 ...Жо-жо-жоқ, оның құпиясын білмейміз. Білсек, ақылды болып алар едік қой. Біз мұнда тек әлемдегі ең ақылды адам деген атты қалай алуға болатыны туралы айтпақпыз. Нақтырақ айтқанда, әлем «Ең ақылды» деп кімдерді және қандай себептермен атайтындығына тоқталмақпыз. Өзі ақылдылық және сауаттылық дегеннің екі бөлек нәрсе екені байқалады. Бүкіл әлемнің ғылымын тауысқан, білімін меңгерген, былайша айтқанда, оқымаған кітабы қалмаған адамның ақылды болмауы мүмкін. Ал әрі-беріден соң әліпті таяқ деп білмейтін кісінің ақылды болып шығуы ғажап емес. Сол тұрғыдан келгенде, сауат - ақпараттар (теориялық) жиынтығы, ақыл - тәжірибелер жиынтығы. Тіпті сауат жүре бітетін, ал ақыл туа бітетін қасиет секілді.
Халқымыздың танымындағы «көпті көрген» мен «көпті білгеннің» айырмашылығы да сол. Бір әзіл бар еді: «Құдай қандай әділетті, ақылды бәріне теңдей бөліп берген. Ақылының аздығына шағым айтқан әлі бірде-бір адам жоқ». Әрбір адам баласы өзін ақылды санайды. Ол - заңдылық. Ал сізді өзгелер ақылды санай ма? Ақылды, сауатты, білімді, кемеңгер, данышпан, ойшыл деген анықтауыштардың барлығын адамдар өнерде, я ғылымда белгілі бір жетістікке жеткен адамдарға жомарттықпен таңады. Сонымен бірге, ешқандай жаңалық ашпаған, өнер шашпаған, жай ғана тыныш өмір сүріп, жақсылық пен жамандықтың, шындық пен жалғандықтың, дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырата білген, ешқашан ешкімге зияны тимеген адамдарға да қолданады.
Мәселен, «Ол бір әулие кісі ғой» немесе «жарықтық, данышпан адам ғой» деген секілді. Осыларға қарағанда, нақты ақылдылық дегеннің формуласы жоқтығын байқаймыз. Ол бірде адамгершіліктің кемелділігі, бірде мінездің асылдығы, тағы бірде жай ғана адамның қарапайымдылығы. Дүниені төңкеріп тастардай данышпан, аспан мен жердің сырын білген әртүрлі ғалымдар, оқымыстылар, философтардың бәрі адам құндылығы үшін қызмет еткендер. Адам үшін қызмет ету - қызметтердің ең ұлысы болуы керек. Ал «суық ақыл» немесе «құрғақ сауат» көп ретте адамзатқа қарсы жұмыс істейді. Динамитті ойлап тапқан Альфред Нобель дiң өзінің бүкіл байлығын Швед академиясына аманаттап, адамзат үшін қызмет еткендерге сыйлық тағайындауы да адамзат алдында ақталуы еді ғой. Оның ашқан ғылыми жаңалығының адам баласына қарсы жұмыс істей бастағанын көрген Нобельдің өмірден түңіліп, тіпті адамдардан түңіліп кеткені де рас.
Ақылдылық үшін ақталу осылай жүзеге асса, ал ақылсыздық үшін ақталу әлі орын алған емес. Адам өзі-өзімен жеке қалғанда белгілі бір қателігі үшін күйініп «Неткен ақымақ едім!» деп опық жейтіні рас. Бірақ ешкім де мұнысын жалпаққа жария етпейді. Жария етуге батылы да бармайды. Адамдардың дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Сократтың атышулы ақталу сөзі осы ақылдылықтың шындығына біршама жақындайтын секілді. Ол өзін философтармен, ақындармен, саясаткерлермен салыстыра келе, өзінің оларға қарағанда ақылды екеніне көзі жетеді. Сократқа таңылған айыптаулардың бірі де оның өзін ақылды санауы еді. Бұл адамдардың намысына тиді. Сократ өзінің ақылдылығы мына нәрседе жатқанын айтып еді: «Мен өзімнің ештеңе білмейтінімді білемін, ал өзгелер білмейтіндігін білмейді». Адам баласы кітапты ақылды болу үшін оқымайды. «Ақылды болу үшін оқимын» деген адамды кезіктірдіңіз бе? Жоқ. Адамдар кітапты үйрену үшін, яғни өмір сүруді үйрену үшін оқитын секілді. Үйрену - машықтану, бірақ ақылды болу емес. Сол данышпан Сократ «Мен аяқкиімімді жөндету үшін кімге баруым керек?» деп сұрайды екен. Халық оған: «Етікшіге» деп жауап береді. Қызық.
«Ақыл қайда тұрады?» деген сұрақ болса оған бірден «Мида!» деген жауап болады. Орта жастағы ер адамның миының салмағы 1424 граммды құрайды екен. Ал қартайған сайын 1395 граммға дейін төмендейді. Адам қартайған сайын ақылды болмаушы ма еді? Бұған қарасақ, ақыл деген нәрсе мидан өзге мүшелердің бірінде болып шыққаны ғой. Әлемдегі ең ауыр ми әлдебір ер кісінің миы - 2049 грамм. Ал ең ауыр әйел адамның миы - 1565 грамм. Еркек әйелге қарағанда ақылды болып шыққаны ма? ХІХ ғасырда ер адамның миының орта салмағы 1372 грамм, әйел адамның миының орта салмағы 1096 грамм болған екен. Демек, ғасырлар өткен сайын адамдардың миы ауырлап келеді.
