықпал болатындай ешқандай айғақ табылмаған. Медициналық сараптама денеде қинап өлтіру белгісі жоқ болғандықтан «суицид» деген анықтама берген. Ата-аналары ешкімге кінә артпайтындығын айтып, қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.
Арада екі аптадай уақыт өткенде осы мектептің тағы бір оқушысы 15 жастағы Абай Исабаев үйіне келіп, асылып өлген. Оның денесін шатырдың ағашына асылып тұрған жерінде тапқан. Асылған баланың басы шатырдың төбесіне тіреліп тұрған. Абайдың әкесі Әбу мен шешесі Маргарита Исабаева балаларының өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді, олардың пікірінше, Абай кісі қолынан қаза болған. Сондықтан өлген баланың ата-анасы шындыққа жеткенше іздене беретіндігін айтады.
Тұрғындардың айтуына қарағанда, ауылда рэкет жүйесі қалыптасқан. Мектеп оқушыларынан қорқытып алынған ақша түрмеге отырып шыққан екі-үш адамның қалтасына түседі. «31 мектеп бір маусымда БМВ көлігін жинап береді» деп айтатын көрінеді әлгілер. Сотталып келгендер оқушылардың арасынан еті тірілерін қастарына алып, қалғандарынан ақша жинауға баулитын көрінеді. Екі оттың ортасында жүрген мұндайлар амалдары таусылып, өздеріне қол жұмсауға мәжбүр болады. Қайтыс болған баланың әкесі, бұл туралы бүкіл ауыл білетіндігін айтып отыр. Алайда «балаларымызға қырсығы тиіп кете ме?» деген оймен ата-аналар жұмған аузын ашпайды.
Мектептің үлкен залына екі жүздей ауыл тұрғындары жиналды. Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев қайтыс болған балалардың ата-аналарына көңіл айтып, жұртқа бұл «төтенше» жиынның мәнісін түсіндірді: «Жиынның мақсаты біреулерді кінәлау емес, біз кінәлілер туралы айтып отырған жоқпыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында «мектептерде балалардан қорқытып ақша жинау орын алуда» деген сөздер шықты. Біз мұндай нәрселерге жол бермеуіміз керек. Мен тапсырма бердім, қазір осы фактілер бойынша құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Тергеуді объективті, таза жүргізіп, барлық процессуалдық нормалардың сақталуын талап еттім. Бұл іс толықтай анықталғанша өзімнің бақылауымда тұрады. Сөзді Талғар аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ілияс Қойшыбаевқа берейік, мән-жайды сол түсіндірсін». - Осы уақытқа дейін мектеп оқушыларынан күштеп ақша жинауға мәжбүрлеу туралы бізге ата-аналардан бірде-бір шағым түскен жоқ. Қыркүйектің 30-ында суицидке барған Сержан Тұрысбековтің ата-анасы қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Қылмыстың құрамы болмағандықтан іс қозғалған жоқ болатын. Ал 15 қазанда өз-өзіне қол жұмсаған Абай Исабековтың өліміне қатысты шағым түскендіктен қылмыстық іс қозғалды. Қазір жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қатысы бар адамдардың барлығынан жауап алынып жатыр, тергеу жұмыстарының құпиялығын сақтау мақсатында қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Тергеу аяқталған соң барлығыңызды хабардар етеміз. Кәмелетке толмағандардан жауап алу өте қиын екендігін білесіздер. Сондықтан сіздерден қандай көмек болады деген оймен жиналып отырмыз. Егер тергеу жұмысына қажетті ақпараттар беріп, полиция жұмысына көмектесем деген адамдар болса, хабарласыңыздар. Жария етпеуге уәде береміз, - дейді Талғар аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ілияс Қойшыбаев.
Ауыл тұрғындарының бірі: «Тұздыбастауда пәтер тонау, қарақшылық, бұзақылықтар көп болады. Осыған байланысты тұрғындар арасында 18 жиын өткізіліпті. Кейде «осы ауылда участковый инспектор бар ма?» деген сұрақ туады. Бұған не айтасыз?» деген сауал қойды. Оған аудандық полиция бастығы: «Тұздыбастау ауылында 3 патрульдік көлік бақылау жасайды, екі учаскелік инспектор жұмыс істейді. Талғар ауданында кәмелетке толмағандардың ісі бойынша 11 қызметкер істейді. Олардың алтауы мектептерде қызмет етеді. Халқы 180 мың болатын ауданға құқық қорғау органдарының қызметкерлері жетіспей жатуы мүмкін. Өйткені тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Штатты көбейту мәселесі қазір облыс деңгейінде шешіліп жатыр» деген жауап қайтарды.
