|
Экономикалық дағдарыс басталғалы қоғамда психологиялық көмекке зәру пенделердің қатары көбейе түскен. Ол заңды да. Пенде баласының көбінесе басына қиындық түскенде, не ауырып-сырқағанда барып Алланы еске алатынын, тәубесіне келіп, мешітке баратынын, намазға жығылатынын жоққа шығара алмайсыз. Бірақ олар өмірінің қиын кезеңінде тура жолға түсіп, ізгі амал етіп жатса жақсы ғой. Есесіне қасіретке душар болған, басына қиын іс түскен адамдар тәуіп, бақсы, балгер жағалағыш. Солардан көмек, дәрмен іздейді. Осылайша адасушылыққа бой алдырады.
Батыстағыдай психологтардың қызметі бізде жолға қойылмаған. Оның орнына топырлаған БАҚ беттері (газеттер, журналдар, сайттар) шулы жарнамадан көрінбейді. Жүз пайыз кепілдік бергіш магиялық қызметтер (ақ магия, қара магия, өмірді жақсы жағына түбегейлі өзгерту, көз тигеннен, тіл тигеннен тазарту, дуадан аластау, сүйгеніңді оралту т.т.) барлық проблемаңды әп-сәтте шешіп беруге дайын. Ол аз болса, қаптаған мануальді терапевтер, астрологтар, фен-шуй мамандары, йогалар, каббалашылар жетеді...
Алматыдағы атақты көк базардың қасынан өтіп бара жатқаныңызда, бәлкім, сізді де сыған әйелдер талай рет қол бұлғап шақырған не тоқтатқан болар. Пал ашып берейін, басыңыздағы дуаны алып тастайын дейді де. Оның бәрі қалтаңызды қағудың айла-амалдары. Сөйтіп сіздің әлсіздігіңізден, ауру-сырқауыңыздан, қорқынышыңыздан ақша жасайды.
Мынау – өмірде болған оқиға. Алматыдағы бір дүкенге алабажақ етектері жер сызған, тұмсықтары көтеріңкі бір топ сыған әйелдері сау етіп кіріп келеді. Алмагүл есімді сатушының сөресіне жақындаған олар қыздан су сұрап ішеді де, жақында ғана оның жігітімен жүз шайысып қалғанын айтады. Шынында да қыз сүйіктісімен ұрысып қалып, соған өкініп жүр екен. Сыған дөп түскен соң, Алмагүл қалайша транс (гипноз) жағдайға түсіп қалғанын сезбей де қалады. Қайыстай қатқан қара қонақтар қыздан саусағындағы алтын жүзігін шешіп беруді өтінеді. Алмагүл бұл кезде олар сұрамай-ақ шешіп беруге дайын еді – айтқанын екі етпейді.
Дәл осы кезде дүкен қожайыны сап ете қап, сығандарға дереу дүкеннен шығып, табандарын жалтыратуды ескертеді. Сол сәтте сығандардың біреуі дүкен қожайынына көзімен ата қарап, тістене сөйлеп: «Сенің дүкенің өртенеді, бәрінен жұрдай боласың! Ал сен, – дейді сатушыға, – жалғыз қалып, қу тізеңді құшақтап өтесің!». Шынында да бірнеше күннен соң электр сымының тұйықталуынан өрт шығып, түгел жанып кеткен дүкеннің орнында күлі ғана қалады. Ал жұмысынан айырылған сатушы қызға үш жылға дейін жігіттер жуымай қойыпты. Үш жылдан соң әлдебір емшіге барып қарғысын аластатқан соң ғана жолы ашылады...
Егер күнделікті БАҚ құралдарына зер салсақ, жоғарыдағыға ұқсас оқиғалардың талайын кездестіруге болады. Сыған әйелдердің арбауына түсіп қалған қыз-келіншектердің сандық түбіндегі ақшасын, алтын-күміс бұйымдарына дейін өз еркімен сығандардың алақанына салып беріп, артынан есін жиған соң, аһ ұрып қалған оқиғалар тіптен көп. Енді ше? «Әке-шешеңе, жақындарыңа өлім қаупі төніп тұр, басыңда ажал дуасы бар, жеті атаңнан жалғасып келе жатқан қарғыс бар, тезірек пәлен теңге беріп, аластатпасаң, орны толмас өкініште қаласың» деп қара аспанды төбесінен төндіріп, жүрегін ұшырып тұрса, жазған құлда ес қала ма? Осылайша мектеп оқушысын қорқытып, психикалық соққы алған ол болса әке-шешесінің бар жиған-тергенін сығандарға апарып берген оқиға осыдан сәл бұрын Қарағанды қаласында болған.