Ақылдылық мидың салмағымен өлшенер болса, неге адамзат баласының өміріндегі ең данышпан адамдар біздің заманымыздан бұрын және орта ғасырларға дейін өмір сүрді? Неге әлі күнге дейін Аристотель, Платон, Демокриттер ең ұлы данышпандар, неге әлі күнге дейін Бетховен, Моцарт, Шопен ең ұлы композиторлар, неге әлі күнге дейін до Винчи, Рембранд, Рафаэль ең ұлы суретшілер, неге әлі күнге дейін Галилей, Ом, Ньютон, Коперник ең ұлы ғалымдар болып қалып отыр? Адам түсініп болмайтын осы бір ген құпиялары ғасыр өткен сайын, адамдардың миы үлкейген сайын көмескіленіп, жұмбақталып, өз ішіне өзі кіріп барады. Уақыт өткен сайын адамдар өз тамырларынан, яғни ақиқаттан алыстап келеді. Эйнштейннің миы 2000 грамм, ал орыс жазушысы Тургеневтің миы 2012 грамм тартқан. Демек, оларды адамзат тарихындағы ең ұлы данышпандар дей аламыз ба? Бірі ғылымда, бірі көркем әдебиетте жаңалық ашты, бірақ осынша ми салмағымен олар жаратылыстың, адамзаттың пайда болу құпиясын ашуы керек еді ғой. Адам миының ең бір тез даму кезеңі 11 жасқа дейін жүреді екен. 11 жастан кейін мидың салмағы артып, ақылды болып кету мүмкін емес. Бұған сүйенсек, 11 жасында данышпан болған адам данышпан, одан кейін жай ғана сауатты адам. Бірақ сауаттылықтың да өзінің атқарар рөлі аса маңызды. Адам неғұрлым көп білім алған сайын ми ауруларына шалдығудан өзін сақтап қалатынын мамандар айтады. Сондай-ақ адам баласы барлық қабылдайтын нәрсесін 9 жасқа дейін-ақ қабылдайды екен. Ал қалған өмірінде соны қайталайды.
Сонымен, әлем кімдерді ең ақылды санайды? Қазір «коэффициент интеллекта» (ағылшынша IQ - intelligence quotient) яғни «өре өлшемі» деген ұғым бар. Адам өресінің өлшемін арнайы сұрақтар (тест) арқылы бағамдайды. Бұл ұғымды 1912 жылы неміс ғалымы В.Штерн енгізген. Аталған тест бойынша адамдардың қаншалықты ақылды екендігі анықталады. Мүмкін болған сұрақтың қаншасына дұрыс жауап бере алса, сол дұрыс жауаптар арқылы ақылдың көрсеткіші шығады. Осы бір қисынды ойлау жүйесін дамыту, сол бойынша жоғары көрсеткішке ие болу жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас бір ұлттардың ақыл-ой жүйесінің жетістігі болып отыр. 0 ден 19-ға дейінгі бірлік көрсеткіші бар адамдар - ақыл-ойы дамымаған болып саналады. Сондай-ақ 20-36 бірлік - мидың кеш дамуы, 69-85 бірлік орта деңгейге жақындау, 86-144 бірлік - орта деңгей, 115-124 бірлік - орта деңгейден биік, 125-134 бірлік - ақылы толысқан, ал 135-тен жоғары көрсеткіш - данышпан деп танылады. Мамандар өткен ғаcыр данышпандарының өре өлшемін анықтай келе мынадай қорытынды жасады: Неміс халқының ұлы ақыны Гетенің өре көрсеткіші - 200 бірлік, Ньютон мен Вольтер - 190 бірлік, Галилей - 185 бірлік, до Винчи 150 бірлік, Бах пен Дарвин - 140 бірлік, Коперник - 130 бірлік. Сонда бұлардың арасындағы ең данышпаны Гете екен. Ал халықтар, яғни елдер бойынша «өре өлшемі» көрсеткіші мынадай: ең жоғары көрсеткіш Гонконг - 107 бірлік, Корей елі - 106 бірлік, Жапондар - 105, Қытайлар - 104, ал орта деңгейде: Франция - 98 бірлік, Моңғолия - 98, Құрама Штаттар - 97, Ресей - 96 бірлік, төменгі көрсеткіштер: Кения - 72 бірлік, Гвинея - 69 бірлік, Эфиопия - 66 бірлік. Енді осыған қарап әлем халықтарының қайсысы қайсысына қарағанда ақылды екенін өлшеуге бола ма? Ондай тұжырым жасауға келмейтін секілді. «Өре өлшемі» көрсеткішіне қатысты қазір сын көп. Тіпті сынаушылар бұл жерде логика емес, жай ғана тапқырлық бірінші орынға шығып кететінін айтады. Ал осы ұйғарым бойынша бүгін әлемдегі ең ақылды адам деп Америка жазушысы, драматург, журналист Мэрилин вос Савант танылып отыр. Оның «өре өлшемі» көрсеткіші - 228-230 бірлікті құрайды. Бұл Гетеден де жоғары көрсеткіш. Сонда әлемдегі ең ұлы данышпан Мэрилин болып шыққаны ма? Иә, Гиннестің Рекордтар кітабы солай санайды. Ол бұл көрсеткішке небары 10 жасында ғана жеткен екен. Яғни мидың өсіп біткен шағы. Оның тегі - «Савант» француз тілінен аударғанда «білу» немесе «кемеңгер» деген ұғымды береді. Міне, «Әлемдегі ең ақылды адам» атану үшін осы «Өре өлшемі» көрсеткіші бойынша жоғары бірлік жинай алсаңыз болғаны. Еврей халқының «Ақылды болсаң, неге кедейсің?» деген мәтелі бар еді. Расында, ақылды болсақ, неге, неге, неге..........???
Ерлан ЖҮНІС http://www.aikyn.kz/
|