Мектеп директоры Дина Ақжігітованың айтуынша, «қарындағы майды шірітіп» жүрген оқушылар қай мектепте де болады. №31 мектепте дәріс алатындардың ішінде де сабаққа ұдайы қатыспайтындықтары үшін, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекцияда тіркеуде тұрғандар бар екендігін жасырмайды. Алайда бұлардың рэкетпен шұғылданғандығы туралы осы уақытқа дейін ешкім шағым түсіріп көрген емес. «Сондықтан мектептен тыс уақытта балаларыңызға өздеріңіз ие болсаңыздар» деген ойын айтып салды мектеп директоры. Оның сөзінен «сабақтан кейін оқушылар не істесе де ата-аналары жауап беруі тиіс» дегенді түсіндік. Сонымен, сұрақ көп, ал жауап жоқ. Мұндай жағдайда «бәлендей» деп ештеңе айтуға болмайды. Тек әліптің артын бағып, тергеу жұмыстарының аяқталуын күтеміз. Жас жігіттердің өліміне біреулер себеп болса, оны тек заң қадағалау және құқық қорғау органдары анықтайтын болады.
Статистикалық мәліметтерге қарасақ, Алматы облысында жыл басынан бергі 9 айдың ішінде 331 адам өзіне қол жұмсау арқылы өмірмен қош айтысыпты. Былтыр осы мезгілдің ішінде суицидке барғандардың саны бұдан да көп болған - 365 адам. Жалпы алғанда, бұлардың 90 пайызы сырт жақтың ықпалымен, басқа адамдардың қысымымен жүзеге асырылатын көрінеді. Сондықтан кез келген суицидтің артында қылмыстың ізі жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық қорғау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, Ресейдегі 10-29 жас аралығындағы жүз мың адамның ішіндегі 15,85 пайызы кісі қолынан өледі екен. Одан Қазақстан да аса қалыс қалмаған - 10,66, біздің алдымызда Албания - 11,20. Тізімнің ең соңындағы Германияда зорлықпен өлтірілетін 0,47 жағдай тіркелген. Еуропада кісі қолынан жылына 15 мың адам қаза табады, әрбір төртінші адам (80 пайызы еркектер) суық қаруды қолданудан өледі. Еуропа аумағында бұл жағынан Қазақстан үшінші орында тұр.
Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ
Айкын
Қос жасөспірімнің өліміне кім кінәлі?
Соңғы кезде мектептерде оқушылардың бір-біріне әлемжеттік көрсетіп, ақша жинау, «салық» салу мәселесі өте жиілеп кетті. Тіпті бұл мәселе Елбасымыздың халықпен тікелей эфир арқылы жүздесуінде де көтерілді. Тараз қаласынан соғылған қоңырауда мектеп жасындағы жасөспірімдерден құрылған қылмыстық топтардың көбейгендігі айтылды. Дәл осындай оқиғалар батыс аймақтарда бірнеше рет қайталанды. Бүгінгі күнде қоғамды алаңдатып отырғаны — мектептерде әлімжеттіктің етек жайып бара жатқандығы. Нақты қозғағалы отырған бүгінгі мәселе Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылының №31 мектебінде бір емес, екі бірдей оқушының асылып өлуіне байланысты болып отыр. Осы мәселе бойынша аталмыш мектепте бірқатар мекеме басшыларының қатысуымен үлкен жиналыс өтті. Оған аудан әкімі Талғат Өмірәлиев, Талғар аудандық ІІБ бастығы Ілияс Қойшыбаев, аудандық прокуратураның орынбасары Алтай Жәнібековтер қатысты. Сонымен, бала өзіне суицид жасады ма, әлде біреулер қасақана өлтірді ме? Енді осы мәселені жиналысқа қатысқан адамдардың өз аузымен баян етсек... Әбу ИСАБЕКОВ, қайтыс болған Абай Исабековтің әкесі: – Менің балам өз-өзіне қол жұмсаған жоқ. Оны біреулер қасақана дарға асып кеткеніне 100 пайыз сенімдімін. Себебі ол өзіне қол жұмсайтын бала емес. Бірақ осы мектепте жоғарғы сынып оқушыларының төменгі сынып оқушыларына қоқан-лоқы көрсетіп, ақша жинайтын жайттары кездеседі деседі. Оны жұрттың бәрі біледі, ата-аналар да, бүкіл ауыл тұрғындары да бұдан хабардар. Бірақ көбі шындықты айтпайды. Осы мектепте «Жеті қарақшы» деген мектепішілік қылмыстық топ бар. Олар өздерінің қатарына денелі, шебер спортшы жасөспірімдерді тартып, иіні жуас балалардан «общагқа» ақша талап етеді. Менің ұлым осы топқа