Жақында жолы болыңқырамай, салы суға кетіп жүрген көрші әйелді Алматының «Ақсай» шағын ауданындағы «Жаңабазарда» пал ашып отыратын екі өзбек әйел алдын кес-кестеп жүргізбей қойыпты: «Ой, қырсық шалып, жолың болмай жүр екен! Басыңда қорқынышты дуа бар!» деп, сенбей қолын бір сілтемек болғанда: «Мына инені саусағыңа сұқ. Егер ұшы қарайып кетсе, сенде жаман дуа бар болғаны» дейді. Шынында да иненің ұшы қарайып шыға келіпті. Нәтижесінде көрші әйел бес мың теңгесін қалай суырып бергенін білмей қалады. Ең қызығы, милиция қызметкерлерінің өзі «пәледен машайық қашыпты» дегендей, неғұрлым сығандармен байланысудан қашып, аулақ жүруге тырысады. Сығандардың көлбең-көлбең етіп, көстеңдеп көшені бермейтіні де содан.
Жоғарыдағы оқиғаларға қарап, құрбандығын құр жібермейтін сыған әйелдерді нағыз әртістің әртісі деуге болады. Өтіп бара жатқан адамның бетіне не жүрісіне қарап-ақ қандай сезімде екенін біле қойып, көңілсіз болса «өлім, ауру, шығын күтіп тұр», көңілді болса «табыс күтіп тұр» деу онша қиын да болмаса керек. Бұл жерде оларды табиғаттан магиялық қасиет дарыған, нәзік психологтар деу артық болар. Ең бастысы тәжірибелілігі. Мұндай «көріпкелдікпен» шұғылданғанына бірнеше жыл болса, «психолог» болып шыға келмегенде қайтеді.
Маман нейропсихологтар сығандардың жұртқа көзін де, сөзін де оқша тигізе алатындығын айтады. «Егер сені сыған шақырса не тоқтатқысы келсе, дұрысы қастарына тоқтаушы да, артыңа қараушы да болма. Қорыққаныңды білдірмей, тез-тез басып өтіп кет. Тегін пал ашып беремін деп алдауы мүмкін. Тіл қатпа. Егер қоршап-қаумалап, жолыңды кес-кестеп жібермесе, жаман сөз айтушы, не ұрушы болма. Ызаландырма. Артыңнан қарғыс-дуа жіберсе, энергетикалық соққы аласың. Олар кімге тиісуді жақсы біледі. Ерік-жігері күшті адамдарға жоламайды. Сығандармен бетпе-бет келіп қалсаң, жағымсыз энергиядан арылу үшін дереу салқын душ қабылдау керек» деп зерттеуші-оқымыстылар ақыл-кеңес береді.
Әрине, күнкөріс үшін лас тірлікпен айналысатын, айналамызда қаптап кеткен түрлі жалған балгер-құшынаштар, діннен безгендер мен азғырушы сиқыршылардан бөлек бойында ерекше қасиеті бар көріпкел жандардың барын ешкім жоққа шығара алмайды.
Атақты ЦРУ қайбір жылы шпиондық барлау қызметіне көріпкелдер мен экстрасенстерді пайдаланып келгенін мойындады. Кезінде АҚШ-тың әскери барлау қызметі көріпкелдердің көмегімен Қытай мен Семейдегі ядролық және КСРО-дағы басқа да әскери құпия объектілердің қай жерде орналасқанын дәл тауып отырыпты. ЦРУ-дің тапсырмасымен әлемге әйгілі экстрасенс Ури Геллер КСРО-ның соңғы президенті, қасқа бас Михаил Горбачевқа дейін ойша сигнал жіберу арқылы дуалаған көрінеді. 1997 жылдан бастап қана ЦРУ қызметтің ондай түріне жүгінуін доғарған деседі. Бұл бір жағынан шпион-спутниктер мен тарақан мен шыбынға чип түріндегі микроқондырғы орнату ісінің кең дамығандығына да байланысты болса керек.
Сиқыршылық пен көріпкелдік, сәуегейлік бүгінде АҚШ пен Англия, Қытай, Жапония, Филиппин елдерінде «метофизикалық медицина» ретінде қарастырыла бастады. Астрология астрономия секілді ғылым болып есептелінуде. Дәл бүгін қанша жерден сауатты, білімді болғанымен, жер бетіндегі адамдардың тең жартысы, басым көпшілігі әйелдер, көріпкелдер мен сәуегейлердің көмегіне жүгінеді екен. Түріктердің «Палға сенбе, бірақ палсыз жүрме» деген сөзі осындайда еріксіз еске түседі. Христиан да, ислам да, будда діні де сиқыршылықты, пал ашуды сайтанмен ауыз жаласу ретінде қарастырып, ғасырлар бойы күресумен келсе де, ол тоқтар емес. Шоқан жазған «қазақтардағы шаманизмнің қалдықтары» ХХІ ғасырға да аман-есен жетті.
