
Әдетте адамдар алдынан ит жүгіріп өтсе, оны жақсылыққа, ал қара мысық жүгіріп өтсе немесе ит ұлыса, оны жамандыққа жориды. Үйдің шатырына байғыз қонып, сұңқылдаса, оны кісінің ажалына көрінді деп, қатты үрейге беріледі. Осылайша өз-өзінен қорқып, шарасыздыққа салынып, психологиялық күйзелістің әсерінен паронойя дертіне шалдығатындар аз емес. Осындай ырым-нанымдарға асыл дініміз - ислам діні қалай қарайды? Жоғарыдағыдай түрлі ырым-жырымдар исламнан бұрынғы қараңғылық дәуірінде өте қатты дамыған. Исламның келуімен ғана бұған тыйым салына бастады. Жалпы, исламда не нәрсені болсын жамандыққа жоруға қатаң тыйым салынған. Яғни дінімізде жамандыққа жору деген атымен жоқ. Пайғамбарымыз жоғарыдағыдай көріністерден үрейленуді имансыздықтың бір белгісі ретінде атап көрсеткен. Сахабалар бұлайша қорқуды Аллаға серік қосу, ширк, бидағат санаған. Ал жамандыққа жоруға болмайды екен, ендеше, жақсылыққа жору ше? Пайғамбарымыз кездейсоқ оқиғалар мен тосын көріністерді жақсылыққа жоруға толықтай тыйым салмаған, қайта оның пайдасы барын айтқан. Мәселен, түске байланысты айталық. Дініміз бойынша, адам жаман, қорқынышты түс көрсе, дереу сол жақ иығына қарата үш рет түкіріп, «қуылған шайтанның шатағынан Аллаға сыйынамын» деп құдайдың құдіретіне жалбарыну керек. Тұрып дәрет алып, екі бас намаз оқыса, тіпті жақсы. Садақа берсе де қайырлы. Садақа бәледен аластатады. Бір қадап айтар нәрсе, жаман түсті ешкімге ешуақытта да айтуға болмайды. Дін бойынша солай. Қазақтың «Түс - түлкінің боғы» деп, жаман түсті елемейтіні сондықтан. Жалпы, түсті тек жақсылыққа жору керек. Жамандыққа жорыса, толқып тұрған түс жаман жаққа ауып кетеді делінеді. Қазақтың «Жақсы сөз - жарым ырыс» дейтіні осы. Кейбір адамдар түстің тілін түсінеді. Түсті жорытқанда да, осындай түстің тілін білетін, салиқалы кісілерге жорытқан жөн. Ал бір керемет түс көрдіңіз, мәселен, Пайғамбарды көрдіңіз дейік, ондай жақсы түсті де ешкімге айтпау керек, айтсаңыз қасиеті қашып кетуі әбден мүмкін. Өмірде қатты қалжыңдасатын құрдас кісілер болады. Кейде ойнағанның жөні осы деп шектен тыс асырып жібереді. «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» дейді ата-бабамыз. Мұның бәрі өмірлік тәжірибеден алынған. Сөзбен ешуақытта ойнауға болмайды. Сөздің сиқыры, энергиясы бар. Жапонның бір ғалымы екі құтыға бірдей таза табиғи су құйып, бірдей гүл еккен. Сөйтіп, бір гүлге ылғи жақсы, тәтті, қошамет сөздер айтқан да, екіншісіне ылғи балағат, лағынет сөздер айтқан. Нәтижесінде жақсы сөзге семірген гүл керемет жайқалып ашылып, суының сапалық құрамы сақталған. Ал екінші былапыт сөз естіген гүл солып, сүйкімсіз күйге түскен, суының да сапалық құрамы төмендеп кеткен. Хадис бойынша, қасиетті жұма күнінде бір сәт бар, сол сәтте не тілесеңіз де тілегіңіз қабыл болады, себебі періштелер «әумин» деп тұрады. Ал періште «әумин» десе болды, жаман сөз, теріс тілек те қабыл болып кетеді. Сондықтан ауыздан шығатын сөзге де сақ қараған жөн. Ең бастысы жөнсіз айтылған сөзді көңіліңізге алмағаныңыз дұрыс. Көңілге алғаныңыз, өзіңіз соған жол ашқаныңыз болып шығады. Дін бойынша, үзілді-кесілді кесіп айтуға болмайды. «Алла қаласа», «Құдай бұйырса» деп айту керек. Пайғамбарымыз сәбиге ат қоярда да мағыналы, мәнді есім қоюды бұйырған. Кейбір есімдерін ұнатпаған адамдардың аттарын өзгерткен. Мәселен, Әсия деген есім араб тілінде «бас көтеруші», «қарсылық білдіруші» деген мағына береді. Сондықтан Пайғамбарымыз Әсия деген есімді ұнатпай, оны Жәмила, яғни «көркем мінезді» деген мағына беретін есіммен ауыстырған. Сондай-ақ сахабалардың өрісі мен жайлауларының да атын өзгертіп берген. Әрине, айналамыздағы жоғарыдағыдай кездейсоқ оқиғалар мен тосын көріністер тектен тек бола салмайды. Өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ. «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» дейді ата-бабамыз. Табиғаттағы кез келген қимыл-қозғалыс, тіпті мәселен, сынған стақан, төгілген шай, табанға кірген шөңге болсын, оған мәнсіз деп қарауға болмайды, яғни ғайып әлемі сізге өз тілімен хабар, белгі беріп