қосылмағандықтан, ақша жинап, ешкімге ақша бермегендіктен, осындай қайғылы жағдайға душар болып отырмыз. Алғашында Сержан Тұрысбеков дарға асылып қайтыс болғанда, осы өлімге қатысты тергеу барысында менің балам оған кімдердің қысым көрсеткенін нақты айтып берді. Көпшілік үндей алмай бұғып тұрғанда, ұлым бұл «жеті қарақшылардың» ісі екендігін көрсетті. Осының салдарынан ұлымнан айырылып отырмын. Сержан шын мәнінде қоқан-лоқыға шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсаса, ал менің ұлым қасақана өлімнен қайтыс болды. Сондықтан құқық қорғау органдары кінәлілерді тауып, тиісті жазасын беруі керек. Маргарита ИСАБЕКОВА, Абайдың шешесі: – Баламды өз үйімде асып кетті. Ол 10-11 сыныптың оқушылары күштеп, қорқытып, ақша талап ететіндіктерін өзінің ағаларына айтқан. Баламды дарға асып қойған жерінен ағалары түсірді. Оған алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, аузын үрлеп, барынша тірілтіп аламын деп үміттеніп едім. Бірақ... Мен ештеңе талап етіп отырған жоқпын. Құқық қорғау органдары баламның өліміне себепші болғандарды ертерек тауып, тиісті жазасын берулерін сұраймын. Ілияс ҚОЙШЫБАЕВ, Талғар аудандық ішкі істер басқармасының бастығы: – Қазіргі таңда Абай Исабековтің өліміне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 102 бабы бойынша (өз-өзіне қол салуға итермелегені үшін) қылмыстық іс қозғалды. Ал Сержан Тұрысбековтің өлімі шын мәнінде суицид болды. Осы уақытқа дейін ата-аналар тарапынан не оқушылар тарапынан «бізді бопсалап ақша алды» деген арыз-шағымдар бізге түскен жоқ. Бұл фактілердің орын алатындығын біз суицид болғаннан кейін ата-аналардан естіп отырмыз. Ал Абайдың денесін біз сот-медициналық сараптамаға жібердік. Оның денесінен ешқандай ауыр соққының із-белгілері болған жоқ. Қалған жағдайлар туралы біз тергеу амалдары аяқталғаннан кейін ғана айта аламыз. Айта кетейік, қайғылы оқиға болар алдында мектепте мектеп инспекторы болмаған. Ол өзінің кезекті еңбек демалысына шыққан екен. Өкініштісі сол, Талғар ауданында 44 мектеп бар болатын болса, ал аудандық ішкі істер басқармасында жасөспірімдер ісі бойынша 11-ақ инспектор қызмет атқарады екен. Оның өзінде алты-ақ инспектор мектеп инспекторы болып жұмыс істейді. Айналдырған алты инспектор 44 мектептің оқушыларын бақылай ала ма? «Мүмкін, осындай бақылаусыздықтың салдарынан әлгіндей оқиғалар жиілеп кеткен жоқ па?» дейді ауыл тұрғындары. Дина АҚЖІГІТОВА, Тұздыбастау ауылы №31 мектептің директоры: – Мектепте 2018 оқушы, 83 сынып, 160 мұғалім бар. Оның үстіне, мектептің ішінен ашылған шағын балабақшада 25 бала тәрбиеленіп жатыр. Менің айтайын дегенім, Сержан да, Абай да өз-өзіне қол жұмсайтын жігіттер емес. Екеуінің де бірінен кейін бірі қайтыс болғанына түсіне алмай отырмыз. Енді оның ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтайтын болады. Талғат ӨМІРӘЛИЕВ, аудан әкімі: – Бұл өлімнің себебіне барлығымыз да кінәліміз. Аудан әкімі ретінде — менің де, құқық қорғаушылардың да, мектеп ұжымының да кінәсі бар. Не деген сұмдық, соншама ауыл бола тұрып, оның ішінде ауыл ақсақалдары, ата-аналар, мұғалімдер, құқық қорғаушылар, барлықтарыңыз бірігіп, төрт-бес қарақшыны қолға түсіре алмайсыздар ма? Бұл іс толығымен тексеріліп, кінәлілер жазасын алатын болады. Міне, оқиғаға қатысты мәселе көтерген адамдардың айтқандары – осы. Біз бұл жерде ештеңе алып-қосқан жоқпыз. Тек болған оқиғаны боямасыз көрсетуді ғана мақсат тұттық. Айтпақшы, егер Тұздыбастаудағы осы оқиғаға байланысты қандай да бір мәліметтер болса, онда мына телефондарға хабарласуларыңызды сұраймыз: 8701 711 42 22, 295-63-96 Құрметпен, Талғар аудандық ІІБ бастығының орынбасары Талғат Беркінбаев.
Автор: Серік Жұмабаев
Алаш айнасы
|