Әрине, қоғамда туғаннан алтыншы, жетінші көзі ашылған ерекше сезімтал адамдар бар – олар бейне бір рентген-аппарат сынды біз көрмегенді көреді, біз естімегенді естиді, біз сезбегенді сезеді. Былайша айтқанда, картинаны «естіп», музыканы «көре алады, тіпті «дәмін сезеді». Адамның аурасын көре алады, оның қандай түске боялғанын айтып береді. Ауырған жерді түр-түсіне, иісіне қарап біледі. Мұндай дарынға ие атақты адамдар аз емес. Француздың атақты ақыны Артюр Рембо дауысты дыбыстарды түр-түсіне қарай байланыстырған. Музыкалық нотаның түсін көре білген композиторлар, бояудың даусын естіген суретшілер аз емес. Тек оларды аферист, шарлатандардан айыра білу керек.
Көріпкелдер орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкинге «ажалың ұзын бойлы, ақ боз атты кісіден болады» депті. Ұлы ақын шынында да дәл сондай Дантестің қолынан қаза тапты, Мұхтар Әуезовке «ажалың пышақтан болады» депті – ұлы жазушы операция үстелінде көз жұмды. Мұндай мысалдар тарихта толып жатыр. Ғылым мұны көріпкелдер адамды сендіру арқылы бағдарлама түзіп, сол бағдарламаның іс жүзінде орындалғаны деп түсіндірген болады. Қасиетті Құранның айтуынша, кәпір жындар көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасап, алған мәліметтерін тәуіп, бақсы-балгерлерге өтірік қосып құлақтарына сыбырлайды. Жындардың көріпкел, палшыларға жеткізген кейбір хабар-ошарлары кей жағдайда дәл келіп те жатады. Бірақ солай екен деп, экстрасенске пал аштырып, болашақты білуге әрекеттену ислам діні бойынша үлкен күнә болып есептеледі. Кәпір боласыз. Пал аштырған сайын адамның жолы ашылудың орнына қайта жабыла беретін көрінеді. Болашағын болжатқан сайын энергетикалық әлемде жыртық тесік көбейіп, одан қара күштердің еніп кету мүмкіндігі жоғарылайды.
Бақсы-балгерлер болашаққа пал ашу, адамды сендіру, қорқыту арқылы оны жақсылап «программалайды». Болмаса, адамға бақыт, денсаулық, жақсылық тілеп, адамды жақсы ойға жетелеп, сол арқылы табысқа жетуіне жол бастайды. Адамның энергетикалық орталығына (чакра) әсер ету арқылы өміріндегі, организміндегі белгілі бір өзгерістерге жол ашады. Қазақтың «қарғыс алма, алғыс ал» деуі, бата сұрап жатуы да осыдан. Өмірде еш нәрсе де із-түссіз кетпейді. Бұған біреу туралы жақсы, жаман ойларыңыз да кіреді. Бұған өмірдегі өз тәжірибеңіз арқылы да көз жеткізуге болады. Біреуге жан-тәніңмен ғашық болсаң, ғашық болған жан оны сен бір ауыз сөз айтпай-ақ іштей сезіп қояды. «Ғашықтың тілі тілсіз тіл» деген осы. Керісінше біреуді іштей жек көріп, оны сыртқа сездірмегенмен, ол оны сезеді. Жек көре бастасаңыз, ол да сізге жағымсыз пиғыл білдіре бастайды. Мұның бәрі сигнал-толқын арқылы жүзеге асады. Осылайша ойлаған ойыңыз физикалық әлемде материалды ақпаратқа айнала алады.
Діндарлар бүгінде үлкен молдалар мен емшілерге ғана ауызша жетіп келген, жалпы қара халықтың оқуына тыйым салынған ежелгі эзотерикалық кітаптар айналымда еркін сатылатынын айтады. Оны кәсіби маман пайдаланса жақсы, ал шарлатанның қолына түссе ше? Бір құшынаш елімізде айына бес мың долларға дейін пайда табады екен. Тек кеңес беруінің өзі 1000 теңге тұрады. Кейбір ем-домдарының құны мың долларға дейін барады. Бұған «махаббат», «табыс», «ақша» әкелу үшін зарядтап беріп сататын түрлі тұмарларын қосыңыз. Қысқасы, өзі тарығып жүрген жұртқа гипноздар мен палшылардың, шамандар мен экстрасенстердің үлкен зиян келтіріп жатқаны белгілі. Ал оларға құрық салатындай белгіленген заң жоқ... Дерек көзі
Төреғали ТӘШЕН
http://islam.com.kz/
|