тұр. Яғни мұны «дұрыс, түзу жүр, тәубеңе кел» деген ескерту деп білген жөн. Ал мұның бәріне қиыннан қиыстырып сәуегейлік айту - діннің рухына қайшы, дін мұны хош көрмейді. Өкінішке қарай, діннің тыйым салған нәрсесіне терең мән берудің орнына, қайдағы болмайтын нәрсеге қатты мән беретініміз жаман-ақ. Қасиетті Құранда он сегіз мың ғаламдағы болған, болып жатқан және болатын оқиғалардың бәрі де қамтылыпты. Тіпті кез келген адамның қай кезде туатыны мен дүниеден қайтатын күніне дейін де Құраннан табуға болады екен. Бірақ Құран тілінің құпиясын білу сиректің сирегіне ғана жазылған. Кейде адамдар үйінде тұрған Құранның қолына түскен бетін ашып қап, сол бетте қандай сүре, қандай аят жазылғанына байланысты мәнін шығарып, өз өміріне жорамал жасап жатады. Бұл да қате. Себебі сіз Құран көтеретіндей ғұлама емессіз ғой. Сонымен, балконыңызға қарға қонып, қарқылдады дейік. Бұл бекер емес. Қарға сізге өз тілімен бірдеңе айтып тұр. Бірақ мұны ешуақытта жамандыққа жорымаңыз. Мүмкін, бұл үлкен жақсылықтың белгісі шығар, сіз оны нақты білмейсіз ғой. Сондықтан да жақсылыққа жорыңыз. Қара мысық жолыңызды қиып өтсе де солай. Қарғаны да, қара мысықты да сіздің алдыңызға әкеліп иіру шайтанның да қолынан келеді. Сізді адастырып, сеніміңізге селкеу түсіру үшін шайтан осындай астыртын әрекеттерге барады. Ал сіз оны дереу жамандыққа жорып, үрейге берілсеңіз, онда шайтанның соңынан салпақтап ергеніңіз. Соған сай шынымен де, қара мысықтан жолыңыз болмауы әбден мүмкін. Егер зер салып қарасаңыз, жүйке жүйесі бұзылған, ақыл-есі ауытқыған адамдардың, негізінен, бұрын осындай ырым-жырымға қатты мән беретін кісілер болғанын бағамдар едіңіз. Осы жайттың өзі де көп нәрседен хабардар етеді. Егер тарихқа үңілсеңіз, атақты адамдардың көбісінің өте ырымшыл болғанын байқайсыз. Мәселен, Пушкин Сенат алаңында көтеріліске шыққан декабрист достарына қосылу үшін жолға шыққанда, алдын ұзын құлақ сұр қоян кесіп өтеді. Сол екен, жәмшігіне ат арбаны кері қарай бұруды бұйырады. Орыстар осы бертінде кемел ақынды дарға асудан немесе Сібірге айдалудан аман сақтап қалғаны үшін қысық көз қоянға Михайловскіде ескерткіш орнатқан. Жалпы, Пушкин су жүрек қояннан қатты қорқып, оның ұшырасуын әрдайым жамандыққа жорыған. Жолын кескен сайын әйтеуір бір жағымсыз нәрсеге ұшырасып отырғанын хаттарында жазып қалдырған. Пушкин де - өзіміз сияқты жұмыр басты пенде. Мұның бәрін жоғарыда айтқанымызбен түсіндіруге болады. Әрине, тосын кимылдар бекер болмайтынын айттық. Мәселен, бір емес, екі емес, бір күнде қара мысық алдыңызды қайта-қайта кесе берсе, әрине, онда садақа бергеніңіз жөн. Ал білетіндер садақаның ең жақсысы, бір қара тоқтыны бауыздап, етін шикілей таратып жіберу екенін айтады. Кейде адамның дене мүшелері де өз тілімен сізге белгі береді. Мәселен, иегіңіз қышыса, бір жерден ет жейсіз дегендей. Кейбіреулер сол қабағы тартса, ренжитінін, оң қабағы тартса, қуанатынын айтады. Алақаны қышыса, «қолыма қарға тышатын болды» дейді. Сәби тоңқайып, екі бұтының астынан қараса, «қонақ келеді» дейді. Егер бір адам қайтыс болғанда, мойны қатпай жатса, ырымдап қабырғаға немесе тақтайға шеге қағады. Сол кезде мәйіттің мойны қата қалады. Егер мойны қатпаса, артынан бір бауырын ілестіре кетеді дейді. Мұның бәрі өмірлік тәжірибе бойынша расқа шығып жатады. Ал енді бір адамдар күн батқан соң ақша бермейді, берсе де жерге тастап береді. Жақын адамдарға пышақ, ит сыйламайды. Әтеш мезгілсіз шақырса, жаман ырымға балайды. Ал негізінде қораз періштені көргенде шақырады екен. Ал есек малғұнды көргенде ақырады. Екеуінде де ислам бойынша айтатын дұға сөздер бар. Кейбір адамдар сейсенбіде жолға шықпайды, жұмыс бастамайды. Сөйтіп, Алланың жаратқан күндерін алалап, құдайдың күнінің жаманы жоғын ескермейді. Өзін-өзі жамандыққа сендіру арқылы өзін-өзі тығырыққа тіреп, жағымсыздыққа душар болатынын білмейді. Сонымен, қанша жерден ырымшыл болсаңыз да, «Жақсылықтың бәрі бір Алладан, жамандықтарды да жоқ қыла алатын тек бір Алла ғана» екенін ұмытпауыңыз керек.
Төреғали ТӘШЕНОВ http://www.aikyn.kz/
|